Республика көлемінде қолға алынған «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы облыста жалғасын тауып, сәуір айының 7-9 аралығында арнайы құрылған экспедициялық топ Қарадала мен Кеген өңірлеріне атбасын бұрды. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты аймақтың бұрынғы тарихы мен бүгінгі жайын білуді мақсат еткен экспедициялық топқа бастамашы болды. Сондай-ақ, тың деректер мен ел біле бермейтін мәліметтерді жаңғырту жайы зерделеніп, талай жайттың шешімі табылды. Еліміздің мәдени өмірін тереңнен танытып, түрлі тарих жолдарына дендеп еніп, дарынды бабаларымыздың мұрасын насихаттап, ерекше ерлігі бар ерлер есімін айшықтауды мақсат еткен керуен алдымен Қарадала аймағына табан тіреді.
Алматы облысы әкімдігі, Қоғамдық даму орталығы ұйымдастырған тарихи танымдық экспедиция құрамы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары мен БАҚ өкілдерінен құралды. Тұмса табиғаты талайды тамсандырып, кереметі көз жауын алатын Қарадала аймағына келген арнайы топ болашақ ұрпақ үшін тәрбиелік мәні басым зерттеу жүргізді. Атауы айтарлықтай мәнді шара үш күнге жалғасып, рухани бірлестікті нығайтып, ұлттың біртұтастығын күшейтіп, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуды міндет етті. Қарадала өңірі терең тарихтың тұнбасы, мәдени мұралардың мекені екендігі бұрыннан белгілі. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш аймақта әр аттаған қадамыңнан өткеннің ізін көріп, талай танымды дүниелерді табуға болады.
Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылына сапар шеккен делегация бірінші кезекте мұрағат ғимаратының есігін ашты. Білімі мен біліктілігі үйлескен ғалымдарды мұрағат қызметкерлері қуана қарсы алып, орталықтағы жұмыс жайын тарқатты. Арнайы келген мамандар қаттасқан қағаз беттерін ақтарып, тың деректер топшылап, бүгінгі мұрағаттың бедерін білді. Өңірдегі археологиялық нысандар санын зерделеп, Қарадала тарихын топтастырған айрықша ақпараттарды саралады. Сондай-ақ, ежелгі Үйсін, кейінгі Кетпен тауының етегінен тарап, Іле дариясына дейін көсілген аймақтың өткені мен бүгінге дейінгі жолын жалғайтын мұралар мәнін бағамдап, Қарадаладан шыққан батырлар мен дарындар есіміне ерекше ден қойды. Арғысы XVII, бергісі XX ғасырларды қамтитын елеулі оқиғалардың тарих беттерінде сақталуын тексерген топ ақпараттар қатарын толықтыру қажеттігін де айтып өтті. Бүгінгі дәуірдің кейбір сәттерінің мұрағат қоржынында болмауы көңіл түсірсе, көпшілік біле бермейтін кей сырлар жазылған қағаздар олқылықтың орнын толтырды. Ұсыныстар мен пікірпайымдарды түгелімен түртіп алған мұрағат қызметкерлері алдағы уақыттарда да арнайы жұмыстар атқарылып, тарихи деректерді дәріптеуді жалғастыратынын жеткізді. Артынша әл-Фараби атындағы аудандық кітапханаға бас сұққан экспедициялық топ жергілікті тұрғындардың кітап оқуын қамти алатын үлкен ортаның барын қуанышпен қабылдады. Іссапармен келген қонақтарға «дөңгелек үстел» ұйымдастырып берген қызметкерлер экспедицияның басты мақсатын тыңдап, аталмыш кітапхана жайында ақпарат беріп өтті.
Шара барысында сөз а лған Ш . У ә л и х а н о в ат ы н д а ғ ы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі Зиябек Қабылдинов «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында орта саны 120-дай кітаптың жарық көргендігін тілге тиек етіп, аудандық кітапхана өкілдеріне ақжарма ниетін арнады. Оқу залындағы өңір тарихын танытатын стэнд жұмысын жандандыру керектігін айтып, өзімен ала келген «Қазақстан тарихы энциклопедиясы», «Маңызды құжаттар жинағы», «Қазақ даласының киелі жерлері» сияқты бірнеше жинақ тарту етті. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Әбзелхан Малдыбекова өз кезегінде әл-Фараби атындағы Ұйғыр аудандық кітапханасы қорында бүгінгі таңда 69000 кітаптың барын айтып өтіп, заман талабына сай интернет жүйесі тартылып, жаңа басылымдармен толығып, бар жағдайдың жасалғандығын жеткізді. 2013 жылдан бастап қолданысқа берілген кітапхана залында аудандағы түрлі ауқымды шаралар өткізіліп, талай жиналыстарға мұрындық болған. Сыйсияпатын танытқан экспедициялық топқа ризашылығын білдірген кітапхана өкілдері айрықша алғысын жеткізіп тарқасты.
Экспедициялық топ мол мұраны қойнына басқан аудан аумағындағы сыры мен жыры бөлек, тарихи танымы ерек Сүмбе ауылына да ақпар соқты. Зиялы қауым өкілдері Сүмбе саяхатын елі мен жерін қорғауда бар күшін аямаған батыр бабалар рухына тағзым етуден бастауды жөн көрді. Оларды ауыл ажарын әспеттеп, тағзым белгісі ретінде бой көтерген Қарақұл батыр ескерткішінің алдында ауыл имамы Еркін Шәденұлы Жоңғар шапқыншылығына қатысып, дұшпанын күйрете жеңген, үнемі алдыда келген, даңқты қолбасшы Қарақұл батырға деген құрмет ортайған емес. Райымбек батырдың ақылшысы болған жүректі батырдан тараған тұқым Қарақұл бабаның ерлігі мен өрлігін жалпы жұртқа өнегелеп, 1998 жылы ескерткіш тұрғызған. Кейіннен батыр мүсіні маңынан облыстық маңызы бар автожол түсетіндіктен, батыр ұрпақтары былтыр 2022 жылы ескерткішті қайта жаңартып, жандандырып, орнын ауыстырған. Экспедициялық топты тәнті еткен – батырдан тараған ұрпақтарының бірлік пен ынтымақ танытып, өз қаражаттарына ескерткішті ерекшелеп, жанынан саябақ салып, оны көгалдандырғаны болды. Иә, шынымен де елеуге тұрарлық ерен іс. Қарақұл батырдың ұрпағы, бізді күтіп алған Еркін ақсақал биыл батыр мүсінінің артынан, даңқты қолбасшының 9 жарын уық, 30 ұлын найза қылып көрсететін монумент жұмысының жүргізіліп жатқанын хабарлады. Тағы да айтып өтерлігі, Қазақстан бойынша Қарақұл батырдың ұрпақтары қаржы жинап, құрылыс жұмыстарын өздері жүргізуде, аяқталуға да аз қалған. Отыз ұлымен бірге Отан қорғауда жанын салған Қарақұл батырға арналған саябақтың, аналар монументінің жұмыстары толығымен аяқталса, ағымдағы жылы 26 тамызда Қарақұл батыр құрметіне үлкен ас өткізу жоспарда тұр. Сондай-ақ, Қарақұл батыр шежіресі жаңа нұсқада жазылып жатыр екен. Батырдан тараған ұрпақ, экспедициялық топ мүшесі Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға сарапшысы, жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Әуезхан Шашаев Қарақұл батыр жайлы толық ақпарат беріп, 17 ұлының бір соғыста қайтыс болғанын, қалған 13-інен ұрпақ тарағанын өрбітіп, республика көлемінде Қарақұл батырдың лайықты бағасын алу жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайын тарқатты. Айта кетерлігі, жалпы саны 550-ден аса түтінді қамтитын Сүмбе ауылында 128 үй – Қарақұл батыр ұрпақтары. «Саябақ атауы бабамыздың атымен аталса» деген 60-ты алқымдаған Еркін ақсақал ескерткіш алдында Қарақұл батырға Құран бағыштап, экспедициялық топқа батасын берді.
Баба ескерткішінен тағылым алып, батырлығына таңданып шыққан ғалымдар жақын маңайда орналасқан, орта ғасырларда тіршілігі қайнап, тұрмыс жайын ойлап, ығыжығы жұрт жайғасқан Сүмбе қалашығына жол тартты. Ғылыми ақпараттарда Сүмбе қалашығы өзі аттас ауылдың солтүстік жағында, Кетпен тауының солтүстік етегінде орналасқан деп көрсетіледі. Аталмыш қалашыққа келе салысымен Ә. Марғұлан атындағы Археология институты орта ғасыр археологиясы бөлімінің және археологиялық технология зертханасының меңгерушісі Ералы Ақымбек топ мүшелерін Сүмбе қалашығымен таныстырды. Ол өз сөзін:
– Біз табан тіреген жер – Сүмбе қалашығының қорғаныс қабырғасы. Екі құрылыс горизонтынан тұратын қорғаныс қабырғасының төменгі қабаты IX-X ғасырларға, үстіңгі құрылыс қабаты ХІ–ХІІ ғасырларға жатады. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 230 м, шығыстан батысқа қарай 140 м, биіктігі 3-4 метрге дейін баратын қорғаныс қабырғасы тау шатқалының аузында, яғни, Кеген өңірі жағынан келетін жолдың бойында орналасқандығын аңғармау мүмкін емес. Бұл орта ғасырларда керуен жолы бойында орналасқан ерекше қала болуы керек, – деп жеткізді.
Қарадаладағы қала арасынан ең жақсы зерттелгені ретінде саналатын тарихи Сүмбеге табан тиген сәттен күнде көзге іліге бермейтін түрлі заттар табыла түсті. Қиыршық тастар мен қыздырылып жасалған түрлі кірпіштер, қыш ыдыс қиындылары Сүмбе қалашығы әлі де зерттеуді қажет ететінін аңғартты. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меңдігүл Ноғайбаева ұстаздардың Қарлұқ, Қарахан дәуірінен сабақ өткеннен кейін Сүмбе сынды қалалар туралы көбірек мысал айтуы керектігін жеткізді. Сондай-ақ, аталмыш қала жайлы академиялық, ғылыми орта мамандары жетік білгенімен, мұғалімдерде ақпарат аз. Сондықтан қарапайым жұртшылық аталмыш қаланы көп тани бермейді. Осы орайда, ғалым Сүмбе қалашығын дәріптеу, насихаттау, қайта көтеру арқылы жергілікті тұрғындардың рухын ояту жолында атқарылуға тиіс жұмыстар ауқымды екенін жіпке тізді. Шынымен де, аттаған қадамымыздан құнды жәдігер қол бұлғап, тектен-текке шашылып жатыр. Осы орайда, мамандар ауданға өлкетану мұражайының қызметі керектігін айтып қапаланды. Аталмыш мәселе қаралуы керектігін ұсынған ғалымдар тарихи орынның жекеге өтіп, үй салу үшін қолданысқа беріліп, талай мұра табылар өңірдің қор болып жатқанын жеткізді.
Сүмбе қалашығынан айрықша сезім алған экспедициялық топ Қарадала туризмінің көзі болған ыстық суға апарар жолда Үйсін обаларына тоқтап өтті. Арнайы шекарасы бекітіліп, қаз-қатар жайғасқан обалардың қашанда сыры басым. Обалар жайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы топ өкілдеріне толық ақпарат беріп өтті. Обалардың орналасу тәртібін, ең биік нүктесінің аңғартатын мағынасын тілге тиек еткен профессор Үйсіндер жайлы біраз мағлұмат жариялады. Ғалым айтқан деректерге сүйенсек, Кетпен тау сілемдері мен Сүмбе, Ақтам ауылдарының маңында көптеген обалар анықталған. Алайда Қарадаланың қалың қатпарында әлі де болса анықтауды қажет ететін қорымдар жетерлік. Ұ й ғ ы р ауд а н ы н д а ғ ы т а р и х и зерттеу сапарын сәтті аяқтаған экспедициялық топ екінші күні Кеген ауданына аттанды. Зиялы қауым өкілдері алдымен Кеген ауылына апаратын жолдағы Қалыбек батыр ескерткішіне тоқтап, рухына тағзым етті. Аты ұранға айналған Қалыбек батыр 1679 жылы Сарытоғай жерінде дүниеге келген. Қазақ елі мен жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге ерекше атсалысқан батырдан 8 ұрпақ тараған. Одан кейін Кеген ауылына атбасын тіреген ғалымдар, ең алдымен, аудандық мұрағатқа бас сұғып, аудан аумағындағы түрлі оқиғалардан сыр шертетін, дарынды да даңқты бабаларға арналған құжаттар тізімін қарады. Алматы облысының мемлекеттік архиві Кеген филиалының қызметкері Гүлбақыт Нүптекеева қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, мұрағат жөнінде толық ақпарат ұсынды. Топ мүшесі Зиябек Ермұханұлы орта ғасырдан бергі тарихи сәттер, шежіреші, фольклоршы, жыршытермеші, ақындар мен батырлар жайлы мұрағаттан мағлұмат сұрап, өткен ғасыр оқиғалары жинақталған материалдар тізімін қарап шығуға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы шежіре кеуде аталарымыздың әр айтылған өсиетін, сөзін қағаз беттеріне жазып, ол кісілер жайлы да мәліметтерді топтастырып, әр ауылдың тарихын айшықтап бейнелеуді ұсынды. Қажет болса құнды материалдар жинау құрылымын бере алатынын да тілге тиек етті. Артынша аудандық мұражайға табан тіреген зиялы қауым өкілдерін мұражай директоры Алмас Сейітқожа қарсы алып, экскурсия жүргізуші Сұлтан Жұмаш қонақтарды тарихи-өлкетану мұражайына сапарлатты. Ораз Жандосов атындағы аудандық мұражайдың дизайн жұмыстары көз тартады.
Мұражайда ауданның көне тарихи маңызы бар жерлер, ауданды басқарған ел азаматтары жайлы түрлі деректер, құжаттар сақталып, ауданның атақты тұлғаларының экспонаттары орналастырылған. Мұражай ішімен толық танысқан топ мүшелері мұражайда өткен ғасырдан сыр шертетін ақпараттардың қатары толықса деп ұсыныс тастады. Аз дегенде 1-2 стенд қиын-қыстау замандағы бабалар ерлігін насихаттауға арналса деген армандарын да жасырмады. Талай тамашаға тәнті болған топ өкілдері естелік суретке түсіп, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында жарық көрген құнды кітаптар тарту етті.
Ғалымдар мұражайдан шыға салысымен «Құмтекей» атымен әйгілі қалашыққа да атбасын бұрып, талай мұралар табылған жердің құпиясына қанықты. Былтыр ғана баласын құшағына басқан ана бейнесі табылған алқап нағыз шөл дала кейпінде. Кеген ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 8 км, Кеген өзенінің сол жағасында шығыстан батысқа қарай 2 км, оңтүстіктен солтүстікке қарай 1 км жерде орналасқан ежелгі даланың бүгінгі бет-бейнесі көз қызықтырады. Аталмыш өлкеде талай зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ғалымдар топшылауынша, ежелгі заманда ірі мәдениет орталығы болған деген қорытынды шыққан. Күйген қыш, құмыра ыдыстар көптеп табылған Құмтекей маңының әлі де анықталар тұстары көп. Қарқара желімен жүйтки көтерілген құмдардың бұғып жатқан біраз сыры бардай көрінді.
Қ арқараға жол тартқан зиялы қауым өкілдері нағыз тамаша табиғат құшағына тап болды. Өзен мен бастаубұлақтары қол бұлғаған шұрайлы жердің сұлулығына тамсанған топ өкілдері тарихи таным іздеп, ұрпақтар тағдыры тоғысқан өңір – Ереуілтөбеге жетті. «Бала өлгенше, шал өлсін» деп ұрандап, тарихи жиын өткізген аймаққа келгендер 1916 жылғы Ұлтазаттық көтерілісіне қойылған ескерткішке көтеріліп, бабалар рухына тағзым етті. Отаршылдыққа қарсы ыза-кек айтылған Ереуілтөбе ескерткіші – бүгінде бейбіт өмірдің символы. Қырғыз шекарасының маңындағы балбалтастар да тарихтан түрлі сыр шертіп, топ өкілдерін тамсандырды. Үлкен тас мүсіндерде «Ескерткіш – Алаш ердікі» деген сөз жазылған. Кейбірінде VI-VIII ғасырлардағы көне түркі таңбалары қашалған.
Ғылыми зерттеу сапарының үшінші күні Кеген ауданы, Саты ауылынан бастау алды. Туризмнің төрі саналатын Таушелектің табиғаты тым бөлек. Саты ауылын қоршап жатқан Қаратауға бет алған топ мүшелері жартасқа салынған суреттерді тамашалап, «Үйсін» таңбасына назар аударды. Тіпті кейбір петроглифтерде бұғының бейнесі анық көрініп, сурет маңынан науа кейпінде қалыптасқан тастар байқалады. Ғалымдар бұдан да өзге маңайда, яғни тау бөктерлерін асықпай анықтайтын болса, талай жартас суреттерін табуға болатынын жеткізді. Топ өкілдерін ертіп барған ауылдық әкімдік қызметкерінің сөзіне сүйенсек, болашақта бұл тастағы жазулар да тамашалауға арналған туристік мекенге айналмақ. Нақты айтқанда, жан-жағы қоршалып, сан ғасырдан өшпеген белгілер қорғауға алынып, сыры кетпес үшін жағдай жасалмақ. Керемет көріністі суретке түсіріп, ғылыми-зерттеу нысанына айналдырған зиялы қауым өкілдері тастағы шеберлікке таңданысын жасырмай тарқасты. Артынша Саты ауылдық Мәдениет үйінің ішінде орналасқан «Таушелек» өлкетану мұражайына келген экспедициялық ұжым өңір өмірінен хабар беретін түрлі жайтқа қанық болды. Мұнда ауыл халқы асқан белсенділікпен бұрын қолданған болмаса, тауып алған дүниелерін өз қалауымен музейге өткізген. Мұның барлығы елге, жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі деген топ құрамы ауылдық кітапханаға тарихи жинақтар тарту етіп, ауыл ажары арта беруін тіледі. Ғылыми экспедиция көрікті Көлсай көлін тамашалаумен қорытындыланды. Осылайша, Қарадала, Кеген өңірлеріндегі тарихи зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізген ғалымдар аталмыш сапар қорытындысын «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасының екінші кезеңінде жарияламақ. Яғни, жақын арада арнайы конференция ұйымдастырылып, зерттеу нәтижелері қоғам назарына ұсынылады.
Құралбек СӘБИТОВ,
Ұйғыр, Кеген аудандары