Қазақстанда 12 сәуір Ғылым қызметкерлерінің күні ретінде бекітілгеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Дәл осы күннің ғылым қызметкерлерінің күні деп таңдалуында да мән бар. Өйткені дәл осы күні Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтпаев дүниеге келген. 2011 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілгеннен кейін бұл күн біртіндеп басқа да кәсіби мерекелермен қатар атап өтіле бастады. Бұған қоса кейінгі жылдары ғылымды дамытуға мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау да артып келеді. Оның жарқын мысалы, 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті, ал 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржы бюджет көлемінің 3,5 пайызын құрап, барлығы 643 млрд. теңгеге жетпек.
Ғылым – бір орнында тұратын сала емес, ол үнемі дамып, жаңарып отырады. Бұл үрдісте жас ғалымдардың қосатын үлесі де, атқаратын қызметі де орасан. Осыны жете ұғынған мемлекетімізде 2022 жылдан бастап «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөліне бастады. Бұған қоса әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалым тағылымдамадан өтетін болды.
Ғалымдардың алаңсыз ғылыммен айналысуы үшін әлеуметтік жағдайы да жақсаруы тиіс. 90-жылдары еліміз тәуелсіздігін енді жариялап, экономика тоқырап жатқан тұста талай ғалым күнкөрістің қамымен ғылымнан алыстап кеткені жасырын емес. Бірақ одан бері жағдай түзеліп, ғалымдарға көңіл бөліне бастады. Атап айтқанда, кейінгі жылдары бөлінетін гранттар есебінен ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге жуық өсіп, 2021 жылы 152 мыңнан 2022 жылы 252 мыңға жетті. Былтырдан бастап ғылыми-зерттеу институттарының 700 жетекші ғалымына базалық қаржыландыру шеңберінде жалақы тағайындалды. Енді іргелі зерттеулермен айналысатын жетекші ғалымдарымыз гранттық конкурстарға қарамастан тұрақты қаржыландырылады. Осының ықпалы болар, кейінгі жылдары ғылыммен айналысатын жастардың саны артқан. Мәселен, биыл барлық еліміздегі ғалымдардың 46 пайызын 40 жасқа дейінгі ғалымдар құраған.
Білім мен ғылымға құйған қаржы өзін ақтап қана қоймайды, қиын-қыстау кезеңде тығырықтан да алып шығады. Мұның бір ғана мысалы коронавирус пандемиясы кезінде анық көрінді. Ғылымды қолдаудың нәтижесінде отандық ғалымдарымыз QazVac вакцинасын жасап шығарып, талай адамның өміріне араша болғаны белгілі. Пандемия мемлекетті басқарудың түрлі саласында ғылыми зерттеулер мен ғалымдардың кеңесіне құлақ асудың маңызды екенін көрсетті. Бұған Ұлыбритания үкіметі кезінде пандемияның зардабын азайту үшін карантинді қай кезде және қалай жариялау керегін Оксфорд университетінің ғалымдарымен кеңесіп отырғанын айтсақ та жеткілікті.
Осыған орай таяуда ғана үкімет Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітіп, оны іске асыру басталды. Тұжырымдама ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешуге ғылымды тартуға бағытталған. Оның қорытындысы бойынша ғалымдар саны бір жарым есеге артады, елдің ғылыми экожүйесі жаңғырып, ғылымның нақты сектор проблемаларын шешуге қосқан үлесін артады, бюрократизация, цифрландыру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясында ғылымды әкімшілендіру сапасы жақсарады деп күтіліп отыр.
Қалай дегенмен, елімізде ғылымға бетбұрыс мемлекеттік аппарат пен қоғам тарапынан бірдей жасала бастағаны қуантады. Ғалымдарды және олар жасаған ғылымды қолдаудың жемісін ерте ме, кеш пе көретінімізге сенеміз.