Жыл сайын сәуір айының соңғы аптасында өтетін Еуропалық иммундау апталығы – адамдарды кез келген жаста аурудан қорғау үшін екпе қолдануды насихаттауға бағытталған ауқымды шара. Екпе салу – денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен жетістіктердің бірі. Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді және қолжетімді құралы ретінде танылғалы қашан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша 2005 жылдан бастап Еуропа елдерінде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан иммундау апталығы Қазақстанда 2007 жылдан бері өтеді. Жыл сайын бұл іс-шараға әлемнің 180-нен астам елі қатысады. Биылғы апталықтың тақырыбы – «Кең ауқымды толық иммундау».
Апталық қарсаңында Қазақстан Денсаулық сақтау вице-министрі, мемлекеттік бас санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова иммундау мәселелеріне арналған халықаралық форумға қатысып, өз сөзінде екпе егу – профилактикалық денсаулық сақтаудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, еліміздің профилактикалық егулер күнтізбесі әлемдік үздік тәжірибелерге сәйкес келетіні де тілге тиек болды.
Әлемдік шара аясында облысымыздың барлық өңірінде 23-29 сәуір аралығында Еуропалық иммундау апталығы өткізіледі. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы орынбасары Сәулет Баймұхамбетқызының айтуынша, басты мақсат – облыс халқына иммундау мен вакцинациялау жұмыстарының маңызын түсіндіріп, ақпараттандыру, вакцина салынған және салынбаған адамдардың денсаулығын ұжымдық иммунитет көмегі арқылы қорғау үшін вакциналардың әсері туралы хабардар болуды арттыру. Сонымен қатар жасөспірімдерге, ата-аналарға және денсаулық саласындағы мамандарға вакцина салдырудың пайдасы мен иммундау жөніндегі дәлелді ақпарат негізінде саналы таңдау жасау қажеттігілігін еске салу және ғылыми негізделген ақпарат тарату.
Биыл облыс бойынша профилактикалық егулермен қамту 95 пайызды құрап отыр. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты ата-аналардың балаларына екпе еккізуден бас тарту фактілері де тіркелген. Облыста 2023 жылдың 1-тоқсанында 86 бала екпеден бас тартты. Оған діни ағымдардың ұстанымы, вакцинаның оң әсеріне сенбеу, теріс ақпараттардың әсерінен иммундаудың эффективтілігіне күмәнмен қарау себеп болып отыр. Бірақ, балаларды екпемен толық қамтымау жұқпалы ауруларға сезімтал адамдар санының көбеюіне әкелетінін ұмытпаған жөн. Ал бұл өз кезегінде ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Яғни, екпе алдын алатын жұқпалы аурулардың әсіресе көп адам жұмыс істейтін ұжымдарда бұрқ етіп, етек жаюы бек мүмкін. Сондықтан, «әр вакцина алған адам – ұжымдық денсаулық кепілі» деп түсініп, эпидемиологиялық ошақтың алдын алу үшін уақытылы вакцина салдырып отырған абзал. Мамандардың айтуынша, тиісті мекемелер вакцинадан бас тартқан ата-аналарды жай ғана жібере салмайды. Әр отбасы мүшелеріне оның салдарын түсіндіріп, толық кеңес беретін арнайы медициналық-консультативтік топтар бар.
«Апталық барысында полиомиелит, сіреспе, дифтерия, көкжөтел, қызылшаға және эпидемиялық паротитке қарсы жоспарлы иммундау жұмыстарының мақсаты мен реті түсіндіріледі. Аурулардың тізбесіне сәйкес профилактикалық егулер 20 жұқпалы ауруға қарсы, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 16 және жергілікті бюджет есебінен 4 жұқпалы ауруға қарсы егу жүргізіледі. Біздің елімізде екпе егу мемлекет бюджеті есебінен жүргізіледі. Жыл сайын иммундау жүргізу үшін шамамен 30 миллиард теңге бөлінеді. Балаларға вакцина салу үшін жоғары сапалы, ДДСҰ сертификаты бар вакциналар қолданылады. Келіп түскен вакциналардың әрбір тобы заманауи және жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған иммундық-биологиялық препараттарға сараптама жүргізу жөніндегі биологиялық сынақтар зертханасының базасында қауіпсіздігі мен тиімділігіне сертификаттаудан өтеді», – дейді Сәулет Баймұхамбетқызы.
Соңғы 30 жылда елімізде қызамықпен сырқаттану көрсеткіші 1993 жылғы 11 мыңнан 2010 жылы бірлі-жарым жағдайға дейін, эпидемиялық паротитпен сырқаттану – 660 есе, халық арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттану 67 есе, ал осы инфекцияға қарсы егілген балалар арасында 141 есе төмендеген. Көкжөтелмен сырқаттанудың деңгейі де төмендеп, бірқалыпты сақталып тұр. Ал ДДСҰ мәліметінше, иммундау жыл сайын дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, мысқыл және қызамықтан 2-ден 3 миллионға дейін адамды өлімнен сақтап қалады. Мұның бәрі вакцина салу мен иммундаудың оң ықпалын дәлелдей түседі.
Баян Мұратбекқызы,
Қонаев қаласы