Республикалық референдумда Қонаев қаласындағы барлық дауыс беру учаскелері Қазақстан уақыты бойынша таңғы сағат 7:00-де есігін айқара ашты. Таңғы уақытта қалалық орта мектеп-гимназия ғимаратындағы №946 және №947 референдум учаскелерінің жұмыс бастағанының куәсі болдық.
Мемлекеттік Гимн орындалған соң, №946 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Гүлмира Амангелді құттықтау сөз сөйлеп, халқымыздың дәстүріне сай шашу шашты. Мұнда 70 жастағы Күміс Донбасова бірінші болып дауыс берді. Ал №947 учаскеге алғашқы болып келіп, таңдауын жасаған – Майдан Темірғалиев. Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Гүлзат Ержанованың айтуынша, тіркелген 1654 адамның 3-еуі таңдауын үйден жасады. Оның ішінде, 8 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың дауыс беруіне барлық мүмкіндік қаралған. Учаскеге жалпы саны 1670 бюллетень әкелінген.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қалалық Мәдениет үйінде орналасқан №949 референдум учаскесіне барып, дауыс берді.
– Өтіп жатқан Республикалық референдумға тұрғындардың белсенді қатысып жатқанына куә болып тұрмыз. Біздің облыс – халық көп шоғырланған өңірдің бірі. Миллионға жуық тұрғынның дауыс беруге мүмкіндігі бар. Референдумның маңыздылығын айтсақ, бүгін – мемлекетіміздің жарқын болашағын айқындайтын ерекше күн. Еліміздің кемел келешегіне бейжай қарамай, ерекше көзқарас танытқан әр адам өз азаматтық борышын орындап, таңдау жасайды. Өйткені әрбір азаматтың дауысы маңызды,– деді Марат Елеусізұлы.
Облыс басшысы дауыс беретін №949 учаскеде 2070 сайлаушы тіркелген. 7 адам үйден дауыс берді. Бұл учаскенің шекарасына 1, 2, 3, 4-ықшамауданның бірқатар үйі, Жамбыл даңғылы мен Достық көшесі кіреді.
Қалалық №3 мектептегі №935 референдум учаскесіне келушілер оның алдына қойылған ретрокөліктің жанында естелік суретке түсіп, білім ордасында оқитын шәкірттердің қолынан шыққан бұйымдар қойылған қолөнер көрмесін қызыға тамашалады.
№937 учаскеде дауыс берген Қонаев қаласының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Сейілбек Маханов референдумның маңыздылығын атап өтті. Ол ел болашағы үшін саяси шараларға қатысу әрбір азаматтың парызы екенін, Мемлекет басшысының осындай кемел келешекке жасалар маңызды қадамды халықтың талқысына салғанын қолдайтынын жеткізді. Референдумға барып, таңдау жасауды зор жауапты міндет деп білетінін айтқан ардагер-ұстаз өзінің де, отбасы мүшелерінің де болашақ ұрпақ қамы үшін дауыс бергендерін тілге тиек етті.
«Алматы – Өскемен» күрежолының бойындағы «Тұлпар» ретро-салонының негізін қалаған танымал кәсіпкер, белгілі меценат, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Мұратбек Сіргебаев ретрокөліктердің шеруін ұйымдастырды. Ақсақалдар, ұлттық киім киген әжелер мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері мінген көліктер қала көшелерін жүріп өтіп, бірнеше дауыс беру учаскелеріне атбасын бұрды.
– «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес, №949 учаскеде байқаушы болып отырмын. Бұл учаске сағат 7:00-де Қонаев қаласының Құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының мүшесі Тұрысбек Доспанбетовтің ақ батасымен ашылды. Әр істі батамен бастайтын ата дәстүріміздің осындай саяси шарада дәріптелгені көңіліме қуаныш ұялатты. Әділетті Қазақстанның басты ұстанымы билік пен қоғамның серіктестігі екенін ескерсек, осындай науқандарға азаматтық қоғамның қатысып, белсенді бақылауы оның әділ өтуінің маңызды шарты болатыны сөзсіз. Сондықтан еліміздің демократиялық даму жолындағы маңызды қадамына бейжай қарай алмай, «Ел дауысы» қоғамдық қоры атынан бақылаушы болуды ұйғардым, – деп ойын түйіндеді 75 жастағы Жақан Ақаев ақсақал.
Бейбіт МЕКЕЕВ
Қонаев қаласы