Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда адамзатқа төнген қауіптің бірі – номофобия дерті, «no mobile phone phobia», яғни телефонсыз қалудан қорқу. Иә, интернет пен гаджеттер – адам өмірін әлдеқайда жеңілдеткені үлкен жетістік. Алайда оларды шамадан тыс қолданудың кері әсері барына бүгін көзіміз жетіп отыр.
Телефон мен интернетсіз өмірді елестете алмайтын жағдайға жеткеніміз рас. Смартфонсыз ешқандай ісіміз бітпейтін, ал әлеуметтік желілерсіз күніміз өтпейтіндей көрінеді. Телефонға түскен әр хабарламаға жалтақтап, қолымыздан тастамайтынымызды өзіміз де байқай бермейміз.
АҚШ ғалымдарының жүргізген зерттеулері мен әлеуметтік сауалнамаларының қорытындысына сенсек, дамыған елдердің әр жетінші тұрғыны номофобияға шалдыққан, яғни телефонға тәуелді көрінеді. Тәуелділік ерлерден гөрі, әйелдерде және жастар мен балаларда басым екен. Егер тәулігіне төрт сағат уақытыңызды телефон ақтарумен өткізсеңіз, бұл – номофобияға душар болғаныңыздың бір белгісі. Бұдан басқа да телефонды таба алмай жатқандағы қорқыныш пен үрейдің үдеуі, қайда болсаңыз да, қолыңыздан тастамай ұстап жүру әрі секунд сайын экранға жалтақтап қарай беру, телефонның қуаты өшіп қалуы мүмкін деген қорқыныш, сол себепті қуаттағыш құралды тастамай, үнемі алып жүру, интернетсіз немесе байланыс аясынан тыс қалу қорқынышы да тәуелділіктің белгілері екен. Көпшілік бұған «тәуелділік» дегеннен гөрі, ешкімге зияны жоқ қарапайым «әдет» деп қарауы әбден мүмкін. Алайда ғалымдардың айтуынша, бұл – денсаулыққа зияны мол, әрі психикалық ауруға ұласуы мүмкін қауіпті дерт.
Лондондағы «Кing’s college» ғалымдары оқу орнының студенттері арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізген. Онда студенттерге ұйқысының жай-күйі мен телефонды пайдалануына қатысты сұрақтар қойған. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқан 1043 студенттің 40 пайызында смартфондарға тәуелділік байқалған және олардың басым бөлігі ұйқысының бұзылғанын айтқан. Мұның себебі – смартфондар мен өзге де электронды құрылғылар адам денесінің тәуліктік ырғағын, ұйқыны реттейтін мелатонин гормонының жұмысын әлсірететін көк түсті жарық шашады. Ал ұйқы – адамның міндетті физиологиялық жағдайы екенін ескерсек, оның бұзылуы немесе ұйқысыздық салдары біздің физикалық, психикалық, эмоционалды жағдайымызға кері әсерін тигізіп, ашушаңдық пен депрессияға, әлсіздік пен күш-қайраттың, қабілеттің төмендеуіне себепші болады. Бұдан бөлек, ұйқысыздық жүрек пен өкпе ауруларына, психикалық ауытқуларға да шалдықтырады.
Гаджеттерге тәуелділіктен туындайтын аурулар туралы білесіз бе?
Мобильді құрылғылардың денсаулыққа тигізер зияны жайында сөз қозғағанда ауызға алдымен оралары – бас аурулары мен ұйқысыздық. Гаджеттердің барлығынан дерлік бөлінетін электромагнитті сәулелер бойымызға тарап, жасушалардың қалыпты жұмысы мен биологиялық процестердің қызметіне кері әсерін тигізеді. Нәтижесінде, ұйқысыздық пен бас ауруына, иммунды жүйенің бұзылуына себепші болады. Сондықтан дәрігерлер түнде мобильді құрылғыларды жатын орыннан алыс қою керектігін ескертеді.
Көру қабілетінің нашарлауы да – телефонға ұзақ телмірудің бір белгісі. Гаджетті көзге тым жақын ұстағандықтан әрі кішкентай экранға шұқшиып қарағандықтан көздің көру аясы «шектеліп», алыстан көру қабілеті әлсіреп, жақыннан көруге мүмкіндік беретін бұлшықеттер құрысады. Салдарынан миопия, яғни алыстан көре алмау ауруы, «құрғақ көз» синдромы пайда болады. Офтальмолог мамандар бұрын көбіне егде жастағы адамдарда болатын «құрғақ көз» синдромы жасарып, бүгінде жастар мен балалар арасында жиі кездесетінін айтады. Сондықтан телефон мен компьютерлерді пайдаланғанда тек экранға қарап ұзақ отыра бермей, арасында басты бұрып, айналаңызға да зер салып, көзіңізге түсетін күшті азайтуға әрекет жасау керек. Кемінде жарты сағат сайын көзіңізді жыпылықтатып отыруды ұмытпаған жөн. «Құрғақ көз» синдромы телефондағы қызыққа кіріп кетіп, көзді жыпылықтатуды естен шығарғаннан пайда болады. Одан бөлек, көзге арналған жаттығуларды жасап тұру керек.
Америкалық хиропрактик сөздік қорымызға ұзақ уақыт гаджеттерге үңіліп отырғаннан мойынның ауруын және оның салдарын сипаттайтын «Text-neck» деген термин енгізді. Бұл синдромды, яғни қолыңыздағы телефонға немесе алдыңыздағы компьютерге мойыныңызды созып, не басыңызды төмен салбыратып, еңкейіп отыруды кейде «тасбақа мойын», «компьютер мойын» деп те атайды. Ортопед-хирург Адалберт Капанджи «Буындардың физиологиясы» кітабында қызықты дерек келтіріпті. Мойынды кем дегенде 2,5 см алға жылжыту арқылы адам оған салмағы 5 кг болатын қосымша жүк артып қойғандай күш салады екен. SMS жазып, мәтін тергенде немесе ойын ойнап, әлеуметтік желілерді ақтарып отырғанда басымыздың қаншалық иіліп кеткенін де аңғармай қаламыз. Мұндай қалыпта ұзақ отыру салдарынан бұлшықетке көп күш түседі. Қан тамырларының қысылуынан бұлшықет тініне қажетті мөлшерде ауа, жасушаларына қорек жетпейді. Осылайша уақыт өте бұлшықеттер, сіңір, омыртқааралық дискілер деформацияға ұшырайды. Ал мұндай ауытқулар остеохондроз тудырады. Сыртқы күштердің әсерінен зақымданған тіндер қан тамырларын ғана емес, жүйке тамырларын да қысып тастайды. Бүкіл ағза бір-бірімен байланыста болған соң ауру сезімі иық, арқа мен қолға, басқа да беріледі. Сонымен қатар экраннан бөлінетін сәулелер бет терісінің ерте қартаюына себепші екен. Мобильді құрылғылардың денсаулыққа тигізер бұдан басқа да кері әсерлері баршылық. Ендеше, сан түрлі аурудың алдын алып, сапалы әрі саламатты өмір сүру үшін гаджеттерге тәуелділікті азайтып, оны орнымен қолданғанымыз жөн.