Тіл деген әз-халқымыздың күнделікті тұрмыс қазанында қайнап, пісіп, жетіліп, дамып, төрткүл дүниеге тарайды. Біз ауыз әдебиеті тілімен ой-өріс, интеллектуалдылығымызды тереңдеткен тегеурінді текті елміз десек, шындықтан қашық болмаса керек. Себебі, бағзы заманнан бері біздің ана тіліміз – мемлекеттік қазақ тілі өсіп, өркендеуде.
Қазақ тілінің сөздік қоры бай болғаны соншалық, бір сөздің өзі бірнеше мағына береді. Мысалы, «Шыр біту» – бұл тіркестің беретін мағынасы түсінікті. Ол – семірді, ет алды, қоңданды дейміз. Шыр сөзінің үш түрлі баламасы бар. «Нәр, маңыз және әл, қуат, күш» дегенді де білдіреді. Майды шыр сөзімен атаудың өзі ұмыт болғанымен, бұл сөз өз мағынасында тіркес құрамында сақталған. Мұндай іспеттес құбылыс бүгінгі қазақ тілінде аз кездеспейді. Сондай-ақ қазақ терминкомында «Сквозняк» сөзі «желорай» деп аударылған. Ал мұндайды әлімсақтан абыз бабаларымыз «өкпек жел» деп атайды. Бұл біздің қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушыларымыздың, біртуар ғалымдардың шынайы шығармаларында кеңінен қолданылады.
Тіл білімінің айшықты тұлғасы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деген қанатты сөз айтқан еді. Үкіметтің арнайы қаулысымен 2017 жылдан 5 қыркүйек әліпбиіміздің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай сәйкестендіріліп, «Тіл мерекесі» болып жарияланды.
КСРО заманында «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы қазақ тілі мен әдебиетін, мәдениетін әлемге әйгіледі. Ұрпақтар сабақтастығының ізін жалғастырып, өнегелі үлгісін көрсеткен жазушы-драматург Дулат Исабековтің жер жүзінің қаһарман қағаны болған Шыңғысханның бәйбішесі Бөртеге арналған пъесасы әлемнің ең озық театрларында күні бүгінге дейін қойылып жатқандығы қазақ тілінің мәртебесін биіктете түседі. Қазақстанның Еңбек Ері, Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат ағамыздың шымыр шыққан шығармаларының бірегейі «Өкпек жолаушы» деп аталады. Қазақта «Өкпек жел өкпеңнен өтеді» деген сөз бар. Сонда зер салып қарасаңыз, бір сөйлемнің ішінде қолданылатын әрбір сөздің астарында көп мағына бар. Ұлттың ұлт болып ұйысуына айрықша әсер ететін, әр беретін – оның тілі мен мәдениеті және тарихы. Ұлт руханиятына шынайы, риясыз жанашырлық жасап, қызмет атқарған көзі ашық, көкірегі ояу кісілердің барлығы өз тілін ерекше құрметтейтіні баршаға үлгі-өнеге.
Қазақтың айтулы ақыны Қадыр Мырза Әлінің: «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте, Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте», – деп айтқан өсиет сөзі ел ішінде афоризмге айналғалы қашан?! Жалпы, ұлттық идеологияның бастауы – бала тәрбиесі, тәрбиелі ұл – еліміздің бағы. Республикамыздағы барлық балабақшалар, мектептегі бастауыш сынып оқушылары әліппеден бастап өз ана тілінде білім алса, ата-баба үні – ана тілінің қадыр-қасиетін әлемнің қай түкпірінде жүрсе де үнемі есінен бір елі шығармайтыны анық. Дана халқымыз «Жас кезде алған білім тасқа қашалғанмен тең, Ұлғайғанда оқыған білім мұзға жазылғанмен бірдей» деп бекерге айтпаса керек.
Тіршіліктің бастауы – тіл. Руханиятымыздың негізгі көзі, діңгегі – ана тіліміздің тереңдігінде. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Әйтеуір, кінә тауып бір жеріңнен, Сынауға тіптен құмар кім көрінген. Бірақ та, білесің бе, ей, кім көрінген, Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» деген өлеңі тілдің құдіреттілігін анық көрсетеді. Егеменді елімізде тіліміз мұнтаздай таза болса, ол мемлекеттің беріктігі және білімді ұрпақтың біртұтастығы екені даусыз. Тіл – үш әріптен құралған сөз болғанымен, оның тағдыры, жасампаздығы, ғасырларға жалғасатын өміршеңдігі – халықты ұйыстыратын қастерлі ғаламат ұғым.
Жаһандану заманында көп тілді меңгерген (полиглот) адамның қоғамда шығар биігі жоғары болғанымен, өзінің ана тілін жетік білгеннен артық қандай бақыт бар?! Осыны бүгінгі жас ұрпақ санасына тоқып өссе, ата-бабамыздың үмітін ақтаған, аманатқа қиянат жасамаған ақылды, айбынды елге айналамыз. Тіліміз, діліміз, дініміз үшін ұлт руханиятына риясыз қызмет еткен халық қаһармандары аз болмаған. Алаш қайраткері Халел Досмұхамедовтің: «Өзінің ана тілін терең біліп, өзге тілде сөйлесе – оған сүйсінемін, өзге тілді терең біліп, ана тілін білмесе – ондайға күйінемін», – деп айтқан аталы сөзі қазіргі кезде де жасампаздығын жоймаған. Күн тәртібіне қойылса, шешілмес түйін қалмас. Бүгінгі таңда әсіресе, қалалық жерде оқыған жасөспірімдердің тілі шұбарланғаны жасырын емес. Кемеңгер халқымыздың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының жас кезінен жан-жақты жетілуіне мұрындық болған, дәретсіз баласын омырауына алмаған әз-анасы Ұлжанның, зерделі әжесі Зеренің бесік жырынан бастап халық ауыз әдебиетіндегі (фольклор) ертегілерді, аңыз әңгімелерді, тағылымы мол оқиғаларды санасына сіңіріп, тәрбиелеп өсіргенінің нәтижесінде жадының мықты, есте сақтау қабілетінің артуына ықпалы ерекше болғаны сондай, есейіп, ержеткенде, мұқым елдің ортақ ұлы болғанына барлығымыз куәміз. Сайып келгенде, бұл – ана тіліміздің құдіреті. Балаға тәрбие де, білім де, өнер де тіл арқылы дариды. Тәрбиелік мәні зор, ғибратқа толы сара сөздерді, рухани әңгімелерді жас балаға күнбе-күн айта берсеңіз, ол зердесіне тоқып өскенде зерек, өзгеден болмысы бөлек болып қалыптасады. Әдепті, тәртіпті ұл-қыз қай кезде болмасын ата-ана қуанышы, елінің сенімін ақтар еңселі ер-азаматы болады.
Бәріміз болмасақ та, көпшілігіміз ауылда ержеттік. Ауыл болған соң өзіне тән ерекшеліктері болмай тұрмайды. Жылдың төрт мезгілінде жылқыға мініп, қой жаясыз. Төрт түлік малдың қыстық азығы – жем-шөбін дайындайсыз. Қара қойды бағып жүрген бала сақман кезінде бір тыным таппайды. Қозы-лақты аналарына кешкісін жамыратқанда, қай қозы қандай қойдың төлі екенін шаруаға бейім бала бірден танып, біліп тұрады. Бұл қасиет ғасырлар бойы мал бағып күнелткен бұрынғы аталарымыздан келе жатқан үрдіс. Ол заңдылық. Жылқыға мінген, қымызын ішкен, етін жеген, мал баққан елміз. Қазақ жылқы мінезді халық деген сөз осыдан шыққан болуы ғажап емес.
Алтын бесігіміз – ауылдағы мектептерді ойдағыдай бітіріп келген балалар қалаға келгенде орыс тілінде сөйлейтін қазақтың аға-апаларын көріп, кейбір құрбыларына қарап еліктеп, өзге тілде сөйлеуге тырыса бастайды. Байқайсыз ба? Сол балалардың қалыпты қалпын бұзып жатқан өзіміз емес пе деген ойға қаласыз. Өйткені «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелегі де сонда бұрылады».
Біз Мәңгілік ел боламыз десек, соған сай ұлттың ұйтқысы саналатын ауқымды тірліктерді үздіксіз жасап, жай ұранмен емес, шынайы ақиқатқа негізделген бай ұлт екенімізді бүкіл әлемге мойындату қажет. Ақиқат пен әділеттілікті сүйген халық – бақытты халық. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін ғылымның тіліне айналдырып, халықаралық дәрежеге көтеретін де осы елдің көзі ашық, көкірегі ояу ер азаматтары, жігерлі, жалынды жастары болуы тиіс. Қандай жағдай болса да, тұғырынан таймайтын, мемлекетіміздің басты ерекшелігінің негізгі белгілерінің бірі – тілінде екенін жүрегімен сезінген халықтың басты арманы қандай болсын? Құдай бізге ғасырлар бойы аңсап, армандаған, батыр бабалардың мәңгілік ел боламыз деген басты асқақ арман-мақсатын іске асыруды пешенемізге жазған бақуатты, бақытты ұрпақпыз.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген ғұламалардан қалған ғажайып сөз бар. Кеңес одағы тұсында лауазымды қызмет атқарған, ана тілі мен қоса шет елдің тоғыз тілінде емін-еркін сөйлеген қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты, публицист, жазушы, аудармашы Нәзір Төреқұлов телегей-теңіз энциклопедиялық білімінің арқасында әрбір тілдің, әрбір сөздің этимологиясын ұқыпты ыждаһаттылығымен меңгергендігінің нәтижесінде елшілік қызметін абыроймен атқарғанын архивтегі құжат материалдары, шежіреге толы тарихымыз растайды. Елшілердің елшісі (дуаен) болуы – алтын қазығы – ана тілін бірінші орынға қойғандығында жатыр. Өйткені біздің тіліміз шұрайлы, өте бай тілдердің алдыңғы қатарында тұрған түсінікті тіл.
Ахмет Байтұрсынұлы салған сара жолды жалғастырған ұлт руханиятының шынайы жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-ғалым, ана тіліміздің, мәдениетіміздің дамуына айтулы үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков дейміз. Ол кісінің тікелей ұйытқы болуымен 1989 жылы әсем қала Алматыда өткен 1-ші құрылтайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Оның президенті болып, биыл көзі тірі болғанда 100 жасқа толатын соғыс ардагері, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі түркітанушы-ғалым Әбдуәлі Қайдаров сайланды. Осы «Қазақ тілі» қоғамына вице-президент (кейіннен президенті болған) болып тағайындалған ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ана тіліміздің көрнекті тұлғасы Өмірзақ Айтбаев қазақ тілінің өркен жайып, көркеюіне, халықаралық деңгейіне жетуіне ғылыми бағыттар негізінде көптеген құнды тағылымды еңбектер жазды. Сол кезде Алматы облыстық «Қазақ тілі» қоғамына басшылық жасаған, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған белгілі журналист-жазушы Жұмабай Шаштайұлының қазақ тілінің қанаттануына сіңірген еңбегі орасан зор.Тіліміз үшін рухани, мәдени еңбектер жазып, сонымен қатар ұлттық телеарнада көрсетілген «Үзеңгі жолдас» хабарының тележүргізушісі ретінде халықтың есінде қалған қоғам қайраткері еді.
Ал қазір бірнеше тілді меңгеруді емес, әуелі бойымызға қуат, ойымызға шуақ бола алатын ана тілі – қазақ тілін керемет білсек, еліміздің ұтылғаны емес, ұтары көп ұлт болатынымыз айқын. Анықтап қарасаңыз, тіл тірі организм сияқты. Оны ерекше күтіп, баптап өсірсек ол да кезегі келгенде жемісін бермей қоймайды. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызда бар темірқазығымыз – ана тілімізді қадір тұтып, қастерлеу басты борышымыз. Отанымызда өмір сүріп жатқан әрбір отбасы мүшесі табалдырықтан биік тау болмайтынын біліп өскен жас өркен еліне қызмет ете бастағанда дербес тілі, ділі, діні бар осы елдің бел баласы, намысты болашақ данасы екенін еркін сезінсе, ұлтына қалтқысыз қызмет қылары айтпаса да түсінікті емес пе?
Елімізде ана тіліміздің дамуына айрықша құрмет көрсетіп, тіліміздің кең тыныстануына ықпал еткен белгілі, беделді ақын-жазушыларға, ғұлама-ғалымдарға, қоғам қайраткерлеріне және саясаткерлерге, Аллаға шүкір, кенде емеспіз! Солардың алдыңғы қатарында күн дидарлы ақылды кісі, осыдан тұп-тура 100 жыл бұрын Үкімет басшысы (Совнарком 1922-1924 ж.) болған, тарының дәніндей мүмкіншілікті пайдалана білген Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллиннің «Барлық мемлекеттік іс-қағаз құжаттары тек қазақ тілінде жүргізілуі тиіс» деген ұсынысы және арнайы қаулысы шыққанынан хабардармыз. Оның сондағы ойының арман, мақсаты ұлтының коды – тілінде екенін сақтап қалу болған. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, халықаралық Д.Қонаев қорының «Мерей» орденін алған, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Қонаев қаласы бойынша өкілі, еліміздің белгілі ақыны, тіл жанашыры Берік Байловтың «Тасқа тұнған тамшылар» атты («Үш қиян» баспасы 2021 ж) кітабында «Қазақтың тілі өлмейді» деген өлеңін оқыған едік. «Көрсе де қорлық күнде азап, Сәулесі сенім сөнбейді. Қалғанша жерде бір қазақ, Қазақтың тілі өлмейді», – деп ана тіліміздің халықпен бірге дамитыны туралы өзекті ойын әдемі өлеңмен жеткізеді. Құдайға мың тәуба! Ата Заңымызда (ҚР Конституциясы) жазылғандай, 1989 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақстанда «Тілдер туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Сол кезден Қазақ КСР-ның мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып арнайы бекітілді. Биыл қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 35 жыл толды. Осылай ғасырларға жетіп, қазақ тілі өз арнасын кеңейте беруіне әрдайым үлес қосқанымыз абзал. Барлық мемлекеттік іс-қағаз құжаттары қазақ тілінде жүргізіліп, ақырындап орындалып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты мақаласында: «Қазақ тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деген айшықты сөзі бар. Қазақ тілін көтерудегі алғышарттың бірі – балалар әдебиетін дамытып, көкжиегін кеңейту қажет. Балалар әдебиетінің аңызы болған жазушы, абыз ағамыз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мұзафар Әлімбаевтың «Жалғыздың да үні шығады, Жаһанға жаяр шындығы болса, Көптің де үні шықпас, Елден жасырған сұмдығы болса», – деп жазған отты өлеңі бар еді.
Мемлекет және көрнекті қоғам қайраткері, лингивист-ғалым Нұртас Оңдасынов 1938-1951 жылдар аралығында Үкімет басшысы (Совнарком) болып жүргенде қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне біршама келелі жұмыстарды атқарады. Қызметке келе сала ұлт руханиятының жаңғыруына көп еңбек етеді. Халық батыры, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Амангелді Имановқа арналған, 1938 жылы түсірілген тұңғыш «Амангелді» кинофильмнің өмірге келуіне тікелей басшылық жасайды. Бұл фильм руханиятқа шөліркеген халқымыздың мерейін бір тасытқаны белгілі. Еліміздің дамуына бар күш-жігерін жұмсаған Нұртас Дәндібайұлы зейнетке шыққан соң Мәскеу қаласында тұрса да ғылыми негізде бір өзі 5 томдық «Арабша-парсыша, парсыша-арабша-қазақша және араб текті қазақ есімдері» деп аталатын еңбектерін толықтай аяқтаған соң, 1969 жылы Алматыға арнайы келіп, кітаптарын жарыққа шығарады. Бір айта кететіні, осы еңбектерінің алғы сөзін жазған Әбдуәлі Қайдаров болатын. Бұл еңбектер – қазақ тілінің дамуына қосылған қомақты үлес.
Басты арманымыз қазақ тілінің әлемдік тілдер қатарында тұрса деген ізгі ниет, ықылас, пейілімізден туындаған тың ойлар еді. Тар жол, тайғақ кешкен заманда өмір сүрсе де, біздің таудай биік тұлғаларымыздың жасаған ғаламат еңбектерін көргенде тәнті болатанымыз рас. Тіліміздің тұғырлы, еліміздің ғұмырлы болуына өлшеусіз еңбек етіп, тері сіңетін бауырларымыз көп болсын дейміз!
Абдрахман Тәуекелұлы,
Ғани Смаханұлы