Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты Жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетін болды. Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында мәлімдеді.
«Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек», – деді Мемлекет басшысы. Иә, бұл – ел өміріндегі маңызды қадам. Жауапкершілік жүгі ауыр. Себебі, атом электр стансасының салынуы – елімізде бұрын-соңды болмаған өте үлкен жоба. Оның игілігін келешек ұрпақ көруі тиіс. Болашақты ойлағандықтан осындай ірі қадам жасалғалы отыр. Сондықтан атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін бұған дейін де Президентіміз ұдайы айтып келді. Стратегиялық жоспарларды кеңінен талқылау керек деп санады. Сөйтіп, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Расымен де, бұл – ел азаматтарының жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім.
Қазіргі кезде әлемнің дамыған және дамушы 30 елінде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұрғанын айтқан Президент бұл қуат көзі ел экономикасының ұлғайып бара жатқан қажетін елеулі дәрежеде өтейтінін жеткізді. Сарапшылар да Қазақстанның қазіргі көлемде өндіретін электр қуаты 2030 жылға қарай аздық ететінін мәлімдеген болатын. Қазақтың сайын даласына молынан қуат беретін станса шынымен керек-ақ. Бұл орайда Жамбыл ауданы жұртшылығының пікірі әртүрлі. Оны қоғамдық кеңес төрағасы ретінде тұрғындармен кездесулерде біліп жүрмін. Бірі атом электр стансасынан келер қауіп зор, адамға зиян, келешегімізге қауіпті десе, енді бірі қолдайтынын білдіреді. Атом электр стансасының Қазақстанда салынуына қарсы пікір білдірушілер Украинадағы Чернобыль, Жапониядағы Фукусима стансаларында болған апаттарды мысалға келтіреді. Адамзат үшін өте қауіпті екенін алға тартушылардың пайымдауынша, әлемдегі геосаяси жағдайдың ықпалымен атом электр стансасы арандату нысанасына айналуы мүмкін.
Өз басыма келсек, атом электр стансасының Қазақстанда салынуын қолдаймын. Тұрақты қуат көзі бола алатын мұндай станса елімізге керек. Бүгін болмаса ертең, бәрібір болашақта осыған келеміз. Кейінгі кезде бірнеше жиналыстарға қатысқанда көз жеткізгенім, қолдайтындар көп. Мәселен, Жамбыл, Аққайнар, Сұраншы батыр ауылдарында көпшілік қолдап жатыр. Әртүрлі пікірлерді естіп жүрмін дедім ғой, ал мұнда сөзді бұра тартып, аяқтан шалып жатқан ешкімді байқамадым. Референдумға біркісідей қатысып, өз көзқарасымызды білдірейік дейді жұртшылықтың дені. Ел өміріндегі маңызды саяси шарадан тысқары қалмай, белсенділік танытқандары құптарлық.
Біз қалай десек те, бәрібір болашақтың тұрақты энергия көзі осы дер едім. Бүгін болмаса, ертең қайта айналып осыған соғамыз. Келешекті ойлауымыз керек. Алматы облысының аумағындай ғана жері бар Францияның өзінде атом электр стансасының 70-і тұр екен. Америка, Жапония сонымен күнін көріп отыр. Қытай бірнешеуін салып жатыр. Іргемізде тұрған 5 миллиондық қырғыздар қолға алды. Өзбекстан бастайын деп жатыр. Сонда солардың ортасында қараңғыда қаламыз ба? Жоқ, одан қорықпауымыз керек. Қазір заман басқа, заң басқа. Бұрынғы ескі реакторлар болмайды. Күн санап ғылымның дамып бара жатқан уақыты. Мәселеге бұрынғыша қарамау керек. Атом электр стансасының құрылысы басталса, он жылдың көлемінде аяқталады. Осы уақытта еліміз өркениет көшінен қалмай дамыса екен деп тілейік.
Қай жерде салынады, кім салады, маман дайын ба? Осы сұрақ мені әуел бастан мазалаған еді. Таңдаудың бірі Жамбыл ауданының Үлкен ауылына түсті. Олай болса, Балқаш көліне кері әсері болмай ма? Күрделі құрылысты кімдер салып, қай елдің технологиясы орнатылады, ол қаншалықты заманауи және сенімді? Стансаның жұмысын өз еліміздің мамандары жүргізе ала ма? Осы сауалдарға құзыретті тараптан нақты жауап керек. Еліміздің қай жерінде салынғаны маңызды емес, маңыздысы – оның қоршаған ортаға зияны тимеуі, апат қаупінің болмауы. Стансаға осы бастан маман дайындау керек. Қайтадан ұрынып қалмайық. Игілігін өзге емес, өзіміз көруге тиіспіз. Көкейімдегі бір мәселе осы.
Бағдат ӘЛИЕВ,
Жамбыл аудандық қоғамдық
кеңес төрағасы