Қазіргі таңда азаматтардың зейнетақы және әлеуметтік төлемдер тағайындауда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алуы барынша оңтайландырылған. Бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтініш беруден бөлек (ХҚКО), электронды тәсілдер де кеңінен қолданылады.
Бүгінгі мақаламызда мемлекеттік қызмет көрсетудің түрлері мен әдіс-тәсілдеріне кеңінен тоқталамыз. Қызмет көрсетудің электронды нұсқалары жайлы сөз қозғасақ, оның бірінші тәсілі – www.egov.kz электрондық үкімет веб-порталында ЭЦҚ кілтін қолдана отырып сілтемелерден өту. Келесі тәсілі – екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары («Халық банк», «Каспи банк», «БанкЦентрКредит» және басқалары) арқылы іске асыру. Үшіншісі – «Отбасының цифрлық картасы» проактивті жүйесі – 1414-тен келген СМС-ке жауап беру негізінде атқарылады. Ол үшін проактивті форматта көмек алушыдан өтініштің түсуін күтпей-ақ тағайындауды қарастырады. Өз кезегінде бұл жүйе өте тиімді. Азаматтар тиісті органдарға барып, кезекте тұрып, уақытын жоғалтпайды. Заманауи құралдар мен тәсілдерді қолдана отырып, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу мүмкіндігі туындайды.
Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті әлеуметтік салада барлығы 17 мемлекеттік қызметті көрсетеді. Жекелей атап өтетін болсақ, бұлардың қатарында жасқа байланысты берілетін және мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындау шараларын айта аламыз. Мүгедектікке, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға), бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға, бала тууға және бір жарым жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне байланысты, көпбалалы отбасыға, арнаулы және арнайы тағайындалатын мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақылар да біздің департаментпен рәсімделеді. Бұдан бөлек, жерлеуге, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың қазақстандық азаматтарына ай сайынғы төлемдерін реттеу, мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау, зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беру, наградталған анаға мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау, Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы сияқты қызметтер де аталған департамент арқылы атқарылады.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпаратты департаменттің ресми сайтынан немесе 8(72772) 2-01-21, 8(72771) 2-11-90 телефондары арқылы білуге болады.
Анар ОРАЗАЛИНА,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Халықты әлеуметтік қорғау
саласын реттеу және бақылау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы