Кегенде картоптан басқа өнім өспейді деген ұғымды бағбаншы Берік Исаев пен Бейбітгүл Оспанова жоққа шығарды. Олай дейтініміз, Кеген ауылының тұрғындары Берік пен Бейбітгүл тұрғын үй жанына шағын бау-бақша егіп, әртүрлі жеміс ағаштарын, алма, өрік, лимон, тау қарақаты мен құлпынай өсіріп, жемісін көруде. Ауладағы шағын жылыжай жанында сан түрлі гүлдің исі жұпар шашып, ауласына көрік беріп тұрғанын да байқадық. Түймедақ, раушан, нарғызгүл, бақытгүл, астра кезең-кезеңімен гүл атып, көрген жанға қуаныш сыйлауда.
Бау-бақшаны ермек еткен ерлі-зайыптылар ерте қимылдап, кеш жататынын жасырмады. Ағаш, гүлдерді күтіп-баптау олар үшін жан рахатын сыйлайтын іс. Әрине, ол оңай шаруа емес. Бірақ, шын беріле, жан-тәнімен істеген іс қашанда нәтиже берері анық.
Бұл кәсіппен айналысуына Беріктің зейнетке ерте шығуы себеп болған. Ол кезінде Кеген аудандық ІІБ-нің күзет бөлімінде патрульдік полиция тобының инспекторы қызметін атқарды. Мамандығын сүйе білген полицей қызметте тек өнегелі істерімен көрінді. Ерлік жасаған сәттері де болды. Соның нәтижесінде «Ерен ерлігі үшін» медалін кеудесіне жарқырата тақты. Бүгінгі таңда сол бейнетінің зейнетін көріп, «полиция ардагері» атанып отыр. Ал зайыбы Бейбітгүл Оспанова – Кеген аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекші маманы. Бір мекемеде отыз жылдан аса еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған, ұжымында ерекше құрметке бөленген қызметкер деуге болады. Мемлекеттік жұмысты қатар ала жүріп, бау-бақшамен айналысуға уақыт табатын Бейбіткүл де өте еңбекқор әрі агрономия саласын бір кісідей жетік білетін жан.
Беріктің сөзіне қарағанда, биылғы ылғалдың артық мөлшерде түсуіне орай жеміс ағаштары жылдағыдан көп өнім беруде. Бағбаншы жерге түскен әрбір дән ырыздық екенін алға тартады. Біз де өнегелі отбасының ісі алға баса беруін тіледік.
Нұрболат Тастанқұлов,
Кеген ауданы