Сүмбелік шаруалар Жер-ананың байлығын еселеуге сонау ерте көктемнен-ақ білек сыбана кіріскен. Таңның атысы, күннің батысы алқап басынан табылып, қара топырақтың иінін қандыра илеген еңбектері қазір жемісін беріп, төккен тердің төлемі еселеп қайтуда. Оған бүгінге дейін жиналған мал азығының көлемі дәлел бола алады.
Осыған орай Райымбек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің агрономы Бекжан Кемелжанмен өңірдің күншығыс жағынан, шекара шебінің дәл түбінен ірге тепкен ауылдық округке арнайы сапар шектік. Ауыл тұрғындары биыл қолдарындағы 6202 бас ірі қара, 30 200 бас қой-ешкі, 4311 бас Қамбар ата түлігі үшін көпжылдығы мен табиғи шабындығы аралас 3000 гектар алқаптан 32 423 тонна мал азығын дайындауды алдарына міндет етіп қойған. Шөп шабу науқаны басталған екі айға жуық уақыт аралығында ойдағы-қырдағы мал қыстаулары мен ауылдағы әр үйдің аулаларына 29 209 тонна шөп жиналып үлгеріпті. Биыл науқанға 50 трактор, «Камаз», «Газ-53», тағы басқа да автокөліктер жұмылдырылыпты.
Егінжай басындағы алғаш табан тірегеніміз Ермек Қабылбеков дейтін азаматтың астық алқабы болды. Мұндағы қарбалас қимылға көз ілеспейді. Астық орып бара жатқан комбайн сары теңіз бетінде баяу жүзген дала кемесі іспетті. Комбайн шанағынан құйылған алтын дәнге қорабы лықа толған «Газ-53» автокөлігі алқаптан шығып, белгілі орынды бетке алып барады. Егінжайдағы шаруалардың көтеріңкі көңіл-күйі, бір-біріне деген сыйласымды мінездері сары алтынға мелдектеген молшылықтың хабарын беріп тұрғанын айтпай-ақ аңғаруға болады. Алқап басындағы қарбаласқа куә бола отырып, диқан жігітті сөзге тарттық:
– Шаруашылықпен айналысқаныма 20 жылдың жүзі болды. «Жер ақыңды жемейді» деген рас сөз. Биыл өзіме тиесілі 40 гектар алқаптың 12 гектарына сұлы, арпа, бидай еккен едім. Жаз бойғы төгілген тер қазір жемісін беруде, – дейді Ермек Қабылбеков еңбегінің желге ұшпағанына ризашылық танытып. Айтуына қарағанда, қазір ғана орылып біткен 4 гектар сұлыдан 30 центнерден өнім алыныпты. Енді арпа мен бидай бар. Олардан да жоспардағыдан жоғары түсім алмақ ойда. Еңбекқор жан биыл табиғи шөптен 190 орам жинаған. Қолындағы малына тұщылығын қалдырып, басқасын ақшаға айналдырыпты.
Осы сапарымызда бізді алқап басына бастап барған ауылдық округтің бас маманы Қасым Баратов та науқанның жай-жапсарынан қанықтырды. Биыл округтегі 700 гектар астықты жинауға «Нива», «Енисей» сияқты бұрыннан қолда бар 6 комбайнмен қатар жақында Қытайдан әкелінген «JoҺn Deere» аталатын үш комбайн, барлығы 9 комбайн қатыстырылмақ. Орақ науқаны жаңа басталды. Комбайндардың дені қазір көрші ауылдар мен аудандарда көмекте жүр. Науқан қызған шақта аталған техникалар ауылға келіп, диқан қауымының еңбегін желге ұшырмай, дер кезінде жинап алуға қол ұшын беретін болады. Қазір астық алқабының 100 гектарға жуығы орылды. Нақтылап айтқанда, күздіктің әр гектарынан – 13,5, жаздық бидай – 15,1, арпа 20 центнерден айналуда. Алда әлі астығы орылмаған 500 гектардан аса алқап бар. Демек, алтын дән ауылдағы әр үйдің қамбасынан асып-төгілетін болады. Оған 200-ге жуық шаруа қожалығындағы диқан қауымының сенімдері зор.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы