Алматы облысының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымның төрағалығымен өткен басқосуға комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері және бейнебайланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметованың «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарына жүгінген аз қамтылған және өмірлік қиын жағдайға түскен отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту және қолдау көрсету жайлы баяндамасы тыңдалды.
– Былтырдан бастап Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар, Іле аудандары мен Қонаев қаласында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан 3 914 адам тіркеліп, 1 518 адам құқықтық-әдістемелік, 1 231 адам психологиялық көмек алды. 519 адам базалық тренингтер мен курстарға қатысты. Орталықтарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Кәмелет жасына толмағандар және оларға жасалған қылмыстарға қатысты 2 отбасы, 6 бала психологиялық, медициналық, әлеуметтік, заңгерлік көмек алды.
Биыл Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидалары» бекітілді. Соған сәйкес отбасын қолдау орталықтары өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау және қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильді топтардың жұмысын ұйымдастырады. Аудандарда мобильді топтар құрылып, құрамына әлеуметтік сала мамандары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер, психологтар, учаскелік медбикелер, учаскелік полиция инспекторлары, ауылдық округ мамандары кірді, – деген басқарма басшысы уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларын мобильді топ жұмысына жәрдемдесуге және ауылдық округ әкімдерін тұрмыс жағдайы төмен, қиын жағдайға тап болған отбасылар туралы ақпаратты «Жанұя» отбасын қолдау орталығына уақытылы хабарлауға шақырды.
Өз кезегінде облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мұрат Қалиасқаров сөз алып, 7 айдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың қолымен жасалған қылмыс пен оның алдын алу бағытында атқарылған істер жайын баяндады.
– Жыл басынан бері білім беру мекемелерінде құқықтық тақырыпта 950 дәріс оқылып, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланды. Ата-аналық міндетін орындамағаны үшін, түнгі уақытта үйден тыс жерде ата-ананың немесе заңды өкілінсіз жүрген, алкогольді және темекі өнімдерін 21 жасқа толмаған жастарға сатқаны үшін әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталды. 158 жасөспірім және 252 қолайсыз отбасы анықталып, ішкі істер органдарының есебіне қойылып, олармен профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Көңіл көтеретін орындар мен көшелерде рейдтік және «Мектеп, көше, жанұя», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты іс-шаралар өткізілді. Күнделікті жедел ақпараттарға жүргізілген талдауға сәйкес, 7 айда облыс аумағында жасөспірімдер қолымен 51қылмыс жасалған. Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле аудандарында кәмелетке толмағандар қылмысы артқаны байқалады. Полиция департаменті тарапынан кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыс ұдайы жүргізіледі және қатаң бақылауға алынған, – деді Мұрат Мейрамғалиұлы.
Одан кейін сөз кезегі облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваға берілді.
– Облыс аумағында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс белсенді жүргізілуде. Аталған санаттағы балалардың жалпы саны – 1768. Қазіргі кезде қорғаншылықта – 1380, патронаттық тәрбиеде – 56 бала, қабылдап алушы отбасында – 15, отбасы түріндегі балалар үйінде – 44, арнаулы қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығында 74 жеткіншек бар. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мекемелерінде 23 бала оқуын жалғастыруда. Бүгінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер арасынан 1679 бала баспана кезегінде тұр. Былтырдан бері өмірдің қиын жағдайына тап болған 241 бала анықталды. Оның 63 пайызы отбасылық тәрбиеге берілді. Тағы 57 бала арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы немесе балалар үйлеріне қоныстанды.
Облыста 3 жекеменшік балалар үйі бар. Олар – «Ковчег» өмірде қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды қолдау орталығы, «Солнышко» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы, «Нұр» жекеменшік отбасылық балалар үйі. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен облыстық мамандырылған балалар үйі қызмет атқарады. Білім бөлімдері жанынан кәмелетке толмағандар арасында келеңсіз жағдайлардың туындау себебін жедел анықтау, психологиялық кеңес көрсететін жұмыс тобы құрылған. Панасыз, қараусыз қалған балаларды анықтау мақсатында облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиямен бірлесіп, дағдарыс картасы әзірленді. Өмірлік қиын жағдайда жүрген 128 отбасы ерекше бақылауда, 3818 бала өгей ата-анасымен тұрады. Жұмыс топтары осы отбасылардағы балалардың тұрмыстық жағдайын тексеру бойынша 1700-ден аса рейдтік іс-шара өткізді. Тұрғын үй кезегінде «жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша 4 651 азамат тіркелген. 20 баланы кезекке қою жұмысы жүргізілуде. Соңғы үш жылда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 86 пәтер берілді. Биыл жалға берілетін үйлерден 69 пәтер бөлу жоспарлануда. Іле ауданында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жалға берілетін тұрғын үйден 11 балаға кілт табысталды. Облыстық арнаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж балаларды қолдау орталығының 139 тәрбиеленушісі тұрғын үй кезегінде тұр. Жамбыл ауданында бір балаға демеушілер тарапынан бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Үкіметтің 2023 жылғы № 265 қаулысына сәйкес, республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтарына 280 пәтер сатып алуға 2,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Биыл 315 пәтер сатып алу жоспарланып отыр, – деді Салтанат Дауысбекқызы.
Келесі кезекте облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Ермек Қаженов «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар бейнебайланыс арқылы аудан әкімдерінің орынбасарлары күн тәртібіндегі мәселелер жайында баяндама жасады. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қорытындылады.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы