Қазақ халқының ежелден келе жатқан өнерінің бірі – зергерлік. Ол – тамыры өте терең, ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мәдениетінің көркем саласы. Табиғат берген тума қабілеті бар адамдарға ғана қонатын бұл өнерді бабаларымыз о бастан киелі де қасиетті деп санаған. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, оның атадан балаға, ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын өзіндік сыры да бар. Сондай-ақ бұл – халықтың тарихи болмыс-бітімі, дәстүрлі дүниетанымы, салт-дәстүрімен бірге дамып отыратын қастерлі кәсіп.
Серікхан Мәдіғалиев – қазақ халқының зергерлік өнерін қайта жаңғыртуды мақсат тұтып, оны абыроймен атқарып келе жатқан жан. Бүгінгі күні ол осы саладағы майталман маман ғана емес, сонымен бірге жас ұрпаққа киелі өнердің сан алуан қыр-сырын үйретіп, лайықты ізбасарлар дайындап келе жатқан ұстаз. Бар ғұмырын осы кәсіпке арнап келе жатқан зергердің айтуынша, өз ісін жан-тәнімен сүйетін, барлық күш-қайратын ұрпақ тәрбиесіне бағыттап, оны ғылым мен білімнің жаңа жетістіктерімен ұштастыра алған адам ғана жетістікке жетеді.
Педагогикалық қызметін 1977 жылы мектепте мұғалімдіктен бастаған Серікхан Мәдіғалиев қазір Талғар ауданы Кеңдала ауылындағы «Алақай» көркемөнер мектебінде оқытушы. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркем-графика факультетін бітірген. Институтты бітірген соң сол кездегі тәртіп бойынша жолдамамен Көкшетау қаласындағы педагогикалық институтқа жұмысқа барады. Онда жетекші маман ретінде өнер факультетін ашу бағытында көп жұмыс атқарады. Студенттерді қолөнерге қызықтыра отырып, шығармашылықтарын шыңдайды. Соның арқасында бірнеше жыл өтпей-ақ шәкірттері Семейде өткен республикалық байқауда 1-орынды жеңіп алады. Ізденімпаз оқытушының педагогикалық қызметтегі табыстарын жоғары бағалаған Зеренді аудандық білім бөлімі мектеп директоры қызметіне шақырып, ол бұл жерде де жемісті қызмет атқарады. Сөйтіп, білім саласында 20 жылдан аса басшылық қызмет істеген ол бүгінде таза оқытушылық жұмысқа ауысып, студенттер мен оқушыларды зергерлік өнерге баулып жүр.
Серікхан Қожаханұлының шәкірттері де түрлі байқауда жеңімпаз атанып, соңғы жиырма жылда өңірлік және халықаралық көрмелерде бас жүлдені қолдан берген емес. Оның өзіндік сыры бар. Зергерлік өнерді жақсы меңгеріп, педагогикалық қызметте әбден ысылған білікті маман үнемі ізденіп, өз ісінде ғылым мен техниканың жетістіктерін қолданады. Ең бастысы, шәкірттерінің бойына өз кәсібіне, еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімдерін сіңіреді. Туған халқының ежелгі салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін терең зерттеп, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, оларды шәкірттеріне ерінбей, жалықпай үйретеді. Бұл ретте Серікхан Қожаханұлы:
– Оқытушы өз мамандығы бойынша ғылыми-теориялық мәселелерді терең түсініп, балаларды заманауи талаптарға сәйкес, кез келген жағдайда нарықтың қыспағы мен жаһандық бәсекелестікке қарсы тұра алатындай дәрежеде оқытуы тиіс. Қазақ халқының зергерлік өнері – оның тұрмыс-тіршілігінің маңызды саласы. Сондықтан жас ұрпаққа бұл өнерді үйретіп, ары қарай да үзіліп қалмай, жалғаса беруі үшін қызмет етуіміз керек. Балаларды тек әшекей заттарды жасауға ғана емес, жұмыс барысында қолданылатын құралдарды да өздері жасап үйренуіне талпындыруымыз қажет. Бұл тұрғыдағы ойымды республикалық мұғалімдер басылымда «Менің қазақ қоғамына деген көзқарасым» тақырыбымен жарияланған мақаламда егжей-тегжейлі айттым. Ол еліміздің педагогикалық қауымдастығында үлкен қызығушылық тудырды, – дейді.
Тәжірибелі педагог әлемнің дамыған елдерінің жетістіктерін сараптай отырып, осы мақала негізінде «Қазақстанның болашақ мектебі» жобасын жасайды. Ол жоба 2002 жылы Астанада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жарияланып, сол жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Құрмет грамотасымен марапатталады, ал Серікхан Мәдіғалиевке «Зияткерлік меншік иесі» арнайы сертификаты тапсырылады. Қазақстандық ағартушы сонымен бірге Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, жоғары бағаға ие болған көптеген зергерлік жұмыстың авторы.
Зергерлік өнердің шыңына жеткен хас шебердің зерттеу және шығармашылық жобаларын санап шығу мүмкін емес. Оның «Көркем еңбек» журналы жанындағы зияткерлер кеңесіне мүше болып қабылдануы да сол орасан еңбегінің арқасы. Шығармашылық жетістіктері үшін берілген жеке марапаттарының да санына жету қиын. 2017 жылы «Жылдың үздік мұғалімі» атанып, білім саласындағы жарқын еңбегі үшін «Ұлағатты ұстаз» белгісімен марапатталса, 2017-2018 жылдың қорытындысы бойынша Талғар қаласындағы №3 Абай атындағы орта мектептің мұғалімі ретінде тұңғыш республикалық мұғалімдер энциклопедиясына еніп, «Ыбырай Алтынсарин» медалі, «Ұлт жанашыры» төсбелгісін кеудесіне тақты. Ол сондай-ақ «Педагогика саласының үздік қызметкері», «Қазақстанның білім беру ісінің қайраткері», «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атақтарының иесі. Қоғам өміріне қосқан ерекше үлесі үшін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» төсбелгісімен және дипломымен марапатталған.
Серікхан Қожаханұлы 2014 жылы Ресейдің Алтай өлкесі, Барнаул қаласында өткен Халықаралық педагогикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, «Мектепте қазақтың ұлттық зергерлік өнерін оқыту» тақырыбында шеберлік сыныбын да сәтті өткізеді. Сол жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы облыстық филиалы әйгілі қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің 110 жылдығына орай кескіндеме, кестелеу және технология пәні оқытушыларының арасында өткізген байқаудың бас жүлдесін жеңіп алады.
2020 жылы әлемде екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150, Абайдың 175 жылдығы құрметіне көркем еңбек пәні оқытушыларының арасында «Бабалар қазынасы» атты республикалық көрме ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 130 мұғалімнің еңбегі енгізілген «Бабалар аманаты» кітабы баспадан шықты. Оның алғысөзін жазу құрметі Серікхан Мәдіғалиевке бұйырды. Ал 2021 жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, аңыз ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай өткен көрме нәтижесінде 140 оқытушының жұмысы іріктеліп, екінші кітап басылды. Оның да кіріспесін Серікхан Қожаханұлы жазып шықты. Сол жылы «Мың бояулы әлем: қазақтың ұлттық бейнелеу және қолданбалы өнері» атты халықаралық байқау өтіп, оған шәкірті Тимур Афанасьевпен бірге қатысқан зергер екі аталымда да жеңімпаз атанды.
– Талғар ауданы оқушыларының білім саласындағы жетістіктері аз емес. Біздің 112 шәкіртіміз республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанды, соның ішінде 40 оқушы бас жүлде иеленсе, Илья Егоров «Жас дарын», ал Арыстан Қайсаров, Іскендір Сұлтанов, Абдулхамит Назарқожа «Жылдың үздік оқушысы» медалімен марапатталып, ақшалай сыйлық және «iPhone» телефондарын алды. 2021 жылы Данияр Байғазин, Ақнұр Ерболат, Әлия Талқанбаева есімді үш оқушымыз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен «Қазақстанның керемет асыл заттары» байқауына қатысып, медаль және дипломмен марапатталды. Олардың еңбектері таңдамалы шығармалар жинағына енді. Тимур Афанасьев 16 рет Гран-при иегері атанса, 2022 жылы Бекзат Бекжанмен бірге өздерінің жас тобында республикалық және халықаралық байқауларда 5 рет қатарынан бас жүлде иеленді. Әрине, мұнда оқушылардың қарым-қабілеті, дарынына қоса, оларды зергерлік өнерге баулып жүрген оқытушылардың да орасан еңбегі бар, – дейді аудан оқушыларының жетістіктерін аса мақтанышпен әңгімелеген әйгілі зергер Серікхан Қожаханұлы.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Ал ұстаз шәкірттерімен ұзақ жасайтыны анық. Ендеше, дарыны мен зейініне қоса зергерлік өнерді меңгерген шәкірті көп ардагер ұстаздың да ұзақ жасайтынына күмән жоқ!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы