Қашан көрсең де тынымсыз ізденіс үстінде жүретін, қол қусырып, «болмай қалды», «жоқ» деген сөзді аузынан бір естімеген Тимур есімді бір жігіт бар. Оның қандай кәсіппен айналысып жатқанынан хабардар болу үшін Ұйғыр ауданындағы тау бөктерінде орналасқан Ават ауылына жолға шықтық. Ақжарқын жігіт бірден шаруашылық басына бастады. Аса мақтанып, өзін көрсетуге шебер еместігін де байқадық. Тек бәрі де еңбекпен келетін дүние екенін ғана айтты.
Ават ауылының тумасы Тимур Құрбанов бала кезден малға, бау-бақшаға жақын болып өседі. Отбасындағы үш ұлдың үлкені Тимур басқалардан осынысымен ерек еді. Өйткені ата-анасы да бұл саладан алыстау болатын. Десе де әкесі Тоқтаржан аға 2013 жылы «А.Тимур» шаруа қожалығын ашады. Әу бастан-ақ болатын баласының бетін қақпай, белін буып, қожалықтың атын да ұлымен аттас етіп, зор сенім артқан. Екі гектар жер алып, әртүрлі ұсақ-түйекпен шұғылданады. 2017 жылы шаруа қожалығын түбегейлі өз міндетіне алып, Тимур төраға болып тағайындалған соң 1 гектар жерге өрік отырғызады. Бастаған істің бірден жүре қоюы да екіталай ғой. Тимур сол жылы отырғызған көшеттері өспей, амалсыз қыруар қаражатқа алынған жас шыбықтарды қайта жұлуға тура келгенін айтты. «Адам қателік жасап, көп нәрсе үйренеді екен. Алғашқы жылы көшеттерімнің өнбей қалғаны, қаншама еңбектің зая кеткені мені кәдімгідей қажытты. Бірақ тәуекел еткен соң, ары қарай да талпынып көруге бел байладым. Бүгінде нәтижесі жаман емес», – деп бізге алғашқы жұмыс бастаған жылдардағы қиындықтардың бүгінде артта қалғанын айтып берді.
Бүгінде «А.Тимур» шаруа қожалығының еншісінде 130 гектар жер бар. Оның 45 гектары – суармалы егістік. Оған жоңышқа, беде егеді. Ал 22 гектар аумаққа абрикос бағын, екі гектар жерге алма бағын отырғызған. Бүгінде баптап, күтудің нәтижесінде бау-бақшасы жайқалып өсіп тұр. Жыл сайынғы несібесін де алып отыр. Өздеріне қажетті техникаларға да қол жеткізді. Трактор, пішен жинағыш (пресс-подборщик), өздігінен жүріп шөп шабатын машинкалар алып, кәсібін алға жылжытты. Бұл техникалар ауыл тұрғындары үшін де қолайлы болды. Басқа ауылдардан техника жалдаса, бағасы қымбат шығады. Ал Тимур ауылдастары үшін көмек қолын созудан еш жалықпаған. Қолжетімді бағада ауыл азаматтарының қажетіне жарап келеді. Ауыл тұрғындары да осындай кәсіпкер жігіттің әр ісіне сәттілік тілеп, алғысын жаудырғаннан өзге тілегі жоқ.
2017 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 8,2 млн жеңілдетілген несие алады. Оған сүтті бағыттағы ірі қара алып, тағы бір істің басын бастайды. Бұл ісі де өз жемісін береді. Бір өкініштісі, ауылды жер болса да сиыр сауып, оның өнімдерін жасайтын жұмыс қолы жетпейді. Тимурдың айтуынша, көп жағдайда жұмыс күшінің жоқтығы біршама іске қолбайлау. Осының анық бір дәлелі Тимурдың сауын сиырлары бүгінде сауылмай, жайлауда жүр. Сондықтан ол болашақта етті бағыттағы мал санын арттырып, ірі қара бордақылауды қолға алсам деген ойда. Ол ойын жүзеге асыруды да бастап кеткен. Жанындағы жолдастарымен бірлесе ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, 100 бас асыл тұқымды Санта-Гертруда сиырын сатып алып келді. Төрт бас бірінші категориялы бұқаны да алды. Кемі 500-600 кг өнім беретін Санта-Гертруда тұқымын көбейтіп, аудан тұрғындарына таза, табиғи өнімді ұсынуды көздеп отыр. Осы кооператив есебінен лизингке комбайн алу үшін өтінім беріп, бүгінгі таңда бастамасы мақұлданған. Алдағы уақытта комбайн алып келсе, көп шаруасы тағы шешілмек.
Бір ғана ауыл шаруашылығы саласымен шектелмеген Тимур жолдасы Зарина екеуі Ават ауылында балабақша ашуды қолға алады. Осылайша бірнеше жыл бұрын «Балапан» бағдарламасы аясында 75 орынды балалар бақшасын ашады. Ол жерде бүгінде 75 бала тәрбиеленіп, 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Төрт баланың анасы Зарина да қол қусырып отыруды жөн көрмейтін жан. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген жарының бір жағынан қолдау көрсетейін деп осы кәсіпті ашуға ниетін білдірген. Тимур да бірден келісе кетеді. Бұл істерінде де мемлекеттің қолдауы көп көмек тигізген. Ават ауылынның бүлдіршіндерін тәрбиелеп, мектепке даярлауда «Тамерлан» бақшасы бүгінде үлкен үлес қосуда.
Шаруа қожалығында тұрақты жұмыспен 4 азамат қамтылған. Сонымен қатар көктемгі, күзгі жиын-терін кезінде 15-20 адам, ал абрикос жинау науқанында 100 адамға дейін жұмыспен қамтылады. Бәрі де – ауыл азаматтары.
Тимурдың еріксіз бірнеше кәсіптің басын қайырып жүргеніне таңғаласыз. Тіпті осымен тоқтап қалуды да ойламайды. Алдағы уақытта жуырда алған 28 гектар жерінде балық шаруашылығын дамытсам деген ниетте. Сөз арасында бұл істі де бастап кеткенін айтып қалды. Тіпті өткен жылы барлық деңгейлі мәслихаттар сайлауында Тимур Құрбанов Ават ауылынан аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған. Ел өз азаматына зор сенім артты. Өйткені Тимурдың халықтың жағдайын білетініне, олармен тығыз байланыс орнататынына, елдің сөзін сөйлейтін ер екендігіне сенген. Сол сенімге селкеу түсірмеу жолында да Тимур ұдайы тер төгіп келеді. Өз ауылының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, кез келген есікті қағып, халықтың жайын айтудан да еш жалыққан емес.
Осының бәріне қалай үлгеріп жүр деген сауал еріксіз ойға оралады. Бұған да Тимур қысқа ғана: «Адам баласы еңбектенемін десе, кәсіп қыламын десе, кез келген дүние орнымен болады. Әрі оған уақыт та табылады. Еңбексіз ештеңе де өнбейді», – деп жауап берді. Өзінің әр ісінде қолдау білдіріп, батасын беріп, тілеуін тілеп отыратын ата-анасын қорғанындай сезінеді. «Олардың маған сенімі – үлкен күш. Барлығына өз күшіммен жететініме сеніп, қолдау білдіріп отырады. Ата-анам – менің артымдағы қамалым, тіреуім. Солардың батасы мені осынша жетістікке жеткізді», – деп те ағынан жарылды.
Иә, бір емес, екі бірдей жоғары оқу орнын тамамдап, білімділігімен де биіктерді бағындыруға қауқары бола тұра, ауылда, ата-ананың қасында қалып, атакәсіпті жанына жақын тұтқан Тимур Тоқтаржанұлының еңбегі мен жеткен жетістігі кез келген жанға үлгі. Отызда орда бұзған, қырыққа келмей қамал алып жатқан азаматтың әлі де алға қойған арман-мақсаты орасан. Ол сол жолда аянбай әлі де тер төгуге дайын. Өзі тәрбиелеп отырған үш ұлы мен қызына еңбек нанының тәтті болатынын айтудан бір сәт те жалыққан емес. Өйткені еңбек – адамның басты тәрбиешісі.
Анар Дүйскенбайқызы,
Ұйғыр ауданы