Алматы қаласымен және Іргелі ауылымен іргелес жатқан «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде бүгіндері 25 мыңнан аса тұрғын тіршілік кешуде. Олардың көпшілігі Алматыда жұмыс істейтінін ескерсек, қатынас мәселесі өзектілігін жоғалтпай келеді.
Иә, еліміздегі ең «сақалды» құрылыстардың біріне айналып, ең жоғары дәрежеде талқыға түскен «Алтын орда» сауда кешені арқылы өтетін жол пайдалануға берілгенімен, осы жолдың әңгімесі әлі таусыла қоймаған сыңайлы. Себебі, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен Алматы бағытына қосылуға мүмкіндік беретін эстакаданың жыры әлі таусылған жоқ. Атышулы құрылыспен бірге жобаланып, бірге басталған бұл эстакада кешеннен шығатын көліктердің қалаға қарай бет алуына ыңғайлы әрі бөгетсіз жүруін қамтамасыз етуі керек болған. Бұл жұмысты қолға алған мердігер компания өз міндеттерін орындамағаны үшін құрылыстан шеттетіліп, «Golden City DS» ЖШС әрі қарай жалғастырған. Жасыратыны жоқ, аталған компанияның келуімен жұмыс ілгерілеп, көпір құрылысы жедел жүргізіле бастағанын байқадық. Дегенмен, 2023 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілуі тиіс эстакада әлі күнге дейін халық игілігіне айналмай отыр.
Осы кешігудің себебін білгіміз келіп құрылысқа жауапты «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаровпен хабарласқанымызда ол мұны жобаға бірқатар түзетулердің енгізілуімен байланыстырды.
Алдын ала қарастырылмағандықтан, эстакаданың жолына базар салынып кеткен. Бүгінгі таңда сауда кешенінің сүрілуіне қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Базардың жерін сатып алу үшін қажетті қаражат мәселесі шешілуде. Осы мәселе түпкілікті шешімін табатын болса, биыл қыркүйек айында құрылысты аяқтап, пайдалануға беру жоспарда бар.
Нұржан Тоқтасынұлының сөзіне сүйенсек, бұл күндері құрылыста 70 маман, 12 түрлі арнайы техника жұмыс істеуде. Мердігер компания эстакаданың жоғары қабатына 2083 текше метр бетон төсеп үлгерген. Одан бөлек, нысанның айналасындағы желілерді қалпына келтіру, жарық бағандарын орнату, гидрооқшаулау сияқты шаруалар жасалып жатыр. Осы төңіректе атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ Алматы облыстық филиалына қарасты болғандықтан, Райымбек ауылының тұсындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің аяқталмай жатқанын да сөз қылған едік. Жауапты тұлғаның айтуынша, бұл көпірдің құрылысы да жедел жүргізіліп жатыр. Нұржан Тоқтасынұлы құрылыстың қыркүйек айында аяқталатынына сендірді. Айта кетерлігі, бұл эстакада «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен шығатын көліктердің ешқандай кедергісіз «Алматы – Бішкек» автожолының Алматы бағытына шығуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, эстакаданың жанынан жаяу жүргіншілерге арналған жол да салынбақшы.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы