Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мүддерісоғлыны қабылдады. Кездесуде қос тарап өзара ынтымақтастық мәселелерін, соның ішінде түрік тарабының инвестициясын индустриялық аймақтар мен логистикалық парктерді Алматы облысына салу мүмкіндіктерін талқылады.
Талқыға салынған жобалар аймақтың экономикалық дамуында шешуші рөл атқарады деп күтілуде. Түрік компаниялары арнайы экономикалық аймақта инфрақұрылымды құру мен дамытуға мүдделілік танытып отыр. Өңір басшылығы да салықтық жеңілдіктер мен жекелеген индустриялық аймақ құру мүмкіндігін қоса алғанда, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар туғызуға дайын екендігін білдірді. Облыс әкімі құрылыс саласында мол тәжірибесі бар түрік компаниялары өңірдегі екі қала – Қонаев пен Алатаудың инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қоса алатынын айта келіп: «Түркі жұртымен бізді ежелден бауырластық қарым-қатынас байланыстырады. Ал Түркия мемлекеті сенімді стратегиялық әріптес ретінде қарастырылады», – деп атап көрсетті. Соның ішінде елеулі инвестициялармен расталып отырған көп жылғы мәдени және экономикалық байланыстарға ерекше тоқталды. Сонымен қатар өңір басшысы Алматы облысының шешуші транзиттік жолдар қиылысында тұрған тиімді географиялық орналасу жағдайын да баса көрсетті. Қазіргі таңда аймақта түрік капиталы салынған 182 кәсіпорын еңбек етуде, сондықтан билік түрік компанияларына жекелеген индустриалдық аймақтар құра отырып, әріптестік қарым-қатынастарды дамытуды да ынталандыруға дайын екенін білдірді.
Бас консул кездесуге шақырылғанына ризашылығын білдіріп, өзінің дипломатиялық мансабы басталған Қазақстанмен байланысты ерекше атап өтті.
– Былтыр Қазақстанмен жасалған сауда көлемі 6,5 млрд долларды құрады, ал Түркия сіздің елмен басты экономикалық әріптестер бестігіне кіреді, – деді Бас консул. – Таяудағы бес жылда тауар айналымын бір жарым есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл – экономикалық байланыстардың нығаюына ортақ мүдделілік пен сенімнің жоғары деңгейінің дәлелі.
Жүздесу барысында осындай бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселе ортаға салынып, жол-жөнекей туындауы ықтимал түйіндердің шешілу жайы да електен өткізілді. Мұнымен қоса, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселесі де маңызды аспект ретінде сарапқа салынды. Қазіргі таңда Алматы облысында түрік этносы белсенді әрекет етуде, сондай-ақ қазақ-түрік лицейлері мен С.Демирел атындағы университет қызмет атқарып жатқаны көпке мәлім және оның екі ел арасындағы мығым мәдени көпір болатыны сөзсіз.
Марат Сұлтанғазиев өз тарапынан: «Достық пен туысқандық қарым-қатынас бізге болашаққа сеніммен қарауға және ең табысты жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп қосты.
Сөзінің соңында Бас консул биылғы қыркүйек айында бұдан арғы ынтымақтастық жайын талқылаған түрік-қазақ бизнесмендері қауымдастығының жиналысы өткенін еске алып, бизнес өкілдерінің бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі талқылау үшін облыс әкімімен жүздесуге ниетті екендіктерін жеткізді. Аймақ басшысы экономикалық қарым-қатынастарды табысты түрде дамытудағы тікелей диалогтің маңыздылығын атап көрсете келіп, бастамаға қолдау танытты.
Осылайша, бұл кездесу қос тараптың да стратегиялық әріптестікті дамытуға дайын екендіктерін көрсетіп, инфрақұрылымдық жобалардағы, логистикадағы және туристік сектордағы ынтымақтастыққа жаңа кеңістіктер ашып берді.
Бейбіт МЕКЕЕВ