Шахмат ойыны адамның ақыл-ойын ғана дамытып қоймай, танымын кеңейтіп, жылдамдыққа, ептілікке де үйретеді. Осы орайда ҚР еңбек сіңірген құрметті спорт қызметкері, КСРО спорт шебері, Іле ауданының Құрметті азаматы Құмарқажы Серікбайұлымен әңгімелескен едік.
– Құмарқажы мырза, елімізде шахмат ойыны қай жылдардан бастап қарқын алды?
– XIX ғасырда шахмат Ресей мемлекетінде дами бастады. Қазақстан КСРО құрамында болғанда бұл ойын түрі бізге де жетті. Десек те, шахматтың дамуы еліміз тәуелсіздік алған кезде қарқын алды. 90-жылдары Шахмат федерациясы құрылып, спортшыларымыздың әлемдік жарыстарда өнер көрсетуіне жол ашылды. Атап айтсам, 20 жасында әлемді мойындатқан Дәрмен Сәдуақасов Қазақстанның бес дүркін чемпионы болды. Азияда өткен додада топ жарды. Халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Бүгінгі таңда ол еліміздегі Шахмат федерациясын басқарып отыр.
Әйелдер арасында ең жас гроссмейстер – Динара Сәдуақасова. Ол да Азия чемпионатында топ жарған шебер ойыншы. Жас буын да өз әпке-ағаларынан қалыс қалып жатқан жоқ. Оның айқын дәлелі – алты жасында алға шыққан Жансая Әбдімәлік. 2017 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанып, алтын медальді қанжығамызға байлатқан. Осылайша жас спортшыларымызды жіпке тізгендей атап беруге болады.
– Өңірдегі шахмат ойынының аяқ алысы қандай?
– Қазір барлық облыс, аудан және шалғай ауылдарда шахматтың дамуына Үкімет қаражат бөліп отыр. Оқушыларымыз тегін үйірмелерге қатысып, біліктілігін шыңдауда. Біздің аудандағы №13 орта мектепте, «DARYN» білім, шығармашылық және спорт орталығында шахмат үйірмелері жұмыс істейді. Одан бөлек, Ащыбұлақ, Боралдай, Ынтымақ және өзге де ауылдық округтерде аталған ойын түрінен тегін үйірмелер ашылған. Бұған, әрине, қуанасың.
Мен қазір Кенен Әзірбаев ауылындағы «Болашақ кемеңгер» жекеменшік мектебінде шахмат үйірмесін жүргіземін. 50 шақты баланы осы спорт түріне баулып жатырмын. Шәкірттерімнің нәтижесі жаман емес. Алматы қаласында, облыс, аудан көлемінде өтетін түрлі турнирлерде Айша Абад, Серікқұл Елжас, Бақыт Арнұр сынды оқушыларым жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Шахмат балалардың ақыл-ойына оң септігін тигізіп, ойлау қабілетін жақсартады. Мидың дамуына және қарқынды жұмыс істеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар шахматқа қатысқан жастар математикаға жүйрік болады. Шахмат ойнау барысында достық қарым-қатынас та нығаяды. Бір сөзбен айтқанда, бұл спорт түрінің пайдасы көп.
– Бұл ойын түрінің ерекшелігі неде?
– Шахмат бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шынтуайтына келгенде өте күрделі ойын. Ол екі ойыншының сана деңдейінде бір-бірімен айқасуы.
Мәселен, дойбы ойнаған кезде бір-екі қадамды ғана алдын ала ойлайсыз. Ал шахматта бүкіл ойын барысын жоспарлап отыру қажет. Қарсыласыңның қандай тактика қолданатынын, қай таспен жүретінін, не себепті ондай жүріс жасағанына дейін салмақтап, саралап отыруың қажет.
– Өз тәжірибеңізде шахматты үйрету барысы қалай жүзеге асады?
– Шахматты арнайы мамандарға барып үйренген абзал. Мәселен, өз басым балаларды ең алдымен ойын тақтасымен, тастармен таныстырып, тақтадағы әріптер мен сандарды жаттатудан бастаймын. Олардың атауларын жадына әбден сақтағаннан кейін ғана тастардың жүрісін және олардың өзіне тән ерекшелігін үйретемін. Балалар әр тастың құнын білу қажет. Бір қадаммен жол ашатын жүрістер бар, соларды жасырып балаларға есеп ретінде беремін. Олар ойланып, қай тастың жүрісі екенін табады. Үйірмеде осындай жүрістердің жүз елуге жуық есебін дайындадым. Сол арқылы олар «мат» қоюға дағдыланады. Бұл әдісті меңгергеннен кейін, өздері есепсіз жүруге дағдыланып, әрмен қарай өз әдістерімен ойнай бастайды.
– Ізіңізден еріп, ісіңізді жалғаған балаларыңыз немесе немерелеріңіз бар ма?
– Менің үш балам бар. Тұңғыш ұлым Серік – жоғары оқу орнын тәмамдаған, әскери көпсайыстан, 148 жүзуден спорт шебері. Үйдің екіншісі Ерлан – қол күресінен екі дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері, спорт шебері. Үйдің кенжесі Руслан – грек рим күресінен спорт шеберіне үміткер. Алты немерем бар, олар – Сұлужан, Жасмин, Бексұлтан, Әлихан, Байбек, Азим. Соның ішінде екеуі шахмат үйірмесіне қатысады. Алдағы жылдары олардан жақсы ойыншы шығады деген үміттемін.
– Мемлекет тарапынан шахмат спортын дамыту үшін қандай іс-шаралар қажет деп ойлайсыз?
– Қазір мектеп қабырғасында дене шынықтыру сабақтары үш сағат өткізіледі. Соның тым болмағанда бір сағатын осы шахмат ойнауға арнаса деген ұсынысым бар. Шахмат жарыстарының санын көбейтсе деймін, себебі басқа спорттық шаралар әр мейрам сайын ұйымдастырылады. Ойлау қабілетін шынықтырған ұрпақтың болашағы жарқын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Бағдат Шойбас,
Іле ауданы