Талғар ауданы Бесағаш ауылының тұрғыны Раиса Беломоина 100 жасқа толды. Ауылдық округ әкімі Ернар Жүнісов осыған орай ғасыр жасаған кейуананы туған күнімен құттықтап, ауыл тұрғындары атынан құрмет көрсетті. Аудандық мәслихат депутаты Ержан Игібаев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шабден Ноғайбаев, округтегі әйелдер кеңесінің мүшесі, күрд мәдени орталығының өкілі Памбук Шарипова мен қоғам белсенділері де мерейлі жас иесіне ізгі тілектерін білдірді.
Раиса Устиновна 1924 жылы 10 қыркүйекте Ресейдің Омбы облысында көпбалалы отбасында дүние есігін ашыпты. Бала күнінен еңбекке араласып, сабағын да жақсы оқыған ол мектепті үздік бітіріп, Омбы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түседі. Оны да үздіктер қатарында бітіріп, ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Тұқым зертханасында ғылыми жұмыспен айналысып, өсімдік генетикасын зерттейді, жаңа сұрыптар шығарады.
1960 жылы Беломоиндар отбасы Қазақстанға қоныс аударады. Алдымен бұрынғы Гурьев қаласында тұрған оларды кейін тағдыр Талғарға алып келеді. Бұл жерде де білікті маман жемісті еңбек етеді. Құрметті демалысқа шыққан соң да қол қусырып отырмай, Ауыл шаруашылығы институтында, біліктілікті арттыру курстарында сабақ береді. Раиса Устиновна екі ұл тәрбиелеп, олардан төрт немере, төрт шөбере сүйіп отыр. 100 жасқа толуына орай әкім мен қоғам белсенділерінің тура үйіне келіп құттықтауы ол үшін күтпеген әрі қуанышты оқиға болды. Олардан гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар қабылдай отырып, мерейлі жас иесі барлығына ризашылығын білдірді.
– Бұл – мен үшін, менің ұрпағым, туған-туыстарым үшін үлкен құрмет әрі мақтаныш! Әрқашан аман болыңдар, отбасыларыңа, ағайын-туыстарыңа, ел-жұртымызға татулық, бірлік, тыныштық, жұмыстарыңызда табыс тілеймін, – деді кейуана.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы