Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданына арнайы іссапармен барып, өңір жұртшылығымен жүздесті. Аудандағы бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысып, Долан ауылында бой көтерген жаңа мектептің ашылуына қатысты.
Бұл күні аудандық Мәдениет үйінде Марат Елеусізұлы мен облыстық басқармалардың басшылары алдымен азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындарды толғандырып жүрген жайларды өз ауыздарынан естіді. Қабылдау барысында жекелеген мәселелер бірден шешімін тауып жатса, кейбіріне мән-жайы анықталғаннан кейін нақтылы жауап берілетіні айтылды.
Осыдан кейін үлкен залда аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев кездесудің күн тәртібін бекітіп алғаннан кейін өткен кезеңде атқарылған және алдағы уақытта жасалатын жұмыстары жайында есепті баяндама жасау үшін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновке сөз берді.
Баяндамасын «Қарасай ауданында 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша экономиканың барлық салаларында оң динамика бар» деп бастаған Жасұлан Тоққожаұлы аудан экономикасының басты көрсеткіші –негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 112,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға артқанын атап өтті. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған ол инвестицияның басты бөлігін бюджет шығыстары құрағанын, осының есебінен Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, Олимпиадалық даярлау базасы мен Көкөзек қосалқы стансаларының құрылысы жүргізілгенін жеткізді.
Ауданға тартылған инвестициялардың қарқынды өсуі – өнеркәсіп саласын дамытуға септігін тигізетіні айқын. Осылайша, негізгі капиталға өнеркәсіп өндірісінен түскен инвестициялар көлемі 21 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда үш есеге дейін артқан. Бұл өсімді аудандағы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 6,1 пайызға артып, 412,1 млрд теңгеге жеткенінен де аңғаруға болады.
Аудан әкімі өз баяндамасында халықты жұмыспен қамтудағы оң өзгерістер мен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды айта келіп, өңірдегі агроөнеркәсіп саласын дамыту, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы, салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің жүзеге асырылуы, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік сала, соның ішінде үшауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында жаңадан бой көтерген білім шаңырақтары жайына тоқталып өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл сайын 1 сыныпқа баратын балалар санының еселеп артуына қарамастан, соңғы екі жылда үшауысымды мектептер саны 12-ден 4-ке азайғаны айтарлықтай нәтиже екені айтылды.
Жасұлан Тоққожаұлы өз баяндамасында аудандағы денсаулық сақтау саласы, жұртшылықты жиірек мазалайтын коммуналдық шаруашылық қызметі, халықты сумен, электр қуатымен қамтамасыз етудегі толғақты мәселелер, елдімекендерді түнгі жарықпен қамтамасыз ету, ауылдар мен көшелерді абаттандыру, автомобиль жолдарын жөндеу мен жаңадан салу, халықтың жүріп-тұруына қажетті қоғамдық көлік бағыттарын жақсарту мәселесінде шешімін тапқан шаруалар мен алдағы уақытта атқарылар жұмыстың бағдарын жан-жақты қамтып өтті.
Осыдан кейін мінберге көтерілген Марат Сұлтанғазиев өткен уақыт аралығында Алматы облысында атқарылған, қолға алынған ауқымды шаралар жайында және болашақта жасалынатын жұмыстар жөнінде жұртшылыққа кең көлемде баяндады. Биылғы жылдың 8 айында өлкеміздің экономикалық индикаторы 107,3 пайызды құрап, жалпы өңірлік өнім 7,4 пайызға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жеткен. Осы көрсеткіш бойынша соңғы үш жылда облыс өз позициясын екі есеге ұлғайтып, 10-орыннан 6-орынға көтерілгені өңір экономикасының беріктігін байқатады.
Аймақ басшысы өз баяндамасында облыстың барлық салада қол жеткен жетістіктері мен алдағы атқарар жоспары жайлы кең мағлұмат беріп, оған Қарасай ауданының қосып отырған үлесі, өңірдегі шешімін тапқан мәселелер мен әлі де болса мұқият көңіл бөлуді қажет ететін шаруаларды баса көрсетті.
Осыдан кейін сөз кезегі жиынға жиналған жұртшылыққа берілді. Өздерін толғантқан мәселелерді облыс басшысына жеткізуді мақсат етіп келген тұрғындардың қарасы көп болды. Олардың ішінде іргедегі Жамбыл ауданынан арнайы келгендер де бар. Сөз алғандар Қаскелең қаласынан музыка мектебін ашу қажеттігін, тұрғындар демалатын саябақтың жоқтығын, көшеде қаптаған иесіз иттердің жүргіншілерге қауіп төндіретінін, көшелерде заңсыз салынған ғимараттарды сүру керектігін, кәріз суларының табиғи су аңғарына ағызылып жатқанын, жаз айларында ауыз су мен бақша суғаруға қажетті ылғалдың жетіспейтінін айтты. Сонымен қатар жекеменшік жерге қатысты мәселелерді алға тартып, «Қазақстан қағазы» кәсіпорнын елдімекеннің сыртына шығаруды, ауылдардан Қаскелең мен Алматыға қатынайтын қосымша жолаушылар көлігі бағытын ашуды ұсынды. Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек пен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беру мәселесін көтеріп, өзге де өзекті жайлардың шешімін күтетінін жеткізді. Қойылған сұрақтарға аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және облыстық басқармалардың басшылары жауап беріп, шешімін табу жолдарын қарастырды.
Кездесуден кейін облыс басшысы Райымбек ауылдық округіне қарасты Долан ауылына атбасын тіреп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бой көтерген білім шаңырағының ашылу салтанатына қатысты. Қуанышқа жиылған жұртшылық алдында сөз алған Марат Елеусізұлы ауыл тұрғындарын 1200 орынды жайлы да жарық мектептің ашылуымен құттықтады. Ол осы құрылысты жүргізген мердігер компанияның басшылығына алғыс айтып, озат құрылысшыларға Алғыс хат табыс етті.
Ауыл тұрғыны Жазира Жомарт болашақ ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін осынау білім ғимаратын салып берген облыс және аудан басшыларына алғысын жеткізсе, «BI Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тимур Оразбаев мектеп директоры Әсем Арынғазинаға білім ошағының кілтін табыс етті. Ал ауылдың қадірменді қариясы Ережеп Қасымжан дәстүрге сай көпшілікке ақ батасын арнады. Салтанатты шара ақ жаулықты аналардың шашуымен жалғасын тапты.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның айтуынша, жаңа мектепте мыңға жуық шәкірт білім алып, 70 педагог еңбек ететін болады. Көлемі 12721 шаршы метр болатын ғимаратта 124 оқу кабинеті, жиынжай, асхана, кітапхана, екі спортзал мен екі еңбек кабинеті орналасқан. Жаңа мектеп заман талабына сай жиһаздармен және қажетті техникалармен толық жабдықталған.
Осыдан кейін Әйтей ауылдық округіне қарасты Сауыншы ауылына келген облыс басшысы кереге және шатыр жабындыларына арналған сэндвич-панельдер шығаруға маманданған «BMG Holding» ЖШС-не тиесілі зауыттың жұмысымен танысты. Кәсіпорын жайында директоры Ардақ Айту жан-жақты баяндап, 1,5 млрд теңге инвестиция салынған зауыт жылына 300 мың текше метр өнім шығаруға қабілетті екенін айтты. Мұнда бүгіндері 40 адам еңбек етіп, отбасының нәпақасын осы жерден табуда.
Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында «IMAGINE FPPLE LOGISTICS» компаниясы салып жатқан «А» класты логистикалық кешеннің жұмысымен танысқан Марат Елеусізұлы атқарылып жатқан жұмыстардың өңір экономикасын дамытуға оң әсер ететінін жеткізді. Ләззат Әбдрахманова жетекшілік ететін бұл кешеннің алғашқы кезеңі келер жылы іске қосылса, толық пайдалануға беру уақыты 2031 жылға жоспарланыпты. Бұл жерде барлығы 600-ден аса адам еңбек етеді деп күтілуде. Сонымен қатар аталған кәсіпорын кешеннің ішімен қоса, айналасындағы алқапты да абаттандырып, саяжайлардағы көшелерді асфальттауға, тұрғындар демалатын саябақтар мен жаяу жүргіншілер жолдарын салуға да өз үлесін қосатынына уәде беріп отыр.
Қарасайлық жұртшылықпен жүздесіп, аудандағы ілкімді істермен танысқан Марат Елеусізұлы атқарылып жатқан шаруаларға оң бағасын беріп, аудан басшысына алдағы уақытта жасалатын жұмыстар бойынша тапсырмалар жүктеді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы