Техниканың дамыған заманында қоғамға күн сайын түрлі жаңалықтар енуде. Солардың бірі – өмірімізге дендеп енген мобилография саласы.
Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартыңа дейін ұялы телефонға байланған. 20 миллион тұрғыны бар Қазақстанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 25,2 млн ұялы байланыс абоненті тіркелген екен. Осы цифрдың өзі сымсыз байланыстың әрбіріміздің өмірімізде ажырамас бөлшекке айналғанын көрсетсе керек. Қазір жас-кәріміз сол телефоннан айырылмаймыз. Әлеуметтік желіні ақтарып, түрлі бейнежазбаларды тамашалап отырамыз. Сол бейнені түсірген мобилографтардың кәсібилігіне таңғалысып жатамыз.
Жуырда бір мобилограф азаматпен әңгімелесіп қалдық. Жат та кеп өзінің жұмысын мақтап жатыр. Сосын қарап отырмай, осының ең болмаса бес пайдасын атап беріңізші, мен сізге он қарсы пікір айтайын дедім. Әлгі мобилографым не айтарын білмей біраз састы. Сосын тұрып: «Біріншіден түсірген видеоңды тез жариялауға мүмкіндік бар, – деді. Ұзақ үнсіздік. «Бастықпен бірге жүресің. Сені көп адам таниды». Осымен тәмам.
Иә, қазіргі жастар оңай ақша табудың жолын іздейді. Жеңілдің асты, ауырдың үстінде жүруді қалайды. Әрине, заманның ағымына қарай ол да керек шығар. Бірақ онсыз да газет пен журнал оқымайтын, кітапты ашпайтын жас буын үшін мобилография – нағыз мақұрымдыққа жетелейтін жол. Себебі ол жерде ақпарат беру үшін ізденудің қажеттігі жоқ. Сарылып мәлімет іздеп, дерек пен дәйекке үңіліп те керек емес. Ол үшін тіпті бір жанмен сөйлесудің де қажеттігі шамалы. Өйткені алдыңдағы болып жатқан дүниені телефоныңа түсіресің, оны монтаждайсың, таратасың. Ең болмаса жиындарда көтерілетін проблемалар жайлы да бас қатыру аса қажет емес. Әрі осы үшін қыруар қаржы сұрайды. Хош делік.
Адам күн сайын ең болмаса газеттің бетін ашып, бірер мақала немесе кітап оқымаса ол тұралап қалады. Дамымайды. Кері кетеді. Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, ол өзінің қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті!» – деген екен. Онсыз да рухани жұтаңдықтан арылу үшін жас буынды газет пен кітап оқуға тарта алмай жатқанда, мобилография жастардың ойлауын таяздандырып барады. Онымен қоса сағаттар бойы ұялы телефонның бетіне үңіліп отырудың өзі адам денсаулығына қаншама зиян?
Қалай десек те қазіргі кездегі трендке айналған мобилограф «мамандығын» игеруші жастар саны көбейген. Тіпті «тас лақтырсаң» мобилографқа тиетін уақыт болған секілді Олардың бірі мейрамханалардағы тағамдарды тәбетіңді ашатындай етіп бейнелесе, енді бірі киім-кешекті сатып алғың келетіндей-ақ түсіреді. Десе де, трендте жүрген «мамандықтың» болашағы бар ма, жоқ па – осы тұсы белгісіз. Қазір сұраныста болғанымен, «жарқ» еткен дүниенің тез сөніп қалатыны тағы бар. Ал сіздің ойыңызша, мобилографияның ертеңі қандай? Ол қаншалықты пайдалы? «Кітапқа құмартпайтын ұлт – бақытсыз ұлт, кітап оқымайтын ұлт – бейшара ұлт» саналмақ. Мобилографияның майталманы боламыз деп бейшара ұлтқа айналып кетпесек болғаны.
Біздікі – ой тастау ғана. Ары қарайғысын уақыт – төреші өзі таразылары сөзсіз. Ең бастысы, қандай жаңа мамандық болсын, біліммен игерсе, газет, кітап оқу мәдениетіне көлеңке түсірмей, кәсібилікпен өз саласын жүргізсе деген ой-ұсынымыз ескерусіз қалмаса екен.
Анар Дүйсенбайқызы