Қарасай ауданының Сауыншы ауылында кереге мен шатыр жабындыларына арналған сэндвич-панельдер шығаратын жаңа кәсіпорынның құрылысы аяқталуға жақын. Көршілес Қытай елінен атажұртына оралған кәсіпкер, көпбалалы ана Ардақ Айтудың бастамасы бойынша қолға алынған бұл өндіріс аудан экономикасын өркендетуге үлес қосып, тұрғындардың тиімді әрі сапалы құрылыс материалына деген сұранысын өтейтін болады. Кәсіпорын келер жылдың наурыз айында іске қосылады деп күтілуде.
Ардақ Айту Қазақстанға қоныс аударып, тарихи Отанының гүлденуіне үлес қосуды бала кезінен армандаған екен. Атажұртына табан тірегеннен кейін шама-шарқынша бизнеспен айналысып, тұрғын үйлер мен кеңселерді, өндірістік ғимараттарды жылдам әрі жылы етіп тұрғызуға мүмкіндік беретін сэндвич-панельдер шығаратын өндіріс ашуды қолға алады. Алайда бұл жолда оны талай сынақ күтіп тұрған еді.
Ең алдымен өзінде болмағандықтан, өндіріске қажетті ғимаратты жалға алып, жұмыс жасауға мәжбүр болған. Ал биылғы жылдың басында жалдап отырған ғимаратты өрт шалып, онда тұрған құрылғыларына дейін жанып кеткен. Осыдан кейін Ардақ қалайда өзінің жері мен ғимараты болуына күш салады.
Қоныс аударғалы бері Қарасай ауданында тұрып жатқан Ардақ Айту жаңа кәсіпорынды да осында ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды да ойластырып қойған. Осылайша Сауыншы ауылынан 3,6 гектар жер алып, оның бір гектарына сэндвич-панельдер шығаратын кәсіпорынның құрылысын бастап кетеді.
Әрине, жаңа кәсіпті бастау қашанда оңай емес. Алдымен құрылыс материалдарының нарқын, елімізде қолданылатын өндіріс технологиясын, өзінің мүмкіндігі мен шама-шарқын бағамдап көреді. Ақыры тәуекелге барып, жұмысты бастап кетеді.
– Біздің еліміз – салыстырмалы алғанда жас, жедел даму жолына түскен тәуелсіз мемлекет, – дейді Ардақ Айтуқызы. – Міне, сондықтан да біз сұранысқа ие сэндвич-панельдер шығару өндірісін қолға алдық. Осы арқылы еліміздің дамуына үлесімізді қосқымыз келеді. Жұмысымыздың алға жүруіне аудан, облыс әкімдігі, Әйтей ауылдық округінің әкімі тарапынан үлкен көмек болғанын айта кету керек. Алдымен шаруа қожалығын жүргізуге арналған жерге өндіріс орнын салуға рұқсат алып берді. Сонымен, қатар «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан қаржылай көмек көрсетіліп, шаруамыздың алға жылжуына демеу жасалды. Сондықтан жаңа бизнесті ашуға мұрындық болған барша жұртшылыққа алғысымды жеткізгім келеді.
«BMG Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып жатқан жобаға 1,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 300 мың шаршы метр сэндвич-панельдер шығаруға есептелген. Мұнда бүгіндері 40 адам еңбек етіп, отбасының нәпақасын айыруда.
Сэндвич-панельдердің артықшылығына келгенде, Ардақ Айтуқызы ең алдымен екі жағынан қаңылтырмен қапталып, ортасы пенопласт пен минералды мақта сияқты жылу өткізбейтін материалдармен толтырылған жабындылар тез әрі оңай құралатынын айтып өтті. Сонымен бірге суық пен ыстыққа төзімді, отқа жанбайтын беріктігімен де ерекшеленеді. Сэндвич-панельдер ғимараттың төбесін жабуға, керегесін тұрғызуға пайдаланылады. Кірпіштен қаланатын керегелерді тұрғызу үшін жеті-сегіз ай кететін жұмысты бұл панельдердің көмегімен бір айда аяқтап шығуға болады. Бұл материалмен салынған ғимараттардың жылы әрі берік болатыны тағы бар.
Ардақ Айту мұнымен де шектеліп қалмай, қалған жерді де тиімді пайдалануды жоспарлап қойған. Мәселен, жердің бір бөлігіне ғимараттардың қасбетін еуропалық технологиямен әрлейтін материалдар шығаратын кәсіпорын ашса, қалған жерге өндіріске қажетті заттарды сақтайтын қойма салуды ойластыруда. Демек, кәсіпорынның ұлғайып, өндірістің өркен жаюымен жұмыс орындары да көбейіп, мемлекетке төленетін салық мөлшері де арта түспек. Бұл дегеніңіз, ел экономикасының өркен жаюына, халықтың тұрмыс деңгейінің артуына апаратын даңғыл жол десек, қателесе қоймаспыз.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы