Бәріміз де бала болып, түрлі жан-жануардың дауысын салып, қимылын жасап ойнағанбыз. Әсіресе, қиялға ерік берілетін кез – жаңажылдық шырша еді ғой. Аяз атаның үлестіретін сыйлығын тәтті қиялмен күтіп, әркім мүмкіндігінің жеткенінше түрлі аң мен құстың, басқа да тіршілік иелерін бейнелейтін киім әзірлеп, бетперде тағып, өлең-тақпақ жаттап, Аяз атамызға айтып беріп, мәмпәсилерімізді алған бойда бір-екеуін ауызға, қалғанын қалтамызға атып ұрып қайтатын едік. Одан өзге далада ойнап жүргенде ойын талабына сәйкес, ара-тұра ит болып үріп, жылқы құсап кісінейтінбіз. Одан ары қарай желіксек ата-анамыз «Мал боп кеттің бе? Тәйт!» деп теткіп тастайтын.
Осы жылдың орта тұсында ел құлағын елең еткізген бір құбылыс теледидар арналарының жаңалықтар бөлімінен хабарланды. Түрлі жануардың, әсіресе, ит пен мысықтың кейпіне еніп, костюмін жасатып яки түрлі атрибутикасын жабыстырып, қиялындағы аң бейнесінде секектеп-шоқырақтап, тоңқаңдап не домалап жүргенді қолай көретін, жанына жайлы демалыс санайтын еркетотайлар біздің де елімізде пайда болыпты. Иә, Алматы мен Астана қалаларындағы немересін яки жиенін ойнатып жүрген бірлі-жарым ата-аналар мен әжелерді көрсетті. Сұхбат алынды. Ешқайсысы да жеткіншектердің мұндай әрекеттерінен әбестік көріп тұрмағандықтарын айтып жатыр. Негізі бұл субмәдениеттің атауы латынның quattor – төрт және ағылшынның aerobikc – аэробика деген сөздерінен құралған сөз. Бұл бес-алты жасар балалар мен 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің ортасында кеңінен тарап отыр.
Жалпы, жоғарыда сөз еткеніміздей, адамзат баласының жан-жануарға еліктеушілігінің түп-тамырын саналы адам – homo sapiens-тен бастасақ та артық айта қоймаспыз. Неге дегенде, аң аулағанда көрінбеу-байқалмау үшін аң не жануар кейпіне енуге тырысты. Түрлі қуанышты жағдайларда би қимылдары пайда бола бастады. Қысқа қайырсақ, кешегі жаңажылдық шырша түбіндегі өзіміздің өнер көрсетуімізге негіз болды. Халқымыздың бақсы ойынында белгілі бір, мысалы, жылқы, сиыр, бұғы, қасқыр, аю, түлкі, тағы сол сияқты жануардың бас сүйегі яки терісі пайдаланылатын. Қалай дегенде де, бұл айтып отырғандарымыздың барлығы мақсатты түрде және белгілі бір шекте ғана істелетін және ешкім өз бетінше, бейсаналы түрде лағып кетпейтін. Қош делік. Енді бір сәт бұл субмәдениет қайдан және қалай бастау алғанына аз-кем көз жүгіртелік.
Деректерге сүйенсек, аталып отырған субмәдениетке етене жақын әрі психикалық тұрғыдан қауіпті тағы да бірнеше субмәдениеттер аталады. Атап айтқанда, фурри, альтер-эго, квир-ұқсастық сияқты аралық мәдениеттерді бетперде етіп ЛГБТ, трансгендер, лесби, гей сияқты әр адамның психикалық саулығына, сәйкесінше, тұтас ұлттың болашағына қатер төндірер оғаш құбылыстар бар. Алайда олар жөніндегі әңгіме бөлек. «Теңіз тамшыдан құралады» дегенді еске алар болсақ, «Бір қарағанда зиянсыз, бала ойыны болып көрініп жүрген квадроберліктің алдын әзірден алмасақ, бас бермей кетер тасқынға айналуы ғажап емес» деп отыр психолог мамандар.
Сонымен квадробер қайдан келді дегенге келсек, салыстырмалы түрде алғанда, жақында ғана пайда болған және бастауы Жапонияда деседі. Әлдебір жапондық Кеничи Ито есімді азамат 2008 жылы төрт аяқтап жүгіріп, 100 метр қашықтықты 18,58 секундта жүгіріп өтіп, әлем назарын өзіне аудартты. Екі аяғымен жүгірген адамның өзі мұндай жүз метрлікті 9-11 секундта жүгіріп өтетініне қарасақ, өте қолайсыз, төрттағандаған күйде шапшаңдықпен жүгіріп өту, расында да, елең еткізерлік жағдай. Содан кетті дерсің. Әлемнің түкпір-түкпірінде төрттағандап тоңқаңдаушылар қатары жауыннан соңғы саңырауқұлақтай көбейе бастады. Бұл аралық мәдениет түрі түу күншығыстан күнбатысқа бірақ секіріп жетті десек те болады. Сөйтіп мұхит асып барып, айналып Еуразия құрлығына да келді.
Осыған орай біз ел ертеңіне, ұрпақ тәрбиесіне тигізер зардабы мен салдарына қатысты Қарасай ауданы Долан ауылындағы орта мектептің педагог-психологы Әсел Өмірбековаға жолығып, маман ретінде пікірін сұраған едік. Психолог бұл мәселенің халық арасында әралуан көзқарас қалыптастырып үлгергенін айта келіп, қостаушының да, қарсы болушылардың да баршылық екенін атап көрсетті. Десек те, әзірге аса айтарлықтай кең тарап кетпей тұрғанда, бала тәрбиесіне отбасында да, мектепте сергек қарап, ата-аналардың өз балаларымен қарым-қатынаста жиірек әңгіме-дүкен құрып, мазалап жүрген мәселелеріне елгезектік танытқандары орынды болатынын ескертеді. Сонымен қатар мектептегі тәрбие жұмыстарын жүргізерде дәл осы аталып отырған мәселеге қатысты көрнекі құралдар мен қазақ тіліндегі әдебиеттің тапшылығын, көбісінің шет ел туындыларының аудармалары екендігін әрі аудармалардың сапасы да көңіл көншітпейтініне қынжылыс танытты. Біз де өз тарапымыздан даулы мәселенің күрмеуін шешу ісінде мемлекет тарапынан елеулі қолдау мен көмек қажет екендігін айтқымыз келеді.
Қазіргі таңда бұрынғы КСРО құрамында болған елдерге де жетіп үлгеріп, аталған аймақ елдері дабыл қаға бастады. Біздің де еліміз қарап отырған жоқ. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев өзінің instagramm-парақшасында қазіргі таңдағы балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен етек жайып бара жатқан квадробика және сонымен айналысатын квадроберлер жөнінде сөз қозғады. Ол: «Құрметті ата-аналар, оқырман! Сіздерге айтатын маңызды ақпаратым бар. Квадробер деген терминді естіп жатқан шығарсыздар? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – адамдардың жануарға айналуы. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында белең алып жатыр. Бұл кәдімгі дерт, қоғам ауруы десек те болады. Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі күні ұрпақтың тамырына балта шауып алуымыз мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар, жасөспірімдер жануарға еліктейді, төрт аяқтап жүреді, солар секілді өмір сүреді, секіреді, тіпті, көшеде жүрсеңіз, сізді тырнап, тістеп алу қаупі де бар. Бұл Еуропада да, АҚШ-та да белең алып жатыр. Сондай-ақ тіпті Ресейде де, Өзбекстанда да тіркелген жағдайлар бар. Сондықтан барынша сақ болайық», – деп ескертті. Халық қалаулысының алаңдауы негізсіз еместігі баршаға аян.
Сөз болып отырған аралық мәдениет құбылысына қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан қандай да бір айтылған пікір іздегенде біздің назарымызға діни басқарма өкілі Елбек Тасболатұлының уәждері кезікті. Басқарма өкілі квадроберліктің Ислам діні нормаларына қайшы екенін айта келіп, адам туралы Құранда айтылған сүреден мысал келтіре отырып: «Алла Тағала Құранның «Исра» сүресінің 70-аятында: «Шындығында, біз адамды құрметті, қасиетті еттік», яғни мұнда адамның ең құрметті әрі лайықты жаратылыс иесі екенін білдіріп тұр. Ал «Тин» сүресінде: «Біз адамзатты ең кемел түрде жараттық» дейді. Басқаша айтқанда, «біздің сыртқы бейнеміз бен аяғымызбен жүруіміз – бұл Алланың бізге берген сыйы», – деп атап-атап көрсетеді. Сонда қорыта айтқанда, «квадроберлік харам нәрсе ме?» деген сұраққа мүфтият өкілі: «Бұл харам емес, бірақ тыйым салынған әрекет», – деп жауап береді.
Иә, қазбалай келіп, қысқаша қайырғанда осындай болып тұр. Шағын ғана мақалада ел көңілін күпті еткен мәселенің бар ұштығын тарқата алдық дей алмаймыз. Десек те, «Не нәрсенің де өз орны болуға тиіс» деген тұрғыдан келсек, әңгіме арқауы болған мәселенің түйінін тарқатып, шешімін табу жеке бір адамның, мекеменің яки министрліктің ғана құзырында еместігін ұмытпағанымыз жөн. Бұл істе, ең алдымен, ата-ана сергектік танытуға тиіс. Отбасы, ошақ қасындағы тәрбие ертеңгі тұлғаның қалыптасуының іргетасы десек, әрісі Үкімет, министрлік, білім басқармасы, қала берді, мектепке кінә арта бермей, үйдегі, отбасындағы тәрбие, жанашырлық, елгезектік пен бала ертеңіне сергек қарауды бірінші орынға қояйық дегіміз келеді.
Бейбіт МЕКЕЕВ