Әр іс, әр кәсіп алға жылжуы үшін қызметкерден кәсіби білімді, тәжірибені, күш-жігер мен ынтаны талап етеді. Бұлардан бөлек жанкештілікті, ештеңеге қарамай, алға жылжытатын энтузиазмды қажет ететін де салалар бар. Оның бірі – рухани құндылықтарды дәріптеп, сан ғасырлық тарихымыздың әр парағын құнттап жинақтайтын, қазынамыздың қаз қалпында болашаққа бүтін жетуі жолында мол маңызға ие музей ісі.
Иә, музей экспонаттарды жай ғана сақтап қоятын қойма емес. Бұл мекеменің жұмысы тірі ағза секілді, үнемі жаңарып отыруы, толығып тұруы тиіс. Ондағы қызмет қоғаммен байланыста, тоқтаусыз процесте болуы керек. Сонда ғана жұмысы жүріп, негізгі мақсаты – терең тарихымызды танытып, ұлтымыздың ұлыларын ұлықтап, халқымыздың қазынасын қайта жаңғыртып, кешегі мен бүгінгінің арасына сабақтастық орната аламыз. Демек, әр жәдігерге жаңа өмір сыйлап, оның ғасырлар тұңғиығында жатқан құпиясын ашып, елге таныстырып, түгендеу – әлем сахнасында өзіндік орны бар рухани бай ұлт ретіндегі болмысымыз бен бояуымызды айқындап, басқалардан айырмашылығымызды көрсететін үлкен күш. Сондықтан осы ауқымына қарай бұл саланың алға жылжуы үшін қызметкердің шынайы ниеті, ішкі қалауы, рухани жігері және жанкештілік, алға қойған мақсатқа жетуге деген құштарлық, ісіне деген махаббат пен жауапкершілігі болуы қажет. Осынау қасиеттің бәрін дерлік Аршагүл апайдың бойынан байқадым.
Қазақ телевизиясының ардагері, белгілі журналист, «Анаға құрмет» музейінің экс-директоры Аршагүл Тойбаевамен сұхбаттасып, бір музейдің жұмысы бүкіл ұлттың тарихын танытуда үлкен мүмкіндікке ие екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Бастысы, «Бұл мүмкіндікті музейлер дұрыс пайдалана алып жүр ме?» деген сұрақ. Олай деуімізге, «аты бар да заты жоқ, аузы бар да айтары жоқ» қаңырап бос тұрған талай музей себеп. Одан бөлек, мемлекеттің қолдауын көріп отырған, қоры да бай қаншама музей табалдырығын айлап адам аттамай, бар-жоғы белгісіз, беймәлім күн кешіп жатыр. Олар санда бар да, сапада жоқ. Жүйелі жұмыс жүргізілмеген соң, әрі оны ешкім бақылауда ұстамаған соң, «Сен тимесең, мен тименің» кейпін кешіп, тыныш жату ұтымды болар. Десе де, музей, кітапхана, Мәдениет үйлері – қоғам өміріне бел шеше араласып, ұлттық құндылықтарды, ел мен жер тарихын, атадан балаға мирас болып келе жатқан мол мұрамызды өскелең ұрпаққа жеткізу ісінде аянып қалмауы керек. Аталған мекемелер – ұлттық идеологияны іске асыратын негізгі тетіктер емес пе?! Тиісінше, оларға артылған жауапкершілік те жоғары.
Журналистика саласында 35 жылдық тәжірибесі бар Аршагүл Серікқызы: «Қай жерге, қай елге барсам да, ең алдымен сондағы музейге кіремін. Жергілікті жердің тарихымен, тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысып, барған жерім жайлы алғашқы ресми ақпаратты музейден аламын. Өйткені музей сол өлкенің құрылған күнінен бастап, бүкіл тарихын қамтып, жылнамасын жазатын, қазіргі жетістіктерін де жинақтап отыратын үлкен энциклопедия іспеттес. Тарихи-өлкетану музейлері келушілерге өлкенің кешегі-бүгінгі тарихы ғана емес, тау-тасы, табиғаты, адамдары ғана емес, аң-құсы, тіпті ауа райы туралы да мәлімет ұсына білуі абзал. Өкініштісі, жергілікті жердің емес, кез келген ақпарат көзінен оңай табуға болатын жалпылама ел тарихы туралы шағын мәліметпен шектеліп, қабырғасына екі-үш хан мен төрт-бес батырдың суретін іліп қойып, «тарихи-өлкетану музейі» атанып отырған музейсымақтар елімізде көп. Музей қызметкерлерінің өз жұмысына бұлай немқұрайлықпен қарауы салдарынан қаншама қазынамыз қалтарыста қалып жатыр», – дейді. Расымен, музей ісі – қоғам дамуымен, ондағы өзгерістермен тығыз байланыста болатын, уақыт көшімен үнемі толығып тұратын, әрі ғылым мен білімнің, мәдениет пен өркениеттің қалыптасуына тікелей әсер ететін үлкен сала. Яғни мың жыл бұрынғы тарих таспасымен шектеліп, қабырғаға соны ғана қадап қойып қарап отыруға, қазіргі қоғам тынысынан тысқары күн кешуге болмайды. Бүгінгі күн – ертең тарих екенін ескерген жөн. Бүкіл елдің тарихы кішкентай өлке тарихынан, ол жерден шыққан азаматтардың игі істерінен бастау алады емес пе?!
Музейге арнайы барғанда мектеп бағдарламасындағы бір-екі экспозициядан артық ақпарат ала алмаған соң да көпшіліктің музейге деген қызығушылығы басылатынын айтқан кейіпкерім он жыл уақытын «Анаға құрмет» музейіне арнаған. Оның отымен кіріп, күлімен шыққан Аршагүл Серікқызы денсаулық жағдайына байланысты жарты жыл бұрын директорлық қызметтен кетсе де, музей жұмысынан бір сәт те қол үзіп қалған емес. Бүгінге дейін жұмыс жоспарын жасауға, музейде түрлі танымдық кездесулер, мәдени-әдеби, рухани іс-шаралар өткізуге атсалысып отырады. «Анаға құрмет» деген атаумен музейдің ашылғалы жатқанын білген күннен бастап бар ынта-жігерімен оның жұмысын жүргізуге кірісіп кеткен. Өйткені аналарға арнап музей ашу – оның жылдар бойы жадында жүрген арманы. 1980 жылдары телевизия саласына жаңа келген кезден бастап даналығымен, ерлігімен, талантымен тарихта қалған қазақтың қыздары туралы, білімді де білікті, батыр да батыл ұл-қыз тәрбиелеп өсірген аңыз аналар жайында түрлі хабар түсіріп, сюжет жасаған журналист кейінгі еңбек жолында да аталған тақырыптан алыстаған емес. Аналар тақырыбы, қазақтың қыз-келіншектері, олардың өмірі жайлы жазуды өзі басқарған журналдарында да жалғастырды. Елге айтары бар аналардан сұхбат алып, олардың мағыналы-мазмұнды өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолынан сыр шертті. Елімізде қатерлі аурулардың ішінде сүт безінің ісігіне жылына 3000-ға жуық әйел шалдықса, оның тең жартысынан астамы ажал құшатынын, Қазақстан бойынша маммолог дәрігерлердің тапшы екенін айтып, дабыл қаққаны, сүт безі обырын анықтайтын скрининг қажет екенін Үкімет басына жеткізіп, скринингтің қазақ тіліндегі бағдарламасы авторларының бірі болуы да Аршагүл Серікқызының аналарға ерекше құрметі мен қамқорлығының бір көрінісі.
Музей 2014 жылы белгілі қоғам қайраткері, Абылай хан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің профессоры Бақыт Шпекбаеваның идеясымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылды. Аты айтып тұрғандай, музей аналарға арналған. Бар тіршіліктің бастауы болған аналарға қандай құрмет көрсетсек те, артық болмасы анық. Әсіресе, Ұлы дала тарихындағы дана да, дара аналар, батыр аналар, мықты ұрпақ тәрбиелеген теңдессіз аналарымызды халық тануы керек. Өскелең ұрпақ олардан үлгі-өнеге алып, сол аналарымызға қарап бой түзеуі қажет. Ендеше, бүкіл ТМД елдерінде тұңғыш болып Қазақстанда мұндай музейдің ашылуы қазақ халқының анаға деген ерекше құрметінің бір белгісі іспетті.
Қарасай ауданында ашылған бұл музей жеке адамдардың қаражатына салынғанымен, бір жылдан кейін мемлекет меншігіне өткен. Қос қабатты ғимараттың жалпы аумағы 750 шаршы метрді алып жатыр. Жанында «Анаға құрмет» галереясы, «Күлиман ана» медресесі, Нұр-Мұсахан мешіті, үлкен спорт кешені, дендросаябағы бар. Ал музей алдында сәбиін құшақтаған ана бейнесі мен қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болған талбесік тастан қашалып, «Анаға тағзым» ескерткіші тұр. Ескерткіш бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен асыл аналардың болмысын айшықтап, дәл жеткізетіндей.
«Жеті экспозицияға топтастырылған музейде қазақ халқының салт-дәстүрі, қолөнер, зергерлік бұйымдар, батыр аналар, ислам діні және көркем өнерге қатысты жәдігерлер жинақталған. Бүгінде музей қорында 550-ден астам экспонат бар. Олар негізінен, елімізге танымал әйелдерге қатысты түрлі құжат, фото-сурет, картина, тұрмыста қолданған бұйымдар. «Құнды жәдігерлердің ішінде қазақтың қаһарман қызы, пулеметші, Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың соғыс кезінде оқ тиген темір каскасы мен саптыаяғы, сондай-ақ мерген қызымыз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың сиясауыты да кездеседі. Оларды Ресейге батыр қыздарымыздың басына құран бағыштауға барғанда музейден арнайы алып келдім. Сонымен қатар зергерлік бұйымдарға арналған экспозиялық бөлімде түбі бір түркі әлеміне ортақ әйел әшекейлерінің бірі чубаш ұлты қыздарының сәндік маңдай әшекейі «Хушпу» бар. Әр жылдардағы 514 көне тиын тізілген бұл әшекей шамамен 270 жыл бұрын жасалған. Бұған аталған Хушбудағы үш ғасырдың тарихынан хабар беретін ақша бірліктері куә. Мұндағы ең көне тиындардың бірі Ресей патшалығының рублінде 1747 жыл көрсетілген. «Ел аналары» портреттер топтамасы да музейден үлкен орын алып тұр. «Домалақ ана батасы», «Күлиман ана», «Салима ана», «Қызжібек», тағы басқа Қазақстан суретшілерінің әйел тақырыбындағы көркем туындылары, сонымен қатар жеке тапсырысыммен салынған, қазаққа біртуар азамат сыйлаған мықты аналардың портреттері – мен үшін баға жетпес жәдігерлер», – дейді Аршагүл Серікқызы.
Осындай ізденістің арқасында музей қоры құнды экспонаттармен толығып, аз уақыт ішінде бүкіл елге танылды. «2019 жылы Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Анаға құрмет» музейі «Даланың дана арулары» атты халықаралық фестиваль өткіздік. Бір емес, жеті түрлі бағыттағы іс-шараны қамтыған фестиваль облыс аумағында ұйымдастырылған мәдени шаралардың ең көлемдісі болды. Оның аясында алғаш рет «Қоянкөз» тарихи драмасы сахналанды. «Ел бастаған ер ханымдар», «Аңызға айналған ақжаулықтылар», «Халық қорғаған қаһарман бикештер», «Абыз аналар», «Алашты аузына қаратқан арулар», «Ағартушы арулар», «Қуғын-сүргін құрбаны болған асыл жарлар», «Талантымен танылған тұлғалар» деген тарауларға бөлініп жазылған «Даланың дана арулары» атты кітабымның тұсауы кесілді. Бұдан бөлек, музей тапсырысымен жасалған Ғалым Ахметовтің «Дала аруы» атты мүсіні ашылды. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері аспан астында сурет салып, бояуы кеппеген су жаңа туындыларын музейге сыйға тартты. 500-ден аса әнші ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов пен атақты ақын Ғафу Қайырбековтің «Ана туралы жырын» әуелетіп, Алатау баурайын әнге бөледі. Мереке барысында бейнелеу өнеріне еңбегі сіңген қылқалам шеберлерінің «Даланың дана арулары» атты портреттік көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ханшайым Томиристен бастан бүгінгі күннің батыр аналарының кескінді келбеттері бейнеленген картиналары қойылды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Амандос Ақанаевтың «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» атты картинасы көрерменді терең ойға батырды. Анарбек Нақысбековтің «Көшпенділер», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Сейсенхан Маханбетовтің «Мапрашты анамыз» атты шығармалары көпшіліктің көңілінен шықты. Фестиваль жоғары деңгейде өтті», – деп естеліктерімен бөліскендегі Аршагүл апайдың жүзі бал-бұл жанады. Әрине, есіл еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Осы фестивальден кейін ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталов «Анаға құрмет» музейіне «Үздік мәдениет мекемесі» атағын беріп, оның меңгерушісі Аршагүл Тойбаеваға диплом мен ұжымға су жаңа жеңіл автокөлікті сыйға тартады. Бұл марапат облыстағы 25 музейдің ішінде қадамын енді бастаған ең жас «Анаға құрмет» музейі үшін үлкен жеңіс болды.
Ізденімпаз, өз ісін сүйетін маман, әрине, мұнымен тоқтап қалған жоқ. Керісінше, қанаттанып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға кірісті. Қоғаммен тығыз байланыс орнатып, музейде түрлі іс-шаралар, кездесулер өткізіп, жастар тәрбиесінде, ұрпақтар сабақтастығында мол маңызға ие сырлы сұхбаттар құрды. Музейдегі әр жәдігерге жан бітіріп, ғылыми-танымдық мақалалар дайындады, «Анаға құрмет» музейін жұртқа барынша танытуға, музей арқылы қазақтың қайсар қыздарының есімін ел есінде сақтауға, тарихымызды, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттап, ұмыт болған жауһарларымызды қайта жаңғыртуға мол үлес қосты.
«Аналарға арналған музейде қазақ анасының арындай болған ақ жаулығы, аппақ кимешегі тұруы міндетті деп білемін. Осы оймен еліміздің түпкір-түпкірінен көне кимешектер жинақтадым. Арасында өз әжемнің алтын жіппен зерделенген, 100 жыл болған кимешегі де бар. Көпшілікке кимешекті насихаттау мақсатымен музей қабырғасында «Анамның ақ жаулығы» атты түрлі челлендж, байқаулар ұйымдастырдық. Әжелерге кимешек кигізіп, кездесулер өткіздік. Біреудің қаңсығын таңсық көріп, бүгінде қап-қара болып оранып алатын қыз-келіншектеріміз көбейді. Қазақ қызы ешқашан олай оранбаған, әсіресе, қара жамылмаған. Қыз кезінде тақия мен бөрік кисе, ұзатылғанда сәукеле, келін болып түскенде желек, жаулық тағып, балалы болғанда кимешек киген. Ұлттық киімдеріміздің әрқайсысы иесі туралы сыр шертіп, мол ақпарат беріп тұрған. Жас ерекшелігі мен қоғамдағы орнын да киген киімімен аңғартқан. Кимешек бала емізетін ананың омырауын жауып, сырт көзден ғана емес, суық пен желден де қорғап тұрған. Жас келіншектер киген кимешек қызылды-жасылды жіппен көмкеріліп тігілсе, үлкен жастағы әжелердің кимешегіндегі өрнек әлдеқайда қарапайым, ұстамды болған», – деген Аршагүл апай биыл елімізде өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойнына да ерекше дайындықпен жүр екен. «Осыдан 2 жыл бұрын ойын Түрия жерінде өткенде музей атынан арнайы бардық. Мақсатымыз – салт-дәстүрімізді, қолөнерімізді, әрі музейді шет ел азаматтарына таныстыру. Көшпенділер ойыны өткен қалашықта қазақи көйлек, шапанмен әдемі кимешек киіп жүрдім. Қалашықтағы қонақтар кимешегіме сүйсіне де, қызыға да қарады. Жаныма келіп, басымдағы қандай киім екенін сұрап, суретке түсушілер көп болды. Енді биыл елімізде өтетін көшпенділер ойнына әдейілеп 7 кимешек тіктіріп қойдым. Әдемі шапан мен көйлектер де дайын тұр. Сырттан келген ел қазақ халқының таным-түйсігі терең екенін, қолөнері бағзы замандардан дамығанын, көркемдік пен эстетиканың озық үлгілері үстіміздегі киімнің әр бөлшегінен байқалып тұратынын көрсе деймін. Бұдан бөлек, тарихымыздың да сонау ғасырлар қойнауынан бастау алатынын айғақтайтын айшықты бейне – тасқа қашалған петроглифтерді жаңағы жеті кимешекке түсірдім. Бұл біздегі баяғыдан дамыған өркениеттен хабар береді. Астана қаласында өтетін ойынға келгендер, өкінішке қарай, Таңбалы тастағы осынау байлығымызды барып көрмейді ғой. Сондықтан мол мұрамызды мақтан етудің осындай жолын таптым», – дейді.
Елге, тарихқа, салт-дәстүрге деген мұндай қамқорлық пен жанашырлық, әрине, үлкен құрметке лайық. «Өзім сыйлайтын қазақ аналарына, құрбыларымның қуанышында үнемі кимешек тіктіріп, сыйға тартамын. Құдаларымның той-томалағына кимешек киіп барамын. Қызым бөпелі болғанда қазақтың дәстүрімен кимешек кигіздім», – деген кейіпкерім мұның бәрі де асыл мұрамызды дәріптеудің амалы, тәрбие көзі екенін айтады. Соңғы кезде кимешекке деген сұраныстың артқанын ескерсек, қара жамылып оранудан құтылып, ақ жаулық пен кимешегіміз сәнге айналар күн алыс емес.
Құралай Мұратқызы