Елімізде жанармай құюды шектеген жанармай құю стансаларына шара қолданылады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.
«Ел өңірлерінде жанармай құю станцияларында жанар-жағармайды (ЖЖМ) сатуды шектеу фактілерінің жиілеуіне байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл әрекеттер монополияға қарсы заңды бұзатынын еске салады. Кәсіпкерлік кодекс нарыққа қатысушылардың келісілген іс-әрекеттеріне және басым компаниялардың тауарды өткізуден негізсіз бас тарту жөніндегі іс-әрекеттеріне тыйым салады» делінген Агенттік таратқан мәлімдемеде.
Агенттік құзырлы органдар күн сайын жанар-жағармай құю станцияларында және сақтау базаларында жанармайдың сатылуын қадағалап отыратынын, бағаның жоспар бойынша көтерілуіне қарамастан, кәсіпкерлер жанармай болған кезде оларды белгіленген баға бойынша уақытында сатуға міндетті екенін ескертті.
«Жанар-жағармайдың қалдық көлемі ұлғайған жағдайда және жанар-жағармайды сатуды шектеген жосықсыз кәсіпкерлерге шара қолданылады», – делінген агенттік мәлімдемесінде.
Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай компания табысының 5% дейін айыппұл салу көзделген.
Жанармай құю станциялары оны сатудан бас тартқан жағдайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық бөлімшелеріне, ал белгіленген бағадан қымбатқа сатқан жағдайда – Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық бөлімшелеріне хабарлауға болады.
Бұған дейін Энергетика министрлігі елімізде 12 сәуірден бастап АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин 11 пайызға, мен дизель отыны 20 пайызға қымбаттайтынын хабарлаған. Ресми түсінік бойынша бұған ел аумағынан транзитпен өтетін көліктердің жанармайға деген сұранысының артуы және көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда жанармай бағасының арзан болуы себеп болып отыр.
Кеше Премьер-министр Әлихан Смайылов елде егіс науқаны аяқталғанға дейін ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге дизель бағасы қымбаттамайтынын хабарлаған.
Айта кетейік, облыста барлығы 197 жанар-жағармай құю стансасы бар.