Бүгінде онлайн ойындар дүниежүзіндегі миллиондаған бала өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналғандай. Өкініштісі, осынау виртуалды әлемдегі ойындар балаларымыздың өміріне үлкен қауіп төндіріп тұрғанына көпшілік болып мән бермейміз.
Бала қоғамға бейімделіп, айналасындағылармен қарым-қатынас жасауы, жаңа қабілеттерді меңгеруі үшін де кішкентайынан ойыншықпен ойнап өсуі көп көмек болады. Сондай-ақ ойын баланың мінез-құлқын қалыптастыруда да үлкен маңызға ие. Ал бүгін – технология дамыған заманда балалар кешегі күннің ойыншықтарымен ойнамайтынын жақсы білеміз. Ауылда ат қылып мініп шапқылайтын шыбық былай тұрсын, далада доп теуіп, асық атып жүрген балаларды көруіміз сирек. Өйткені бүгінгі балалардың бәрінде дерлік гаджеттің түр-түрі бар. Қайда барса да, қолынан тастамайтын телефондарында ойын жетіп артылады. Ойыншықтың кез келгенін де алмастыратын телефон интернет желісіне қосулы болса болғаны. Онлайн ойынның сан түрі көз алдыңда көлбеңдеп, жарнамалары жылтылдап, бала түгіл, ересектің де есін кетіреді. Оң-солы мен ақ-қарасын ажырата алмайтын жеткіншек «жылтырақтың» бәріне онсыз да әуес емес пе?! Бірінен-біріне қалай кіріп, тіркеліп, телефонға түгел жазып алғанын байқамайды. Осылайша, онлайн ойындардың құрсауында қалады.
Интернет желісі бүкіл әлемнің кез келген нүктесін шекарасыз біріктіреді. Онлайн ойында отырғанда экранның арғы жағындағы екінші ойыншының кім екені, оның қандай мақсат-мүддесі бары белгісіз. Ол – бала ма, әлде ересек пе, ақыл-есі, психикасы дұрыс па, дәл сол сәттегі көңіл-күйі немесе сөйлеу мәнері қандай? Бірге ойнап, уақытты бірге өткізіп отырғандықтан, әрине, ойыншылардың бір-біріне ықпалы, әсері болады. Айталық, тіпті есік алдына шықпайтын балаңыз небір бейәдеп сөзді осы онлайн ойындағы «серіктесінен» үйреніп алуы да ғажап емес. Өйткені жеңіс пен жеңілістен тұратын ойын барысында түрлі эмоцияның көрініс табатыны түсінікті.
Эмоция демекші, ойын қызығына кіріп кеткен бала уақыттың қалай өткенін бағамдай бермейді. Салдарынан сағаттап ойнау, әсіресе, атыс-шабыс ойындарға қызығу баланың эмоционалды жағдайына кері әсерін тигізеді. Ашуланшақтық, немқұрайдылық, тұйықтық, айналасындағылармен тіл табыса алмау, уайым, айғай мен жанжалға, зорлық-зомбылыққа жақын болу, саналы ойлау қабілетінің, жан-жағындағыларға қызығушылықтың төмендеуі, тез шаршау, ақпаратты дұрыс қабылдай алмау және тағы басқасы. Үнемі осындай дел-сал жағдайда жүру баланың психикасын бұзады. Мысалы, ойындағы атыс-шабыс агрессивті мінез-құлықтың қалыптасуына негіз болып, баланы зорлық-зомбылық жасауға итермелейді. Сондай-ақ виртуалды өмірді шынайы өмірмен шатастыру немесе экрандағы «қаһарманның» ерлігін қайталап көруге деген балалық әрекеттің түбі жақсылыққа апармасы анық.
Кез келген мәселенің шешімі – ойындағыдай күш қолдану, қару ала жүгіру деп ойлап, бейбіт мәмілеге келу дегенді ұмытады. Ойындағы кейіпкерлер қатыгездік жасағаны үшін еш жауапқа тартылмайтыны сияқты бала да істеген әрекеті үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтынына сенеді. Ұрып-соғып, жөнімен жүре беруді қалыпты жағдай деп түсінеді.
Атыс-шабыс ойындардың шытырман сюжеті де психикаға көп күш түсіреді. Дәл қазіргі сәтте қарсыласы қайдан шыға қалатынын ойлап, ойыншы ойын біткенше қыспаққа түсіп, уайыммен отырады. Ойындағы оқыс оқиғалар мен күтпеген әрекеттерден көңіл күй үнемі құбылып тұрады.
Онлайн ойын барысында алдындағы компьютер немесе қолындағы гаджетпен ғана отыратын бала қоғамға дұрыс бейімделе алмайды. Өйткені ол тек экранмен сөйлесіп, экранмен жеке қалып үйренген. Адаммен емес, темірмен тілдесуді ғана білетін бала қатарластарымен әңгімесін жарастыра алмай, тұйықталып, өзін ыңғайсыз сезінеді. Сондықтан ешкім көрмейтін, өзі де көптің көзінен таса отыратын виртуалды өмірге оралғысы келіп тұрады. Өйткені онда жалғыз «қаһарман» рөлінде өзі болады.
Компьютер не гаджетпен ойын ойнайтын бала тек саусақтарының ұшын ғана қозғалтады. Ал бір орында сағаттап тапжылмай отырудың салдары денсаулыққа зиян екені айтпаса да түсінікті. Қозғалыссыз, бір нүктеге қараудан көз, бас, ми жұмысы, омыртқа – бәрі-бәрі зардап шегіп, өсіп келе жатқан жас ағзаның қалыпты процесі бұзылады.
Сонымен онлайн ойын баланың психикасына, денсаулығына, әлеуметке бағдарлануына кері әсерін тигізетінін білдік. Интернетке қосылу ақылы екенін ескерсек, оның қалтаға да салмақ түсіретіні түсінікті. Ең бастысы, оның бала жадын улап, дені дұрыс азамат ретінде қалыптасуына тұсау болары қорқынышты.
2016-2017 жылдары «Blue Whale Challenge» немесе «Синий кит» деген бәле шығып, балалар өзіне қол жұмсаған жайттар тіркелді. Қадам-қадаммен берілген тапсырмалардың соңғысы – өз өміріңді қию. Яғни белгіленген уақыт аралығында балалар жеңілінен бастап күрделене беретін тапсырмаларды орындайды. Ол тапсырмалардың дұрыс орындалуын қадағалайтын беймәлім «кураторлар» ойыншыға қысым көрсетіп, айтқанын екі еткізетін болса, «жақындарына қауіп төнеді» деп қоқан-лоқы жасалатын көрінеді.
Мұндай ойындардың қатарына «Run or die», «Momo Challenge», «Jump off the Balcony Challenge», «24-Hour Missing Challenge», «The Choking Game», «Fire Challenge», «Pass-out Challenge», «Salt and Ice Challenge» сияқты тағы басқа небір челлендж ойындар қаптап кетті. Бірі көлік ағылып жатқан жолды кесіп жүгіруде, биіктен секіруде, бірі денесіне от қоюда, тұншықтыруда, химиялық күйікке шыдауда, тағы сол сияқты қауіп-қатерге толы өзге де «сынақта» кімнің мықты екенін анықтау. Әрине, мұндай ойынның бәрі бала денсаулығына қауіп төндіріп, жарақаттануына, тіпті оқыс оқиғаның орын алуына себепші болады.
Ал соңғы кезде елді дүр сілкіндірген ойынның бірі – «Schoolboy Runawaу». Ойын кезеңдерін өту үшін сатылап күрделене беретін тапсырмаларды орындау керек. Олар да балаға жақсылықты үйретпейді. Керісінше, «Ата-анаңа қарсы тұр! Ол қолыңнан келеді», «Көліктің кілтін ұрла», «Үйден қаш», «Шатырға шық!» сынды ақылға қонымсыз әрекеттерге итермелейді. Онсыз да бәрін байқап көруге құмар бала бұл тапсырмаларды шынайы өмірде қайталауы әбден мүмкін. «Осы орайда бүгінде оқу орындарының барлығында да сынып сағаттары, ата-аналар жиналысы, оқушылармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, психологиялық кеңестер, әртүрлі тақырыпта ата-аналармен, балалармен ашық әңгіме, тренингтер кең көлемде жүргізіліп жатыр», – деген практик-психолог Жеңісгүл Хабаева бала тәрбиесінде алдымен ата-ана жұмысты күшейту керектігін айтады.
«Қазіргі таңда ата-ана телефонды тәрбиенің бір түріне айналдырып алған. Тыныштандыру үшін балаға оны өздері береді. Телефондағы ойындар баланың ұзақ уақыт сөйлей алмауы мен ойлау қабілетінің кешеуілдеп дамуына себепші екенін ескере бермейді», – дейді Жеңісгүл Жапарханқызы. Иә, құлақтың тыныштығы үшін әлі тілі де шықпаған баланың қолына гаджеттерді ұстата салатынымыз рас. Оның телефонмен не ойнап жатқанына, қандай контент көретініне, кіммен сөйлесіп, кіммен хат алмасатынына мән бермейміз. «Қолында телефоны бар. Балам ешкімнен кем емес» деген таяз ой көптің түбіне жетері сөзсіз. Телефонды бала шынымен игілігіне ұстауы үшін, яғни гаджет баланың өшуіне емес, өсуіне сеп болуы үшін оған қауіпсіздік құралдарын орнату, интернет белсенділігін бақылау, жалпы телефонды пайдалану уақытына шектеу қою сынды әрекеттер жасалуы керек. Баламен мейлінше көбірек уақыт өткізіп, ашық сөйлесіңіз. Психолог-мамандардың айтуынша, ата-ана мен бала арасындағы байланыс алшақтаған сайын бала жанына жақын жанды сырттан іздейді екен. Ал қолында жүрген телефондағы түрлі «құбыжықтарға» бала жабыққан кезде бауыр басады.
Бала – жас шыбық. Қалай исең, солай иіледі. Ендеше, елдің ертеңі болар білімді, тәрбиелі, рухты ұл-қыз өсіру – ата-ананың өз қолында!
Құралай Мұратқызы