Тасашы ауылында бүгін республикалық референдумға 394 адам дауыс беруге құқылы. Таңғы сағат 7:00-де референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Алдымен Қазақстан Республикасының әнұраны ойналып, жауапты комиссия мүшелері көпшілікке таныстырылды.
Нұргүл Абықанова, №564 референдум учаскесінің төрайымы:
– Өзіміздің пікірімізді білдіретін жауапты күн. Алғашқы ашылуына келіп жатқан сіздерге үлкен рахмет! – дей келе мерекелік көңіл-күй сыйлаған «Ақ әжелер» тобына сыйлықтар үлестірді.
Ерболат Төребаев, Тасашы ауылдық округінің әкімі:
-Біз үшін бүгін ерекше күн. Еліміз үшін, жалпы референдум – мереке. Сондықтан барлықтарыңызға өз пікірлеріңізді білдіруге шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді ол.
Ауыл ақсақалы Шілікбаев Арғынбай жиналғандарға бұл күннің маңыздылығын атап өтіп, комиссия мүшелеріне ақ батасын берді.
Референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып Болат Мамытахынов өз таңдауын жасады.
-Бірлік әрқашан маңызды. Ел үшін маңызды істерге үлес қосуымыз қажет. Сондықтан әрбір саяси науқанда өз таңдауымды жасаймын. Мемлекеттің дамуы келешегіміз үшін қажет. Ұрпақтарымыз аман болсын! – деді ауыл тұрғыны.
Айта кету керек, жалпы халықтық референдум уақыты таңғы 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін атқарады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы