Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген. Өйткені, ұстаздық – ең қадірлі мамандық. Міне, сондай ізгілікті мамандық иесі – 35 жылдан аса ұстаздық етіп, бар саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан Бақытгүл Көнеева. Ардагер-ұстаз өзінің адал еңбегімен, асқан шеберлігімен талай шәкірттің шырағын жақты.
Ұлағат иесі Кеген ауданы Жалағаш ауылында дүниеге келген. Осындағы Кеген қазақ орта мектебін бітірген. Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында физика-математика факультетінің физика бөлімінде білім алып, оқуын қызыл дипломмен тәмамдаған. Еңбек жолын Кеген қазақ орта мектебінде физика пәні мұғалімі болып бастады. Аталған мектепте директордың тәрбие, оқу ісі ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Оның білім берген шәкірттері Айдос Дағымбеков, Айдана Нұрқайдарова облыстық олимпиадада ІІ, ІІІ орын алса, ғалым Нұрша Оразақынованың «Сатылай комплексті талдау» технологиясы бойынша даярлаған оқушылары республикалық олимпиадада топтық жүлделі орындар иеленді. Пән бойынша дайындаған оқушылары техникалық оқу орындарына түсіп, еліміздің әр өңірінде қызмет атқаруда.
Ұстаз 2000 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдарымен байланыс жасай отырып, Қазақ ғылым академиясының аудандық филиалын ашуды ұйымдастырды. Нәтижесінде республикалық «Дарын» орталығы арқылы оқушылар ұстаздарының жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғап, еңбектері республика көлемінде таратылды. Ұлттық пікір-сайыс орталығының директоры Бақытнұр Отарбаевамен кездесіп, мектепте және ауданда «Болашақ» пікірсайыс клубын ашты. Клуб мүшелері облыстық пікірсайыста жоғары көрсеткішке жетіп, соның нәтижесінде Бану Әділжанова, Индира Сқақова сынды оқушылар республикалық газеттерде, өзге шәкірттері аудан көлемінде жемісті еңбек етуде.
2000-2005 жылдары облыстық білім жетілдіру институтының маманы, ғалым Әбілсағит Сәдуақасовтың «Дәстүр» бағдарламасы облыста бес мектепке енгізіліп, «12 жылдық білім беру» бағдарламасы апробациядан өткізілді. Осы ретте ұстаздың атқарған жұмыстары 2001 жылы Астана қаласында өткен тамыз конференциясында іс-тәжірибе ретінде қорғалып, Бақытгүл Демежанқызы «Қазақстан Республикасы білім берудің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Бақытгүл Көнеева 2007-2008 жылдары аудандық білім бөлімінде жаңадан ашылған әдістемелік кабинеттің меңгерушілігіне тағайындалды. Ауданда он пәндік тірек мектептері құрылып, төрт үздік білім ошағының іс-тәжірибесі кітапша болып шығып, облыс көлемінде таратылды. Әдістемелік көмек көрсетілу нәтижесінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Саян Өзекбаев облыста І орын алса, тарих пәнінің мұғалімі Гүлмира Көктеубаева бас жүлдеге ие болып, Талдықорған қаласынан пәтер иеленді.
Бақытгүл Демежанқызы 2008 жылы №3 Кеген орта мектебіне директор болып ауысты. 2010-2011 жылы аудандық «Жыл директоры» байқауында бас жүлдеге ие болса, 2012 жылы ол басқаратын білім ошағы «Жыл мектебі» облыстық байқауының жеңімпазы атанды. Мектеп жұмысы 2013 жылы «Атамекен» еларалық журналында дәріптелді.
– Осы атқарылған игілікті істер, жеткен жетістіктерім өзім қызмет істеген мектептердің білімді, үлгі тұтар, алдыңғы буын ұстаздары – Ауғанбай Байназаров, Өжек Жаңабаев, Сара Қосаева, Шәмшия Айнақұлова, Манат Сәдірмеков, Оралхан Сәдірмекова, Нүрбен Жексенбиева, Күләш Бимендина, Баян Сауданбекова, Едіге Тазабеков, Несіпбала Байбарақова, Канал Сақыбаева, Ғалия Әкімғожаева, Мейраш Мекетаева, Шәкен Әбділдаева, Рая Көштібаева және аяулы жеңгем Зияш Мұқашевалардан алған тәлім-тәрбиемнің арқасы, – дейді Бақытгүл Демежанқызы.
Ұстаздың білім саласындағы еселі еңбегі еленіп, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы, «Еңбек ардагері» медальдарының иегері болды, «Кеген ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Бақытгүл Демежанқызы 2016 жылдан Райымбек аудандық аналар кеңесінің төрайымы, 2018 жылдан бері қоғамдық негіздегі Кеген аудандық аналар кеңесінің төрайымы қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы ретте отбасы институтын дамыту, ұлттық құндылықты, салт-дәстүрді дәріптеу, жас ұрпақты тәрбиелеу, ана мен бала құқығын сақтауда жемісті жұмыс атқаруда.
Бақытгүл ұстаздың әкесі Демежан Көнеев кезінде Ораз Жандосовтың қарамағында, Кеген астық қабылдау мекемесінде жұмыс істеді, ауырып 49 жасында ерте қайтыс болды. Шешесі Нұрбопа Айдарова Жалағаш, Кеген ауылдарында жұмыс істей жүріп, ашаршылық, қуғын-сүргін зобалаңы, соғыс ауыртпашылығын басынан өткерсе де мойымай, ұлдары мен қызының білімді, еңбекқор болып өсуін қалаған асыл да аяулы, еліне, туыстарына сыйлы ана бола білді. Ата-анасының есімдері аудан орталығындағы «1941-1945 жылдары тылда еңбек еткен ардагерлер» тақтасына жазылған.
Жолдасы Нұрболат Бекеев мал дәрігері және экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша білім алып, аудандығы мал сойып, ет тоңазыту орнында, Кеген ауылдық округі әкімшілігінде, «Селден қорғау» мекемесінде қызметтер атқарды, қазір зейнеткер. Бақытгүл Демежанқызы екеуі отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, олардан немере, жиен сүйіп отырған жандар. Сондай-ақ, Бекеевтер әулеті өткен жылы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауына қатысқан үлгілі жанұя.
«Дүниеде көп адамды қуанышқа кеңелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Бақытгүл Демежанқызы бақытты жан, ардақты ана, аяулы әже. Ұрпағымен жайқалып отырған ардагер-ұстазға күш-қуат тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін дегіміз келеді.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы