Қазақстан көршілес елдермен 14 мың шақырымға жуықтайтын шекарамен шектеседі. Соның ішінде, дүниежүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын 7,5 мың шақырым шекарасы бар жалғыз мемлекет. Осыған орай, 2012 жылдың 18 тамызында еліміздің тәуелсіздігі мен жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ететін «Шекара әскерлерін құру туралы» Жарлыққа қол қойылып, сол жылы айтулы күн Қазақстанның мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Шекарашылардың кәсіптік мерекесі қарсаңында ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюповқа жолығып, шекара қызметінің бүгінгі жай-күйі жайында әңгімелескен едік.
– Әлібек Амангелдіұлы, мемлекет тәуелсіздігінің ажырамас бөлігі болып саналатын шекара мәселесі бізде қалай шешілген? Алаң туғызатын жайлар бар ма?
– Тәуелсіздігіміздің бастауында ғасырлар тоғысында аймақтағы геосаяси жағдайлардың күрделене түсетінін алдын ала болжап, көршілес мемлекеттермен шекара сызығын анықтап алуға баса назар аударылған болатын. Соның нәтижесінде Қазақстан шекара түйткілдерін халықаралық талаптарға сай тұтастай шешіп алды. Мұны еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктердің бірі деп айтуға болады. Бүгіндері барлығы 14 мың шақырымға жуық шекарамыз бар дейтін болсақ, оның 2 мың шақырымға жуығы Каспий теңізінің үстімен өтеді. Сонымен қатар Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте 7591 шақырым Ресеймен шектеседі. Республиканың Алтайдан Тянь-Шаньға дейінгі 1782 шақырымға созылып жатқан шығыс шекарасы Қытай Халық Республикасымен жанасып жатыр. Ал оңтүстікте Түрікменстанмен – 426 км, Өзбекстанмен – 2354 км және Қырғызстанмен 1241 км шекарамыз бар. Бүгіндері аталған мемлекеттердің бірімен де шекараға қатысты түйткілдер жоқ деп айтуға құқылымыз.
– Жалпы, шекара қызметінің мақсаты мен міндеттері қандай?
– Шекара әскерінің міндетіне мемлекеттік шекараны қорғап, кез келген күмәнді оқиғаны қалт жібермей, еліміздің қауіпсіздігі мен халықтың тыныштығын қорғау кіреді. Елдің шетінде, желдің өтінде жүрген сарбаздар трансшекаралық қылмысқа, халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз көші-қонға тосқауыл қойып, елдің аймақтық тұтастығы мен егемендігін қамтамасыз етуге міндетті.
Бір айта кетерлігі, кешегі Кеңес одағының құрамында болған кезімізде қорғалатын шекарамыздың ұзындығы екі мың шақырым мөлшерінде болса, бүгін ол сегіз есеге дейін өскен. Демек, бізге жүктелетін міндеттің көлемі мен жауапкершілігі де артты деген сөз.
– Шекара қызметінде жұмыс қаншалықты қауырт?
– Сұрағыңыз өте орынды. Шекарашылар күндіз-түні, тәуліктің кез келген кезеңінде, жылдың төрт мезгілінде де уақытпен санаспай, ауа райының қолайсыздығына қарамай, өз қызметтерін атқарады. Өзге мамандықтар сияқты демалу, үзіліс жариялау, жұмысты уақытша тоқтата тұру деген болмайды. Мұнда кезең-кезеңімен жаңа жағдайлар, тосын оқиғалар, ғылымның дамуына байланысты жетілген технологиялармен жабдықталған құқық бұзу фактілері кездесіп тұрады. Шекарашылар осындай қауіп-қатерлерге қашанда дайын болып, өз білімдері мен кәсіптік шберліктерін үнемі жетілдіріп отыруға міндетті.
Біздің жауынгерлер мемлекетаралық шекараны күзетумен қатар, жұмыстарын да атқарады.
– Бүгінгідей ғылым мен техниканың дамыған заманында шекарашылар атқаратын қызметтің мазмұны да өзгерген болар?
– Әрине, жаңа технологиялар өміріміздің барлық салаларына дендей еніп келе жатқан заманда біздің қызмет те бір орнында тұрмайтыны белгілі. Дыбыс пен жердің толқуын, жан-жануарлардан бөлінетін жылудың қозғалысын бақылайтын аса сезімтал құрылғылардан бастап, алыстан басқарылатын ұшатын аппараттардың көмегі көп септігін тигізуде. Көлік құралдары, қару-жарақ та заманға сай жаңарып, жетілдіріліп келеді. Бірақ осының бәріне қарамастан адамдардың бұл қызметте алар орнын ешнәрсе айырбастай алмайды. Біз жаңа технологияларды енгізе отырып, жеке құрамның сапалы қызметіне көбірек көңіл бөлеміз. Түптеп келгенде, шекара тәртібін бұзушыларды анықтап, оларды құрықтайтын да сарбаздар емес пе? Техника шекарада әлдебір құқықбұзушылық болғанын хабарласа, жеке құрам оны анықтап, нақтылы істерді жүзеге асырады. Әлемде болып жатқан геосаяси құбылыстарға, олардың мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жеріміздің тұтастығына тигізер әсерін бақылап отыру – өз алдына бөлек әңгіме.
– Кешегі және бүгінгі шекара тәртібін бұзатындардың арасында қандай айырмашылық бар?
– Иә, бұрындары шекарамыз тек Қытай Халық Республикасымен болғандықтан осы бағыт басты назарға алынатын. Ол кезде жайлы өмір іздеген немесе аң аулауға, дәрілік шөптер жинауға шыққан бірлі-жарым адамдар болмаса, жаппай шекара бұзушылар кездеспейтін. Бүгіндері жағдай сәл өзгерген. Тәртіп бұзушылардың географиясы мен ұлттық құрамы арта түсуде. Біздің аймағымыз арқылы Ауғанстан пен Пәкістан азаматтары Еуропаға өтіп кетуге әрекет жасайтын жағдайлар жиі тіркелуде. Жуырда ғана Алматы облысына қарасты Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында үш Пәкістан азаматы ұсталды. Бүгіндері оларға қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, шекарамыздың берік қорғалатынын білетін адамдар құқық бұзуға көп бара бермейді.
Жалған құжат жасап алып, шекара тәртібін бұзушыларды, оның ішінде, шетел азаматтарын ұстау, оларды әкімшілік-тәртіптік жазаға тарту жұмыстары күнделікті атқарылып келеді. Шекарашылардың қырағылығы арқасында контрабанда, есірткілік заттарды тәркілеумен қатар «Қызыл кітапқа» енген аңдар мен өсімдіктерді заңсыз саудаламақ болғандардың жолына тосқауыл қойылуда.
– Өзіңіз айтқандай, шекарашылар тәуліктің 24 сағатында, жылдың төрт мезгілінде бір сәт толастамай қызметтерін атқара береді. Жауынгерлердің кәсіби біліктілігі мен күш-қуатын шыңдап, кез келген жағдайға дайын болуы үшін жаттығулар жүргізіле ме?
– Онсыз бірде-бір әскери құрам өмір сүре алмайтыны белгілі. Осы орайда біз де жауынгерлерімізді үнемі шыңдап отырамыз. Нақтылап айтар болсақ, жыл басынан бері біздің құрам «Шекара – 2024», «Тосқауыл – 2024» бірлескен профилактикалық іс-шараларына, «Ақпан – 2024», «Наурыз – 2024», «Бүркіт – 2024» шекара операцияларына қатысты. Шекара басқармаларында кешенді оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жыл сайын Қорғаныс министрлігі ұйымдастырып тұратын жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына, өзге де арнайы шараларға үзбей қатысып келеміз.
– Алматы облысы Қытаймен, Қырғызстанмен шектесетінін білеміз. Осы елдер арасындағы барыс-келіс пен сауда-саттық күн санап өсіп келеді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне Райымбек, Қарасай аудандары бойынша шекара басқармалары кіреді. Сондай-ақ, «Қалжат», «Кеген» шекаралық бақылау бөлімшелері жұмыс істейді. Биыл бұл учаскеде шекара шебінде құқық бұзған 300-ге тарта адам ұсталды. Олардың ішінде мемлекеттік шекараны немесе шекара режимін бұзушылар, бақылау-өткізу бекеттеріндегі тәртіпті сақтамағандар көптеп кездеседі. Шекара аймағына келу тәртібін бұзған 250 азамат әкімшілік жазаға тартылған.
Біз Алматы облысының, Кеген, Райымбек, Ұйғыр ауданы әкімдерімен тығыз байланыс орната отырып, бірлесе жұмыс жасауды дәстүрге айналдырып келеміз. Осы орайда жергілікті тұрғындарды шекара күзетіне тарту мақсатында шекара аймағында шағын үйлер салу қолға алынған. Осылайша, малшылар, орманшылар қандайда бір құқықбұзушылықты аңғара қалса, бірден бізге хабар беретін болады. Саналы азаматтар осылайша қырағылық танытып, елімізге бөтен ойлы азаматтардың еніп кетуіне тосқауыл қоюда.
– Шекарашылардың әлеуметтік жағдайы қаншалықты шешілген?
– Бұл жағынан қол жеткен табыстарымыз аз емес. Ең алдымен кешегі кеңестік дәуірде салынған құрылымдар бүгіндері де оңды қызмет көрсетіп келе жатқанын атап айту керек. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, кәсіби құрылымдар қанағаттанарлық дәрежеде. Сонымен қатар жергілкті биліктің көмегімен шекара қызметкерлерінің отбасыларына барынша жағдай жасап келеміз. Әйелдерін жұмысқа орналастыру, балабақша, мектеп мәселесі, сырқаттанып қалғанда дәрігерлік көмек көрсету жолға қойылған. Сондықтан, қызметкерлеріміз әлеуметтік жағынан әлдеқайда жақсы қорғалған деп айта аламыз.
– Өз өмірін шекара қызметімен байланыстырғысы келетіндер көп пе? Маман мәселесі қалай шешілген?
– Әрине, белгілі бір дәрежеде маман тапшылығы сезілуде. Дегенмен, бізге қызмет етуге тілек білдірушілердің қатары күн санап артып келеді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтегеннен кейін қызмет етуге қалатындар да жетерлік. Жоғары оқу орындарына грант беріле бастағалы жастардың қызығушылығы артқаны байқалады. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің шекарасы сенімді әрі сапалы қорғалған деп айта аламыз.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Ертеңгі кәсіптік мерекелеріңіз құтты болсын. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жеріміздің тұтастығы жолында атқарып жүрген қызметтеріңізге табыс пен сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбаев