Биылғы далалық маусымда Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының «Этноархеология» тобы Алматы облысы аумағында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Аталған зерттеу жұмысы барысында бұған дейін белгісіз болып келген Қарасаз қалашығы табылды. Бұл жетістікті маңызды тарихи жаңалық деуге болады.
Қарасаз қалашығы Алматы облысы Райыбек ауданы Қарасаз ауылының жанында орналасқан. Ескі қалашықтың орыны жайлы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының «Этноархеология» тобы меңгерушісі Орынбай Ошанов :«Қалашықтың өз басы жақсы сақталған. Оны шығыс және оңтүстік-шығыс жағынан көне заманғы қорым қоршап жатыр. Арасынан ХІХ ғасырдағы және заманауи зираттар бой көтерген. Бұл жерде ақиық ақын Мұқағалиды дүниеге әкелген Нағиман ананың зираты да бар», – дейді.
Қалашықтың осы уақытқа дейін белгісіз болып келуін мамандар оның орналасқан жерімен де байланыстырып отыр, яғни қаланың тұрған жері таза көшпелілердің арасы, жайлау мен қыстаулы жерлердің түйіскен жері. Қалыптасқан ұғым бойынша Қазақстанда қала мәдениеті негізінен Сыр бойы, Іле секілді көшпелілердің қыстаулары бойында дамығаны белгілі. Оның үстіне Кеген-Нарынқол аумағында ортағасырлық қала жұрттарының кездесуі сирек жағдай . Сонымен қатар бұл қала-жұрты моңғол дәуіріне дейін болғанына дәлел ретінде осы жұрттан күйдірілген кірпіш үлгілері, қыш ыдыс сынықтары табылған.
«Қалашық бір қабатты, белгілі бір кезең аралығында ғана пайда болып, кейін тіршілігін тоқтатқаны байқалады. Сірә, Қарахан кезеңімен байланысты болуы тиіс. Өйткені Жетісу жерінде қала мәдениетінің сауда-экономикалық тұрғыдан ең бір дамыған кезеңі осы дәуірлер саналады. Қалашықтың Шығыс бұрышында кірпіш қаландысы байқалады. Бүтін шыққан екі кірпіш үлгісінің өлшемдері: 26х26х4 см; 23,5х11х4 см. Бұл Тараз қаласының Қарахан кезеңі құрылыстарының кірпіш үлгілерімен сәйкес келеді. Табылған керамика сынықтары бір қалыпты сұр түсті»,– дейді «Этноархеология» тобының меңгерушісі – Орынбай Ошанов.
Алматы облысында мұндай көне қалашық орнының табылуы – бүкіл еліміз үшін, әсіресе отандық тарих үшін сенсациялық оқиға.
Ендігі кезекте бұл аймаққа институттың ерте дәуір, ортағасыр кезеңінің мамандары бармақшы, осы зерттеулерден кейін ғана қала туралы нақтылы мәліметтер, деректер алынып, болашақ зерттеу жұмыстарының негіздемесі жасалады. Ал оны толыққанды зерттеу, қаржы көзін шығару, жоспарға алу келер уақыттың ісі болмақ.