Өңірде жасөспірімдер мен жастар арасында есірткінің таралуына жол бермеу мақсатында белсенді іс-шаралар жүргізілуде. Жыл басынан бері 376 алдын алу шарасы ұйымдастырылып, 214 дәріс мектептерде оқушыларға есірткінің зияны мен оның заңсыз айналымының салдары туралы түсіндірілді.
Алматы облысы Полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ардақ Қайсаровтың айтуынша, алдын алу шараларының аясында «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар ұйымы белсенді түрде қатысып, жыл бойы 22 рейд өткізіп, есірткі сайттарын жарнамалайтын 800-ден астам жазбаны жойған. Сонымен қатар, есірткі сайттарын анықтау үшін интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіліп, 106 сайт бұғатталған.
Бұдан бөлек, нашақорлықпен күрес мақсатында ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту үшін 11 меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумдар арқылы көлік компанияларымен бірлесе жұмыс атқарылып, есірткі тасымалының алдын алу шаралары кеңейтілуде.
2024 жылға арналған жоспар бойынша облыстық әкімдік есірткіге қарсы күреске 40 миллионнан астам теңге қаражат бөлді. Бұл қаржы жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған мәдени және спорттық іс-шараларға жұмсалады.
«Біз тек есірткімен күресіп қана қоймай, жастарды салауатты өмір салтына баулуға тырысамыз. Бұл – болашақ үшін ең маңызды қадамдардың бірі», – деп түйіндеді Ардақ Қайсаров.