Қайран, Орекем-ай! Кезінде 85-іңді өзіңсіз қарсы аламыз деп ойладық па екенбіз? Бір сылым артық ет жоқ, бәйгі атындай сыпа денеңді шиыра ширатып, әнтек күлімсіреп кеп қол алысқаныңда 25-тегі жігіттей шымырлығыңды дөп сезінуші ек. Әдеттегідей «Қалай, дайынсың ба?!» – деп сынай қарайтынсың. «Әрине!» дейміз қорқасоқтап. Осыдан соң үстелдің екі жағына қарама-қарсы отыра қап, қол күрестіруге шаппа-шап кірісіп кететінбіз.
Сол сәттердің бәрі енді сағынышқа айналды…
Біздің етене жақын таныстығымыз 90 жылдардың аяғында мен «Жетісу» газетіне қызметке келгеннен кейін басталды. Жастармен жастарша, үлкендермен үлкендерше сөйлесе де, әзілдесе де білетін Орекең сол тұста газет басшылығына келген «жас перілермен» тез тіл табысып кетті. Ұйымшыл әрі бауырлас тату ұжымның кез келген отырысы Орекеңнің әсем әнімен, үлгілі естеліктерімен әдіптелетін. Сәл қырыл араласқан ортаңқол даусының өзін ағамыз қандай қиын әннің де қайырым-иіріміне иіп әкеліп, құлпыртып жіберуші еді-ау. Арамызда өзіміздің Орекең емес, дәулескер әнші отырғандай таңдайымыздың суын жұтып, елжірей тыңдайтынбыз. Ағамыз ән шырқалып жатқанда көлеңдейтін көлденең әңгімені аса ұнатпаушы еді. Сыбыр-күбірге кірісіп кететіндерді оқты көзімен бір атып, жым қылатын. Осыдан да болар, Орекең ән қанатына қонғанда оқшау үн түгілі, оғаш қимылдар да сап тыйылып, домбыра мен әнші дауысы ғана патшалық құратұғын. Ән табиғатына қалай тереңдесе, өзі жазатын кез келген соны тақырыптарға да солай тереңдеп, тебірене қалам тербеу – Орекеңнің қаламгер ретіндегі ғажап қасиеттерінің бірі де бірегейі еді. Бұған сан мәрте куә болдық та. Ән мен өлеңнің, жалпы сөз дейтін құдіретті әлемнің киесі мен қасиетін бек қадірлеген ағамыз талай-талай әсем әндердің сөзін жазып, өзі де ән шығарып, композиторлық талантын да паш етті. Бұл тақырыптарға жазған кең құлашты керімсал эсселері мен мақалалары ондаған жинақтарға топтастырылып, қалың оқырманның жастана жатып оқитын жақұт дүниесіне айналды.
Орысбай ағамыз 60-қа толғанда Жамбыл ауданы айрықша сый-сияпат көрсетіп, ерекше салтанатпен атап өтті. Сөз зергерлеріне сұңғыла зеректікпен қарайтын сол кездегі аудан басшылығында жүрген Тоққожа Естенов ағамыз мерейтой салтанатының әрбір детальдарына дейін протоколдық мергендікпен шұқшия қадалғаны есімізде қалыпты. Салтанатты жиында қалың құттықтаушылар қатарында мен де арнау өлеңімді оқыдым. Арасында мынадай бір жолдар бар еді:
…Албанға, әттең, сыймайсың,
Шапыраштыға қимайсың.
Қалың қазаққа ортақ боп,
Жарқырап әсте тұрғайсың!
Жиын соңынан бір шатақ шал сахнаға атып шығып «Әй бала, біздің Орысбайды шапыраштыға неге қимайсың, а?» – деп таяғын беземесі бар емес пе! Араға ағалар түсіп: «Ақын балаңыз Орекеңді шапыраштыға ғана емес, күллі қазаққа ортақ болсын деп тұр емес пе?!» – деп мені арашалап алды, әйтеуір. Бұл оқиға біразға дейін Орекеңнің құрдастары арасында әзіл-қалжыңға арқау болды.
Ағамыз 70-ке толғанда Қазақстан Жазушылар одағы басшылығы баяндама жасауды жақын, сырлас інісі ретінде маған жүктеді. Баяндамада Орекеңнің ел көзінен қалтарыс қала беретін біраз қырларына, адами қасиеттеріне қал-қадерімше тоқталдым. «Бұдан былай қаламгерлер мерейтойына арналған баяндамаларды тек ақындарға жасату керек екен!» – деп Гүлзейнеп Сәдірқызы апайым маған бас бармағымен баға бергені есімде қалыпты.
Қайран Орысбай ағам да ырзалығын өзінше білдірді. Аса сыйлас дос-құрдастарының қатарына егіз қозыдай екі інісі – Рәтбек Терлікбайұлы екеумізді қосып, Баян жеңгеміздің мол дастарқанынан дәм татырды. Иығымызға ағалық ақ тілекпен шапан жапты.
Біздің шығармашылығымыз туралы басылым беттерінде бірнеше тұшымды дүниелер жариялатқаны да да ініге деген ізгі ниет пен ағеділ ілтипаты болар.
Орекең аға ретінде, мен іні ретінде «Жетісу» газетінің редакциясында қызмет істеген жылдары талай-талай іссапарларда бірге болдық. Солардың ішінде екеуі ерекше есте қалыпты. Алғашқысы – Кеген ауданында Екіаша жайлауына үгіт-насихат бригадасымен барған мәдени сапар. Екіншісі – Райымбек ауданындағы (ол кезде Нарынқол ауданы-тұғын) Шалкөде – Қарасаз сапары. Бізбен бірге Орекеңмен қосылып әнін әуелеткен Ілияс Әбженбаев пен Қанат Біржансал достарым, фототілші Нұрболат Тастанқұлов пен ақын Сәлім Жусанбайлар болып еді. Дүние – жалған деген рас-ау. Ілияс пен Қанат та іркес-тіркес ана дүниеге аттанып кетті. Бәрінің рухтары со жақта табысқан да шығар, бәлкім?..
Сол сапарда Сәлім достың мәшиненің жүксалғышына салып берген бір қап картобын Орекеңнің үйіне апарғанымызда Баян тәтеміздің таң қалғанын, «Осы жасқа келгенше үйге бір сабақ жіп әкелмеген Орысбайдың бір қап картоп әкелгеніне сенерімді де, сенбесімді де білмей тұрмын”,– деп жағасын ұстағанын мен жоғарыда айтқан баяндамама кіргізіп, жұртты бір күлкіге кенелткенім де есіме түсіп отыр…
Соңғы жүздесулеріміздің бірінде Орекең домбырасын ала келіпті. Әсте, домбырасыз жүрмеуші еді ғой. Менің «Кегеннің желі» деген өлеңіме шығарған әнін орындап берді. Ағамыздың дауысын естіп, Жазушылар одағының 1-қабатындағы менің кабинетіме Қайырниса бастаған қыздар, Бақыт бастаған ұлдар жиналды. Орекең шырқады дейсің бір! Садығожаның «Сарбидайы», Мұқағалидың «Сәби болғым келедісі», Кененнің «Жастық дәурені», Майлықожаның термелері бірінен соң бірі шырқалып еді.
…Соның бәрінің Орағамыздың қоштасу әндері екенін қайдан білейік… Білсек сол кезде жазып алып, бүгінде ғажап ағамызды сағынғанда тыңдап жүрмес пе едік! Бір кем дүние-ай!..
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі