Суға түсу маусымында ескеретін басты жайт – қауіпсіздік шаралары. Осы орайда Қапшағай су қоймасын патрульдейтін төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері белсенді жұмыс атқаруда. Өз ісінің адалдығы мен демалушылардың амандығын бақылайтын азаматтар күнделікті рейдтік шаралар жүргізіп, суға түсу барысындағы қауіпсіздік шарттарын ескертіп, ережелермен таныстыруда. Жазғы демалыс уақытында көл маңайына келетіндердің көптігі соншалық, тек қана күндізгі емес, түнгі уақытта да суға түсетіндер саны біршама. Тыйым салынған уақытта суға түскендерге тосқауыл қою үшін құтқарушы мамандардың жұмысы тым қауырт. Түнгі уақытта да арнайы рейдтерге шығып, қауіп пен қатердің алдын алады. Сондай бір рейдтік іс-шараларға бір топ тілшілер барып, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жағажайдағы жұмысымен танысып қайтты.
Рейдтік іс-шараларға төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімінің әскери қызметкерлері мен Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, сондай-ақ еріктілер де тартылған. Қауіпсіздік ережелері туралы хабарлайтын кіріктірілген динамиктерді қолдану арқылы түнде суға түскендерге ескерту жасалып, тіпті айыппұл да салынады. Бұл жөнінде журналистермен бірге жүрген облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, аға лейтенант Дидар Асқарбекұлы айтып өтті. Маманның айтуынша, жыл басынан бері облыстағы су қоймаларында 12 адам өлімі тіркелген. Оның барлығы ересектер.
– Аймақтағы су қоймаларда орын алатын қайғылы оқиғалардың санын азайту үшін департамент рұқсат етілген орындарда (демалыс орындарында) сегіз адам өлімі тіркелгендіктен, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды қоса алғанда, кешенді шаралар қабылдауда. Суға түсу маусымы басталғалы жағажайды ұйымдастыру кезінде су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін төрт заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиғаларға жедел ден қою үшін 30 кеме (бір ұшқыш, екі қайық, отызға жуық қайық) және 45 дана сүңгуір техникасы мен құралдары дабыл қағуға қойылды. Сондай-ақ департаменттің құтқару бөлімшелерінің базасында облыстағы жеке және коммуналдық жағажайлардың қоғамдық құтқарушыларын оқыту тұрақты түрде жүргізілуде, – деп бүгінгі таңда 137 адам оқытылудан өткенін алға тартты. Департамент өкілі адамдардың қауіпсіздік ережелерін бұзу мас күйінде орын алатынын, тіпті кейде құтқарушылардың өздері де оқыс оқиғалардан жарақаттанатынын жеткізді. Құтқарушылардың бірі Дмитрий Иванов журналистерге құтқарушылар жұмысының қиындығын әңгімелеп, оқыс оқиға кезінде жедел әрекет ету қажеттігін айтты.
– Жақында біз ішімдік ішіп, көлдің терең жеріне шомылған 35 жастағы ер адамды құтқардық. Құтқарушылар дер кезінде әрекет етіп, құтқару құралын лақтырып, жағаға шығарды. Артынша оған айыппұл салып, екінші олай қайталамау қажеттігі ескертілді, – деп сөзін жалғады.
Тілшілер қатысқан түнгі рейд барысында тепловизор және дауыс зорайтқышы бар ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылды. Қалалық жағажайларды патрульдеу кезінде тыйым салынған жерге шомылғандар анықталып, оларға 170 мың теңгеге жуық 13 әкімшілік хаттама толтырылды. Биылғы суға түсу маусымында барлығы 217 адам жауапкершілікке тартылып, айыппұлдың жалпы сомасы 3,5 миллион теңгені құраған. Құтқарушылар қауіпсіздік жағдайларын болдырмау үшін балаларды қараусыз қалдырмау керектігін және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды қатаң ескертеді. Сондай-ақ түнде суға түсуге қатаң тыйым салынады.
Құралбек Сәбитов