Қонаев қалалық Мәдениет үйінде этномәдени бірлестіктердің «Бейбітшілік және келісім жолымен» ҚХА халық экспедициясы» мүшелерінің қатысуымен ассамблея Журналистер клубының көшпелі отырысы басталды. Жиын барысында бірқатар тақырыптар бойынша семинар-тренингтер ұйымдастырылуда. Аталған шара Астана – Қонаев – Түркістан – Астана қалалары бағытында 28-31 қазан күндері өтеді деп жоспарланған.
«Этносаралық қатынастарды дамытудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі» деген ортақ тақырыппен ұйымдастырылып отырған шара Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларын қамтымақ. Басқосуға «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Әсел Артакшинова модераторлық етті. Жиынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин алғысөз сөйлеп ашып, баяндама жасады. Содан кейін сөз тізгіні Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитовке, Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің жоба үйлестірушісі Әділжан Ахметовке берілді. Кеш қонақтарының сапында ҚР Парламент Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев, облыстық ҚХА Журналистер клубтарының төрағалары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ЭҚДК «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, ҚХА, ЭМБ, БАҚ өкілдері мен жоғары оқу орындары журналистика факультеттерінің студенттері және тағы басқалар қатысты.
Бейбіт МЕКЕЕВ