Бақытты өмір кілті – денсаулық болса, денсаулық кепілі – спорт. Дене шынықтыруды өмірінің бір бөлшегі санайтын Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шаяхмет Құсайынұлынан спортқа құштарлықтың сырын сұрап көрген едік.
Жастайынан ат құлағында ойнап, Таластың тереңінде балықтай еркін жүзіп өскен Шаяхмет ата бала кезден спортты жанына серік еткен. «Өмірдің өзі – қозғалыс» дейтін кейіпкеріміз күні бүгінге дейін сол әдетінен бір танған емес. «Күн сайын таңғы сағат төрт жарымда тұрып, орталық стадионға барамын. Қолайсыз ауа райында да жаттығуымды тастаған жоқпын. Бұрын жүгіруші едім. Қазір жүгіруді қойып, скандинавиялық әдіспен жүруге көштім. Екі қолыма таяғымды алып, стадионды он айналып шығамын. Бұлай жүрудің өзіндік техникасы бар. Денені тік ұстау қажет. Екі таяқты кезек-кезек алға 45 градуста сермеп, оған аздап сүйене жүресің. Оң аяқ қозғалғанда сол қолдағы таяққа, сол аяқ қозғалғанда оң қолдағы таяққа сүйенесің. Өкшеге салмақ салып адымдаймыз. Бұл ережелер қатаң сақталуы керек. Сонымен қатар күнделікті жасайтын дене жаттығуларым бар. Белтемірге тартыламын. Осының бәріне екі сағат уақытымды арнаймын», – дейді Шаяхмет ата.
Скандинавиялық әдіспен жүру демекші, соңғы жылдары елімізде, оның ішінде, ауданымызда да спорттың осы түріне әуес жандар саны күн санап артып жатыр. Әсіресе, екі таяғын ұстап, ертелі-кеш бір жылдамдықпен адымдап бара жатқан егде жастағы кісілерді көше бойынан көп кездестіреміз. Сондықтан дене шынықтырудың бұл түрі несімен ерекшеленетінін кейіпкерімізден білуді жөн көрдік. «Оның ерекшелігі – денеңдегі барлық бұлшықет қозғалысқа түседі. Соның әсерімен зат алмасу реттеліп, ағзадағы қан айналымы жақсарады. Айта берсек, пайдасы көп», – дейді. Шынымен, скандинавиялық әдіспен жүруді әдетке айналдырған адам протрузия, сколиоз, остеохондроз сияқты аурулардың алдын алып, мүсінін тіктейді, яғни тірек-қимыл жүйесіне, тізе, буын ауруларына шалдыққандарға таптырмайтын ем екен. Сондай-ақ жүрек-қан тамырларының, өкпенің жұмысын жақсартады. Кезінде әскери-теңіз күштері қатарында сүңгуір қайықта үш жыл әскери борышын өтеген Шаяхмет Құсайынұлы ондағы радиацияның кері әсері тек спорттың арқасында ғана денсаулығына зиянын тигізбей, осы жаста тың жүргенінің де құпиясы – шынығу екенін айтады.
Бүгінде ауыл арасында барар жеріне 74 жастағы қарт көбінде көліктен гөрі жаяу жетіп алғанды жөн көреді. Жүрісі ширақ, ентігіп, демікпейді. Өйткені ағза әбден шыныққан. «Бала кезден жазуға қалай әуес болсам, спортқа да сондай жақын едім. Қазақша күреске қатысып, жарыстарда талай жүлде еншіледім. 15 жасымда Алматы қаласына бардым. №142 училищеге оқуға түстім. Тіл білмесем де, білектің күшімен «Динамо» стадионына бокс үйірмесіне қабылдандым», – деген кейіпкер сонда жүріп бокспен бірге самбоны да бір жылдың ішінде меңгеріп шығады. Оқуын бітірген соң, 1968 жылы әскерге кетеді. Әрине, ондағы әр күн жаттығу екені түсінікті. Ал одан кейін 30 жыл ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарған адамның спорттан тыс қалмасы анық.
«Шығармашылықты да ешқашан шетке ысырған емеспін. Ол маған рухани күш берсе, спорт тәнімді жаттықтырады. Екеуі – егіз қанатым. 1991 жылы аумалы-төкпелі заманда әйелім өмірден өтіп, төрт баламен жалғыз қалғанда уайым мен күйзелістен екі аяғым сал болып қалды. Сонда да спорттың арқасында қайта аяқтан тұрдым. Сондықтан спорт – менің өмір салтым», – деген ақсақал бүгінде Есік қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығындағы үйірмеге қатысып, салауатты өмір салтын ұстанатын қарттарымыздың бірі.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы