«Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары – Қуаныш Тұңғатар мен Забира Сайділдина Еңбекшіқазақ ауданына іссапармен келді.
Аудан әкімі Талғат Байеділовтің қабылдауында болып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Хан мен қарашаның ой-пікірін көпшілікке жеткізетін, қоғамдағы қуанышты сүйіншілеп, кемшіліктің орнын толтыруға атсалысатын – баспасөз жайы да кездесу барысында қозғалды. Жаңалық жаршысы болып, елдің рухани-мәдени өркендеуіне үн қосатын, тарихқа үңіліп, болашаққа бағдар беретін газет – тәрбие мен білім биігі, әрі ең мықты идеология құралы. Ендеше, елдік пен ерлікті ту етіп, ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, ішкі-сыртқы саясатқа сызат түсірмей, бірлік пен бейбітшіліктің діңгегі болған баспасөздің әділ бағасын бере алдық па? Жыл өткен сайын баспасөзге жазылушылардың саны сейіліп бара жатқаны ненің белгісі? Журналистердің қарулы қаламы қауқарын жоғалтты ма, билік идеологияны дұрыс жүргізе алмай отыр ма, әлде халық күйбең тірліктің қамытымен қараңғыдан шыға алмай қалды ма? Жасыратыны жоқ, бұрындары газет-журналға елдің оқыған-тоқыған зиялыларымен қатар балаларды білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздар көптеп жазылатын. Ел мен жердегі жаңалық, ғылымдағы жаңашылдық, тарих, өркениет пен мәдениеттегі, спорттағы жетістіктер жайлы газеттен оқып-біліп, сабақ барысында баспасөзді білім мен тәрбиенің тетігі ретінде қолданатын. Өкініштісі, бұл кешегі күннің еншісінде қалғандай.
Бүгінде бесіктегі баладан бастап еңкейген қарт та әлеуметтік желілерге жіпсіз байланған. Басы бар да, аяғы жоқ, оқырманның ойын сан саққа жүгіртіп, санасын улайтын, бір сәттік эмоция үшін өңкей «өлтірді», «қырды-жойдымен» елді елеңдетіп, қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық келісімге кесірін тигізетін теріс пиғылды посттар парасат-пайымның биігіне айналды. Оны оқып, көріп өскен жастың көкжиегі кеңеймесі, ал ұлттық идеологияның ақсайтыны анық.
Осы орайда бәсі басым баспасөздің бет-бейнесін қайта қалыптастырып, халық арасында газет-журналға жазылуды жарнамалаудың жөні бөлек болып тұрғаны рас. Өйткені газет бетіне жарияланған сараптамалық үлкен материал түгіл, шағын ақпарат та жан-жақты сүзгіден өтіп, тек тексерілген мәлімет көпке ұсынылады. Яғни әлеуметтік желідегі арандату мен алыпқашпа әңгіме емес, баспасөз бетінде ақпараттық, әрі ағартушылық бағыттағы мақалалар жарық көреді. Орын алған оқиға ойдым-ойдым қырқылмай, толықтай, сарапталып, екі жақтың да пікірімен бірге беріледі. Осылайша, оқырман ешкімнің жеке көзқарасына байланбай, теріс пиғылдылардың арбауына түспей, өзі түйін шығара алады. Бұл да болса, өз кезегінде көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның, сауатты қоғамның қалыптасуына сеп.
Айта берсек, баспасөз бен әлеуметтік желідегі ақпараттың ақ-қарасы мен халыққа пайдасы және зияны жайлы ұзақ талқылауға болады. Талғат Ескендірұлы да журналистерді байыппен тыңдап, қазіргі қоғамда орын алған осынау жағдайға бей-жай қарай алмайтынын айтты. «Қашаннан халықтың көзі, құлағы һәм тілі саналатын газеттің орны әрдайым бөлек. Халыққа шынайы ақпарат ұсынып, ел бірлігі үшін еңбектеніп жатқан баспасөз – мемлекеттің бір тірегі», – деген аудан әкімі газет-журналға жазылудың саябырсып қалуына себептің бірі – жазылған баспасөз оқырманға уақытылы жетпеуі, яғни пошта қызметіндегі олқылықтар екенін атап өтті. Осы орайда айта кетерлігі, Жетісу және Алматы облыстары екі бөлек отау тіккелі биыл шілде айынан бастап «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы Қонаев қаласында өз жұмысын бастады. Филиал директоры Алмагүл Жармұхамбетова алдағы уақытта газет-журнал таратуда пошта қызметіне қатысты қиындық туындамайтынына сендіріп отыр.
Ауданға арнайы келген журналистер аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметовпен де жүздесті. Көп жылдар аудан әкімінің идеология бойынша орынбасары болған Бекет Төлегенұлы қызметтегі өз тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік саясатты жүргізудегі баспасөз рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар жергілікті өкілді және атқарушы органдардың жұмысын елге танытып, билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған БАҚ-қа қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін жеткізген мәслихат төрағасы «Оқитын депутат – оқитын ұлт» челленджін бастап, мемлекет басшысы айтқан оқуға құштар ұлтты қалыптастыруда өз үлесін қосуға білек сыбана кірісетінін де байқатты. Білім-білігі мен мол тәжірибесі бар мұндай азаматтардың баспасөзге қолдауы – әрине, ұлтқа деген жанашырлығының бір белгісіндей.
Журналистердің Еңбекшіқазақ ауданындағы келесі кездесуі «GOLD-PRODUCT» АҚ ұжымымен болды. Түрген ауылында орналасқан бұл компания жұмысын 1998 жылдан бері жүргізіп келеді. Қазақстан нарығы ғана емес, шетелге де шығарылатын өнім сапасымен көптің көңлін жаулап алған. Кездесу барысында компания басшысы Виталий Вальков кәсіпорынның жұмысы мен аудан экономикасында алар орны жайлы сөз қозғады. Еңбекшіқазақ ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайсар Асқарұлы журналистерді кәсіпорын ұжымына таныстырса, редакторлар облыстық газеттердің қысқаша тарихына шолу жасап, баспасөздің қазіргі қоғамдағы рөліне аз-маз тоқталып өтті. Компания қызметкерлері журналистерге сұрақтарын қойып, сұхбат құрды. Әрине, мұндай кездесулер көптің көкейінде жүрген сұрақтардың сыртқа шығып, кез келген мәселенің жүйелі шешімін табуға себепші болары сөзсіз.
Иә, баспасөз – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Таразының екі басын тең ұстап, елдің мұңын жеткізетін газет-журнал болмаса, халық пен биліктің арасы ажырап, екеуі екі жағада қалмақ. Мұндайда арам ойын жүзеге асырушы деструктивті көзқарасты көздейтіндердің күні тумақ. Ендеше, баспасөзге қолдау білдіріп, газет-журналға жазылуды жүйелендіру керек-ақ.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
Еңбекшіқазақ ауданы