Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылын білмейтін қазақ жоқ десек, қателеспейтін шығармыз. Өйткені бұл өлке – жыр перзенті Мұқағали Мақатаевтың атамекені. Еліміздің түкпір-түкпірінен Қарасазға келушілердің легі толастамайтыны сондықтан. Ақын даңқы асқақтаған сайын ауылдың мәртебесі де биіктеп барады.
Жуырда Мұқағалидың туған жеріне қатысты тың деректі естіп таңғалдық. Редакцияға Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары хабарласты. Олар Қарасаздың қойнауында көне қалашық болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін экспедиция мүшесі Орынбай Ошановқа хабарласқан едік.
Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының «Этноархеология» тобы биыл шілде-тамыз айларында Алматы облысы аумағында зерттеу жұмысын жүргізген. Оған Жамбыл, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандары еніпті.
– «Этноархеология» – институт қабырғасында енді ғана ашылған жаңа сала, әрі ресми түрде биылғы жылдың қаңтар айынан жұмысын бастады. Біздің міндетіміз – қазақ этнографиясын зерттей отырып, оның нәтижесін көне замандармен салыстырамыз. Алматы облысы бойынша зерттеу жұмыстарымыз әзірге барлау ғана, сондықтан экспедиция тобында екі адам болдық.
Басты жаңалығымыздың бірі – бұған дейін ұлт тарихында белгісіз болып келген ескі қала-жұртының табылуы. Оны «Қарасаз» деп, орналасқан жердің атымен белгілеп отырмыз. Ол керуен-сарай, бекініс немесе басқа да ескі жұрт болуы мүмкін, оны алдағы толыққанды қазба жұмыстары көрсетеді, – дейді «Этноархеология» тобының меңгерушісі Орынбай Жаңабайұлы.
Айтуынша, қалашық Қарасаз ауылының жанында орналасқан. Шығыс және оңтүстік-шығыс жағынан көне заманғы қала қорымы қоршап жатыр. Арасынан ХІХ ғасырға тән зираттар бой көтерген. Бұл жерде ақиық ақын Мұқағалиды дүниеге әкелген Нағиман ананың бейіті де бар. Бір атап өтер жайт, көне заманғы зираттардың шеткі бөлігі егін алқабын жырту барысында тегістеліп кеткен.
– Қалашықтың шығыс бұрышында кірпіш қаландысы байқалады. Бүтін шыққан екі кірпіш үлгісінің өлшемдері: 26х26х4 см; 23,5х11х4 см. Бұл Тараз қаласының Қарахан кезеңі құрылыстарының кірпіш үлгілерімен сәйкес келеді. Табылған керамика сынықтары бір қалыпты, сұр түсті. Институт мамандарының айтуынша, ортағасырлық керамика үлгілеріне жатады.
«Қала неге бұл жерде орналасқан?» деген сұраққа келетін болсақ, «Қарасаз» қалашығының пайда болуы тікелей көшпелілердің өмірімен байланысты. Өйткені оның орналасқан жері – атақты Шалкөде жайлауының басталар тұсы. Шалкөде ұзындығы – 35-40 км, ені 15 км құрайтын алқаптың ішінде орналасқан. Бұл маңда ел астанасының маңызын атқарған тағы бір сауда қаласы болды. Ол – Іле бойында орналасқан ортағасырлық Алмалық қаласы. «Қарасаз» қалашығы – Қарахан дәуірінде экономикалық тұрғыдан өрлеудің шыңы болғанының бір дәлелі. Дәл көшпелілердің ортасында осындай қаланың пайда болуы қуатты мемлекеттік жүйенің, сауда ісінің оңтайлы жолға қойылғандығын және барынша жағдай жасалғандығын көрсетеді, – дейді Орынбай Ошанов.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіне дейін Кеген даласында атақты Қарқара жәрмеңкесі жұмыс істеп келді. Қалашық көне сауда жолдарының бойында тұр. 1858 жылы Ш. Уәлиханов Әлімбай атты «саудагер» болып Қашқарға сапар шеккен жолында, керуен Шалкөдеде бірнеше күн тұрып, жергілікті рулардан мал саудалайды. Шоқанның тағы келтіретін маңызды дерегі – осы Қарасаздың маңында, яғни «Саз» деген жерде (негізі Көмірші мен Сарыжаздың аралығы болуы керек), циндіктердің қалмақтардан жасақталған 9-дивизиясы орналасқанын жазады. Міне, бұл мәліметтер Шалкөде орналасқан алқаптың ерте уақыттан билік күштерінің бақылауда ұстауға тырысатын сауда-саттықта түйінді жер болғандығын айғақтайды.
Біз экспедиция тобының меңгерушісінен «Жергілікті тұрғындардың пікіріне құлақ түрдіңіздер ме? Өйткені бұрын бұл маңда ескі Қарасаз ауылы болған» деген ақпаратты алға тарттық.
– Колхоз бен ортағасырлық қала жұртын еш шатастырмайсыз, әрі бұл екі жұрттың орындары бір-біріне қатыссыз екі бөлек орналасқан. Ескі Қарасаз ауылының болғанын білмеген екенмін. Бұл мәселеге нақтырақ көз жеткізу үшін жергілікті тұрғындардан сұрастырдым. Олардың айтуынша, ескі Қарасаз ауылы қазіргі Қарасаз ауылынан өткеннен кейін, Шалкөде ауылына апаратын тасжолдың оң жағында болған, бүгінде ол жер жыртылып, тегістеліп кеткен. Ал ортағасырлық қалашық Қарасаз ауылына жетпей, 2-2,5 шақырым жерде, тас жолдың оң жағында, ауыл зираттарының қасында орын тепкен. Жоғарыда айттым ғой, арасында Мұқағалидың анасының зираты да тұр. Қала жұртынан ортағасырлық қыш ыдыс сынықтары, кірпіш үлгілері алынды.
Жалпы, жергілікті тұрғындармен жұмыс істеу – этноархеология әдістемесінің қатарына енеді. Экспедиция барысында Шалкөде ауылдық округіндегі «Жарсу» қыстауында отырған Ержан Түңлікбаев деген азаматтан өзінің тұрған жерінің жер-су атаулары, ертедегі қыстаулар жөнінде біраз мәліметтер алдық. Осы секілді Қарасаз ауылдық округіндегі «Түзу» қыстауының тұрғыны Науат Сүлейменовадан тың деректер жазып алудың сәті түсті. Этноархеология қазақ кезеңінің ескерткіштерін дәлелдеуде мұрағаттық деректермен қатар жергілікті тұрғындардың мәліметтеріне де сүйенеді, – дейді ол.
«Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын…» деп Мұқағали ақын айтқандай, елең еткізген бұл ақпарат егер толық ақиқатқа айналса, ел мен жерге қатысты үлкен оқиға болар еді. Оны ғылыми сараптамалар одан әрі анықтауға тиіс. Біздің міндет – естігенді оқырман назарына ұсыну.
Болат Мәжит