Қарасай ауданы Көктоған ауылында тігіншілікті отбасылық кәсіпке айналдырған қарапайым жандар тұрады. Гаухар Ноғайбаеваның бастамасымен құрылған тігін цехы бүгінде мемлекеттік бағдарламаның көмегімен өркен жайып, ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Мектеп бітіргеннен кейін Гаухар қатарластарынан қалмай, Алматы технологиялық университетіне түсіп, есепші-аудит мамандығын меңгеріп шыққан болатын. Екі жыл мамандығы бойынша еңбек еткеннен кейін бала кезінен жанына жақын тігіншілік өнерді қолға алады.
– Өткен жазда мен Қарасай ауданындағы қызметтік орталыққа хабарласып, өз кәсібін ашуға ұмтылған жастар үшін қандай қолдау қарастырылғанын сұраған едім, – дейді Гаухар Төлеубекқызы. – Осылайша 2023 жылдың тамыз айында 2,5 пайыздық өсіммен 5 миллион теңге жеңілдетілген несие алуға қол жеткіздім. Оған өндірістік тігін машиналары мен қажетті маталар сатып алдық. Бұл бізге жұмысымызды жеңілдетіп, сапалы әрі түрлі ассортиментпен өнім шығаруға мүмкіндік берді. Сол орталық бағдарлама бойынша менің цехыма ауылдастарымның жұмысқа орналасуына да жәрдем жасады. Осылайша жұмысымызды жалғастырудамыз.
Айта кетерлігі, бұл отбасылық кәсіпті жолға қоюға тігіншілік өнерді жете меңгерген Гаухардың анасы – Нұрбибі апайдың ықпалы зор болған екен. Себебі, тігін тігуге деген құштарлық бала кезінен анасынан көрген тәлімі арқылы бойына дарығаны ақиқат.
Нұрбибі апай бір кездері Алматы қаласында орналасқан «Қазақстан» тігін фабрикасында жеті жыл еңбек еткен болатын. Міне, сол кездері жекеменшік ателье ашсам деген ой санасына сіңісіп қалса керек. Қызы Гаухар тігін цехын ашу жөнінде ойын білдіргенде бірден қолдағаны да сондықтан. Ал, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие олардың арманын жүзеге асыруға мүмкіндік берген.
Отбасылық бизнеске Нұрбибі апайдың келіні Нұршат та қосылса, ауылдастары – Зәуре Майкөтова, Гүлнар Байниязова, Ләйлә Шаханова бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан.
– Біз негізінен тапсырыс бойынша жұмыс істеп келеміз, – дейді Гаухар Төлеубекқызы. – Тапсырыстар біздің өнімдермен танысып үлгерген кәсіпорын, мекемелерден көптеп түсуде. Жұртшылықтың біздің тауарымызға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. Соңғы уақытта терезе перделеріне деген сұраныс жоғары. Ол түсінікті де, себебі, ауыл-аймағымызда жаңа үйлер көптеп салынып жатыр емес пе? Келушілерге жеңілдіктер жасап, өлшеу жұмыстарын тегін жүргіземіз. Сонымен қатар перделердің дизайнын көрсетіп, матаны таңдауға да кеңес береміз.
Киімге тапсырыс беретіндердің де қатары көп. Әсіресе, қазақтың ұлттық киімдері – камзол мен шапанға сұраныс қай кезде де жоғары. Қалыңдыққа арналған төсек-орынның көрпе-жастығы – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Егер сұраныс болып жатса мектеп формасын да тігуге дайынбыз. Мысалы, бір айда 600 формаға дейін тігіп беруге шамамызжетеді. Бұл ауылдастарымыздың мектеп киімін іздеп алысқа сабылмауына мүмкіндік берер еді. Мұның сыртында тігін өнерін үйренемін деушілерге шеберлік сағатын өткізіп, мамандықтың қыр-сырын үйретуге қашанда әзірміз. Бұл жерде анамның тәжірибесі мен білігі көмекке келетінін айта кету керек, – дейді кәсіпкер.
Әзірге Ноғайбаевтардың тігін цехы өздеріне қажетті маталарды «Барахолка» атанып кеткен сауда кешенінен сатып алады. Ал, алдағы уақытта шет елдік аса сапалы материалдарды қолдануды жоспарлап отыр.
Отбасы мүшелерінің еңбекке деген құштарлығы ата-аналарының өнегесінен берілгені айтпаса да түсінікті. Анасы, әлгінде айтқандай, саналы ғұмырын тігіншілікке арнаса, әкелері Төлеубек – Алғабас-2 жылу электр сансасында жұмыс істеген екен. Олардың төрт баласы да өз кәсіптерін ашып, отандық өнім өндіруді жолға қойған. Бүгінде 11 немере тәрбиелеп отырған қадірлі жандар ұрпағының адал еңбекпен тіршілік жасап жүргендеріне тәубе етеді.
Атап айтқанда, үлкен ұлдары – Қуаныш Іле ауданында техникалық қызмет көрсету орталығының (ТЖО) жұмысын жолға қойса, екінші ұлдары – Сұлтан Көктоған ауылында мал шаруашылығымен айналысады. Оның қарауында бүгінде төрт түлік түлеп өсуде. Осы Елтай ауылдық округінің Береке ауылында тұратын қыздары Гүлнар өз қаражатына сұлулық салонын ашып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Ал үйдің кенжесі Гаухар отбасы мүшелерінің қолдауымен тігін цехын ашып, өндірісті өркендетіп келеді.
Жақында ғана Гаухар Оңтүстік Кореяға барып, жаңа техологиялар көрмесіне қатысып келді. Ол жерде аяқ киім тігетін техникамен танысып, тағы бір арманның жетегінде қайтқаны бар. Сонымен қатар болашақта шет елдің озық технологиясын пайдалана отырып, сапалы әрі әдемі киімдер өндіруді жоспарлап қойыпты. Бір сөзбен айтқанда, алдыға ұмтылуға, дамуға деген мақсаты жоғары.
– Былтыр аудандық қызметтік орталыққа барып, ондағы бағдарламалар жайлы білгеннен кейін бізде жастардың өз кәсіптерін ашуға деген мүмкіндіктердің мол екеніне көз жеткіздім, – дейді Гаухар Төлеубекқызы. – Мұнда мемлекеттік бағдарламалар арқылы арнайы гранттар, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер алуға әбден болады. Ол үшін ең алдымен және бастысы – жастардың өзінде еңбек етуге, кәсіп меңгеруге деген талпыныс болуы керек. Бұл үшін тек алғашқы қадам жасаудан қорықпау керек!
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы