Конституция күнін мерекелеудің тарихи маңызы зор. Ата Заң – еліміздің еркіндігі мен тәуелсіздігінің, жеке мемлекетіміздің тұрақтылығының символы. Конституция сөзінің түбіріне әдістемелік түсінік бойынша үңілсек, латын тілінен шыққан, біздің тілге аударғанда «мекеме» дегенді білдіреді. Сонда әдістемелік тұрғыда, сайып келгенде, Конституция – жеке мекеніміз, мекемеміз, мемлекетіміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратын, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын негіздейтін ең жоғарғы заңдардың жиынтығын жалпыхалықтық референдум арқылы бекіткен мемлекетіміздің құжаты болып саналады десек, артық айтқандық емес.
Егер байырғы заманда «патша», «хан», «сұлтан», тағы басқа ел билейтін тұлғалардың мансабына қарай мемлекеттілік білдірілсе, осы заманда Гимн, Елтаңба, Президент деген символдар әр мекеменің (ұйымның) мемлекеттілігін айқындайды. Көрсетілген символдар біздің Ата Заңымыз – Конституциямызда бекітілген, дәлірек айтсақ, 9-бапта Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді деп айтылса, 2-бапта «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» делінген. Яғни, Ата Заңымызда мемлекет-мекеніміздің біртұтастығы көрсетілген және оны мемлекеттік қорғау белгіленген.
Конституциялық құқық тұрғысындағы түсініктерге тоқталсақ. Конституциялық құқық – Қазақстан Республикасының ұлттық құқық жүйесінің негізгі саласы. Конституциялық құқық қазақстандық қоғам мен мемлекет құрылымының негізін құрайтын, мемлекеттік билікті жүзеге асыру, сондай-ақ адам мен мемлекет арасындағы қатынастарды реттейді.
Конституциялық құқық Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін, адам мен азаматтың құқықтық мәртебесін, мемлекеттік билік пен басқару жүйесін қамтитын қоғамдық қатынастарды бекітетін және реттейтін жинақталған құқықтық нормалардан қалыптасады. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының қайнар көздері деп Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететін, қоғам құрылымының негіздерін және мемлекеттік билікті ұйымдастыруды реттейтін нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі. Конституциялық құқықтың қайнар көзі, бұл, ең алдымен, Конституция, конституциялық заңдар, басқа да құқықтық актілер, құқықтық әдет-ғұрыптар, нормативтік шарттар. Бұл Конституцияның сыртқы заңды күші бар болуымен және республиканың бүкіл аумағында тікелей әрекет ететіндігімен түсіндіріледі. Барлық басқа көздер Конституцияның нормаларына негізделеді және оған қайшы келмеуі керек.
Енді адам мен азаматтардың құқықтарына Конституциялық тұрғыда тоқталсақ. Ата Заңымыздың 2-бөлімінде адам мен азаматқа жеке бөлім арналған, ол жерде 10-баптан 39-бапқа дейін, жалпы 29 бап қаралған. Адам мен азаматтардың құқықтарын қорғау барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарға міндетті. Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де адам мен азаматтардың құқықтарын қорғауды конституциялық заңның 1-бабынының талабымен міндеттеген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам және оның қызметінің міндеттері адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал ету болып саналатыны көрсетілген. Осы ретте, адам мен азаматтардың құқықтары туралы көтеріліп отырған мәселеге қатысты Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Алматы облысы бойынша өкілдігінің атқарып отырған жұмысына тоқталғым келіп отыр.
Жыл басынан бері азаматтардан 77 арыз-шағым түсті. Оның 25 шағымы сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселелері бойынша, 11 шағым сот органдары тарапынан шығарылған үкімдер мен шешімдерге қатысты, 41 шағым – әр түрлі мәселелер бойынша. Бұл арыз-шағымдарды қарау барысында, өкінішке қарай, адамдар мен азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылғаны анықталды. Мәселен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері бойынша көбіне Конституцияның 77-бабында көрсетілген кiнәсiздiк презумпциясы мен жәбірленушілердің құқықтары бұзылғандарын аңғару қиын емес. Егер нақтырақ айтсақ, мұндай құқықбұзушылықтар тергеу жүргізіп отырған тұлға тарапынан күдіктіні оған жеткізгенге дейін немесе күдікті нақты қылмыс жасаған жерде ұсталған уақытта оған құқықтарын толық түсіндірмегеннен, күдіктіге қатысты тергеу құжаттарының толық таныстырылмағанынан орын алады. Бұл ретте өкілдік облыс аумағындағы аудан прокуратураларымен, облыс прокуратурасының қызметкерлерімен бірлесе отырып бұл мәселелердің оңынан шешілуіне ықпал етуде.
Енді әртүрлі мәселелерге қатысты азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылғандарына тоқталсақ. Айталық, мемлекетіміз біраздан бері құжаттарды электронды-цифрлық тұрғыда тіркеп келеді. Алайда осы уақытқа дейін кейбір азаматтарға жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың араласуы қажет болуда. Мысал ретінде, №10 мекемедегі М-ға қатысты фактіні айтуға болады. Өкілдіктің жолдаған ұсынымымен М-ға базалық зейнетақы төлемдері тағайындалды. Сонымен қатар халыққа медициналық көмек беру жағдайын да жақсарту қажет деп ойлаймын. Өйткені, осы шағым-арыздардың тең жартысынан көбі – денсаулық саласына байланысты жазылған шағымдар.
Азаматтарды құжаттандыру мәселесінде де құқықбұзушылықтар тіркеліп отыр. Мәселен, былтыр Алматы облысы аумағында бір азаматтың жаңа құжат алмағаны әлеуметтік желіде тарап, соңынан оңды шешілді. Ал дәл қазіргі уақытта өкілдікте азаматша Н-нің шағымы қаралуда. Бұл азаматша осы уақытқа дейін жеке куәлік алмаған. Соның салдары оның конституциялық құқықтарының шектелуіне әкеліп соққан. Ол осы күнге дейін сайлауларға қатыспаған, жеке сәйкестендіру номерінің жоқтығынан зейнетақы жинақтау қорына салым сала алмай жүр, поезд, ұшақ сияқты көліктерге міне алмайды. Келісімшарт жасай алмағандықтан жұмысқа орналасуы өте қиын. Үй-жай, жер телімін өзіне аудара алмай жүр. Бұл жағдай бойынша өкілдік Алматы облыстық полиция департаментіне ұсыныс жолдап қойды.
Қорыта айтқанда, тиісті құзыреті бар сала өкілдерін азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеуге қатаң түрде шақыра отырып, өкілдік атынан отандастарымды мемлекетіміз – Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға бейбітшілік, бірлік, бақыт, амандық және табыс тілеймін!
Эльбрус Сұлтанқұлов,
Қазақстан Республикасындағы
Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық
орталықтың Алматы облысы бойынша өкілі