Бүгінгі таңда алаяқтың құрбанына айналып, тапқан-таянған ақшасынан бір-ақ күнде айырылып, сан соғып қалғандар қаншама?! Ақпараттық технология дамыған сайын, бұл қылмыс түрі де жаңаша сипат алып, өрши түсті. Оларға қарсы күрес толассыз жүріп жатса да, алаяқтар айылын жияр емес. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқарма бастығының орынбасары, полиция майоры Нұржан Кеңесханұлы мәлімдеді.
Баяндамашы облыста ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу және ашу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанына жан-жақты тоқталды.
– Биылғы жылдың 13-15 тамыз күндері «Анти-фрод» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Екі күн ішінде криминалдық полиция қызметкерлерінің күшімен 10 қылмыстық іс ашылды. Сонымен қатар Талғар және Іле ауданында 2 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Жыл басынан бері осы тектес 5 жедел профилактикалық шара ұйымдастырылып, 80-ге жуық қылмыс анықталды, – деді.
Полиция өкілінің айтуынша, бүгінде облыс аумағында интернет-алаяқтарға қатысты 819 қылмыстық іс тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 35,6 пайызға артқан. Яғни ғаламтор арқылы құрбанын құрығына түсіретін киберқылмыскерлер саны көбею үстінде. Әсіресе интернетпен онлайн сауда-саттық жасау, кредит рәсімдеу, жұмыспен қамту, инвестиция салу, ақша аудару сияқты қызмет түрлерін көрсету кезінде арасында алаяқтардың да алшаң басып жүретіні анық. Олар адамның сеніміне кірудің түрлі айла-тәсілін меңгеріп, алдау мен арбаудың асқан шеберіне айналған. Тіпті жасанды интеллект арқылы сіздің туыс-туғандарыңыздың дауысын айнытпай салып, ақша сұрайтындарға не дейсіз?
– Сондықтан алаяқтарға алданбаудың ең тиімді жолы – қаржылық сауаттылықты арттыру. Мәселенің мәнісіне жете үңіліп, асықпай, аптықпай, ақ-қараны ажырату. Осыған орай, аймақта «Киберпол» орталығымен қылмыстың алдын алу шаралары кеңінен жүргізіліп келеді.
– Қоғамдық орындарда киберқылмысқа қарсы 47 үгіт-насихат өткізіліп, 25970 кітапша таратылды. Сонымен қатар 15 билборд ілініп, LED-экран арқылы үндеу жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 30-ға жуық мақала жарық көрді. Әлеуметтік желі арқылы да материалдар шығып жатыр, – деді Нұржан Кеңесханұлы.
Өз тілшіміз
Қонаев қаласы