Жақында мұрағаттық құжаттарымның арасынан ішінде Шона Смаханұлы туралы естеліктерім жарияланған «Дала дидары» газетінің 1991 жылғы 2-8 мамыр аралығындағы санын тауып алдым. Арада біршама уақыт өтіпті. Белгілі сатирик-ақын Шона Смаханұлы артында мол әдеби мұра ғана емес, азамат ретінде елеулі із де қалдырғаны мәлім. Ол Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Мектеп кеңесінің төрағасы ретінде бүкіл республикамыздағы қазақ мектептерінің жағдайына айрықша назар аударып, Алматыда қазақ мектептері мен балалар бақшаларының санын көбейту жолында жанын салды. Сол тұста Мектеп кеңесінің жауапты хатшысы, кейін төрағасының орынбасары болып Шөкеңмен бірге қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға атсалысқанымды әлі күнге іштей мақтан тұтамын. Асыл азаматты еске алу мақсатында сол материалды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Қашанда өзіңе жақын адам туралы жазу қиын. Шона аға өмірден өткен екі жылдың ішінде (мақала 1991 жылы сәуір айында жазылған – М.Т.) ол туралы міндетті түрде қалам тербеудің қажеттігін сезінгенмен, жеме-жемге келгенде жүрексіне беретінмін. Ақыры Шөкеңнің тек бір ғана қырына тоқталуды жөн көрдім. Өйткені нақ осы қыры күрескерлік тұлғасын айшықтай түсетіндей еді.
1985 жылы жазда Алматыдағы «Орбита» ықшамауданында әлденеше ата-ана сондағы мектептердің бірінің жанынан қазақ сыныптарын аштыру қажеттігі туралы ой қозғап, бұл мәселені аудандық және қалалық оқу бөлімдерінің алдына қойды. Оған мұрындық болған Шона аға екен. Осының алдында астанада №62 және №86 қазақ орта мектептерінің дүниеге келуіне белсене атсалысқан аға, әйтеуір, қай жерден болсын қазақ сыныбын немесе балалар бақшасының жанынан қазақ сәбилер тобын ашудың ыңғайы келген тұстың бәрін пайдаланып қалуға тырысатын. Жаңадан бой көтерген «Орбита» ықшамауданында біраз қазаққа баспана тиіп, еңсесін жазған кезі. Сонда тұратын ағайындар балаларын ана тілінде оқытқысы келгені өзінен-өзі түсінікті.
Шона ағаның қайта-қайта мәселе қоюының нәтижесінде қазіргі №45 мектептің жанынан бір қазақ сыныбын ашуға рұқсат беріледі. Міне, соған бала жинау керек. Осыған жәрдемдесу үшін ол кезде «Білім және еңбек» журналында істеп жүрген маған ақын Рақымжан Өтегенов телефон соғып, шақырды. Мектепке жиналған бірнеше ата-ананың ортасында Шона Смаханұлы тұр екен. Бұрын балаларымыз бір бақшаға, бір топқа бірге барып жүрген кезінде басталған таныстық осыдан кейін ниеттестік қадамдарға ұласты. Шөкең айтады – біз орындаймыз. Қазақ сыныбын немесе бақшадағы қазақша топты ашудың Шөкең қалыптастырған тәсілдерін барынша пайдалана бастадық.
Ең алдымен, «Орбита» ықшамауданындағы барлық үйді Шөкеңнің жанына ерген «сарбаздары» бөліп алдық. Әр үйдегі қазақтар тұратын пәтерлерге бас сұғып, мектеп жасындағы балалардың саны, қай кластарға баратындықтары анықталды. Бұған сол маңайда тұратын ақын Нүкеш Бәдіғұлов, жазушы Орысбай Әбділдаев, ақын Рақымжан Өтегенов және басқа бірталай жігіт белсене қатысты. Қазақ класын ашуға байланысты алдын ала ата-аналар жиналысын өткізуді қолға алдық. Бұл жиналыс барысында тек бірінші емес, басқа сыныптарға да бала табылатынына көз жете түсті.
Бір сынып ашпақ болып отырған жерден аяқ астынан жетінші сыныпқа дейін ашуға мүмкіндік барын, ал тек бірінші кластың өзіне 90-нан астам бала жиналып, үш бірінші сынып ашуға мәжбүр болатындықтарын білгенде аудандық оқу бөлімі қызметкерлерінің көзі тас төбесіне шықты. Сонда ІІІөкең:
– Кеңес өкіметін орнатуға біз де атсалысқанбыз. Қазақтың баласы қазақ тілінде оқыса, аузы қисаймайды. Жұртшылықтың тілегі бұл. Мен соғысқа қатысқан адаммын. Сендердің ойланайық, көрейік дегендеріңе көнбеймін. Қалай да ашыңдар! – деп отырып алды. Айғайға аттан қосып, біздің желкеміз күжірейеді.
Ақыры сол сыныптар түгелдей ашылып, қазақ сыныбы үшін оқу ісінің меңгерушісі белгіленді. Кейін сол қазақ сыныптары №45 мектептен бөлініп, дербес шаңырақ құрып, №145 қазақ орта мектебіне айналды. Қазір ол – жеке мектеп.
Мені алғашқы сәттен әрі таңдандырып, әрі баурап алған Шөкеңнің күрескерлік қасиеті еді. Ана тілдің тағдыры үшін Шөкең шаршап-шалдығып көрген емес. Тіпті өзі тұрғай, бұл іске Аманкүл жеңешем мен ұлдарын да жегетін. Ата-аналарды қазақ сыныптарын ашуға байланысты өтетін жиналыстарға шақыру, хабарландыруды машинкаға басып, көбейту – Аманкүл жеңгейдің мойнында. 300-400 дана етіп басылған бұл хабарландыруларды көше-көшеге, дүкендердің, дүңгіршектердің маңына, аялдамаларға, бағаналарға жапсыру – біздің мойнымызда.
Ертесіне қарасақ, әлгі жапсырылған хабарландырулардың көбісі жоғалып кетеді немесе жыртылған болып шығады. Амал жоқ, үстіндегі киімдері желіммен сауыс-сауыс болған «сарбаздар» алдында атқарылған жұмысты қайта орындауға кіріседі. Мәселен, 1986 жылы «Айнабұлақ» ықшамауданында №118 мектептің жанынан қазақ сыныптары ашылар тұста дәл осылай болды. Ата-аналардың қазақ сыныптарын ашу жөніндегі өтінішіне Алматы қалалық оқу бөлімі 11 ақпанда рұқсат бергеніне қарамастан, бұл қағаз 28 тамызға дейін мектеп директорының тартпасында «құпия» сақталып келген. Қалалық оқу бөлімінен мұны кездейсоқ естіп қалған Шөкең ата-аналарды дүр сілкіндіріп, мектеп директорының шаңын қақты. Сонда директордың айтқан уәжі: «Қазақтар балаларын қазақ сыныптарына бергісі келмейді. Ешкім балаларының құжатын тапсырған жоқ».
– Солай ма? Олай болса, баланы сіз жинай алмасаңыз, біз жинаймыз. Ертең кешкі сағат 5-те осында ата-аналар жиналысы болады. Соған қатысыңыз! – деп Шөкең директорға кесіп айтты.
Дереу бастамашыл топ іске кірісті. Аманкүл жеңгей басқан хабарландырулар жер-жерге ілінді. Ертесіне уақыттан бұрынырақ мектепке келсек, қасында жеті-сегіз ата-ана бар, директор тосып тұр екен. «Далада тұрғанша жүріңіздер, ішке кіріңіздер» деп қоярда-қоймай бәрімізді екінші қабаттағы бір сыныпқа алып келді. Отырмыз, уақыт өтіп барады. Келіп жатқан ешкім жоқ.
Қазақ сыныптарының мәселесі туралы әңгіме сабақтаған Шона аға дегбірсізденіп орнынан тұрып кетіп, арлы-берлі жүрген. Кенет далаға қарады да: «Ойбай, Рақымжан, жүгір! Қайтар аналарды!» – деді. Сөйтсек, мектеп директорының тапсырмасымен есік алдында тұрған үй сыпырушы әйел балаларын қазақша сыныпқа беруді көздеп келген ата-аналарды «ешқандай жиналыс жоқ» деп шетінен қайтарып жатыр екен. Мектеп ауласынан шығып бара жатқан жұрттың біразы қайтарылып, амал жоқ, қақпа алдына өз адамымыздың бірі қойылды.
Ата-аналар келіп жатыр. 15-20 минутта класс іші лық толды. Мектеп директоры амалсыз залға шақыруға мәжбүр болды. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі де жетіп келсін. Ата-аналардың талабы күшті. Аудан өкілі өзі қазақ екеніне қарамастан күллі қазаққа орысша сөйлеп, қазақ сыныптарын көбейтудің мүмкін еместігін айта бастады. Оны жұрт тыңдасын ба? Айтыс, шу күшейе түсті. Сол арада Шөкең ақыл тауып, жиналғандарға бірнеше парақ қағазды таратып берді де:
– Құрметті ата-аналар, мынаған балаларыңыздың аты-жөнін, қай класқа баратынын ретіне қарай жазып беріңіздер. Нақты адрестеріңіз де болсын. Ар жағы оңай, – деді.
Тартыс бүкіл тізім қолға тигенде сап тыйылды. Бала саны жалғыз бірінші сынып емес, сегізінші сыныпқа дейін 10 класс жасақтауға мүмкіндік береді екен. «Көп қорқытады» деген емес пе, істің мұндай бетбұрыс алуы әлгі ағарту бишікештерін келісуге мәжбүр етті. Олар тағы бір шикілік шығармауы үшін Шона аға қолма-қол фельетон жазып, оны «Лениншіл жас» газетінде бұрқ еткізді. Сөйтіп, әлгі кластар түгел ашылды. Келер жылы қазақ кластары бөлініп, жеке мектеп болып шықты.
Қазақ сатирасының сардары, белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойы Тараз шаһарында кең көлемде аталып өтті. Мерейтойға орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиында зиялы қауым өкілдері қаламгердің сан қырына тоқталып, еліне сіңірген еңбегін паш етті. Тойға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, ҚР Мемлекеттік кеңесшісінің құттықтауын жеткізді. Бұдан бөлек, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Дәулет Шайтұрсын оқып берді. Сондай-ақ, шарада айтулы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ер Шона» атты жаңа кітап таныстырылды.
Шона ағаның табандылығын көрсететін мысалдар көп. 1986 жылы 3 қарашада Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Мектеп кеңесі бастамашылық тобының шақыруымен жаңадан салынып, пайдалануға берілейін деп тұрған №337 балалар бақшасына сол төңіректе тұратын көптеген ата-ана жиналды. Соның алдында жарты жыл бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жазылған өтініш бойынша мұнда ашылмақ болған 14 бүлдіршіндер тобының алтауы қазақша болып белгіленген. Осы шешімді жариялап, ата-аналарды қуанту үшін Алматы қалалық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары І.Әлімжанова келді. Шөкең де қуанып тұр.
Дәл жиналыс басталар алдында Калинин аудандық партия комитетінің сол тұстағы бірінші хатшысы Анатолий Иванович Рожков, қасында бірнеше адамы бар, жетіп келсін. Бірден ай-шайға қарамай: «Сендер кімсіңдер, неменеге жиналдыңдар? Қазақ топтарын ашуға кім рұқсат берді?» – деп тықсыра жөнелді. Мән-жайды айтып түсіндірдік. Алайда ол қалалық оқу бөлімінің шешімін құлағына ілгісі де келмеді.
– Бұл ауданда қожайын мен! Менің рұқсатымсыз бірде-бір қазақша топ мұнда ашылмайды. Әлеуметтік әділеттілік деген болу керек. Біздің есепте бір жарым мың бала бақшадан орын алудың кезегінде тұр. Ал сендер мұнда қазақша топ ашамыз дейсіңдер. Ашылмайды, рұқсат жоқ! – деді әкіреңдеп.
– Александр Иванович, қазақ топтарына ауысатын бүлдіршіндер түгелге жуық осы ауданның басқа бақшаларына барады. Мұнан қазақ топтарын ашсаңыз, олардың бұрынғы орындарын еркіңізше пайдаланасыз. Яғни орын жағынан нұқсан келіп тұрған жоқ.
– Айттым – бітті, ашылмайды! Балаларыңды ауыстырамыз десеңдер хабарландыру жазып, жекеше түрде істеңіздер. Ал қазір тараңыздар! Ары қарай жөн айтып түсіндіруге тырысқанымызбен, еш құлақ аспады. «Кетіңдер!» дейді. Өзі машинасына отырып, тартып берді. Дал болып біз қалдық. Шөкеңнің ұсынысымен қалалық партия комитетіне бару жөнінде сөйлесіп тұрғанымызда сау етіп екі-үш мотоциклмен милиционерлер жетіп келді. Түстері суық. Біреуінің жетегінде иті бар.
– Тараңдар! – деді айғайлап. Жаңағы бірінші хатшы рация арқылы шақырса керек. Амал жоқ, жиналғандарды тараттық. Не істеу керек? Басталған істі аяқсыз қалдыруға тағы болмайды. «Бірінші хатшы айтты екен деп інге кірген тышқандай күй кешеміз бе?! Қой, Марат, Мәскеуге телеграмма жіберейік». Ағаның ақылы осы болды. Ертеңіне Шөкеңнің келіндерінің атынан көпбалалы ана ретінде Горбачевке телеграмма жөнелтілді. Онда Рожковтың зорлық-зомбылықпен күш көрсеткені, шовинистік пиғыл танытқаны, қалалық оқу бөлімі ашып тұрған қазақ топтарын жауып тастағаны айтылды.
Шөкеңнің осы ұсынысының нәтижесінде Мәскеу араласып, №337 бақшада, әйтеуір, зорға дегенде 6 топтың орнына 2 қазақша топ ашылды-ау. Сондағы көзделген 6 топқа араға алты жыл салып қана әзер қол жеткізілді. Ал Шөкең жалпы мектеп мәселесін қолға алған кезде Алматыда жалғыз №12 қазақ мектебі болса, ол көз жұмарда қазақ мектептерінің саны 23-ке жетті. Балабақшалар көбейді.
Шона Смаханұлы, жарықтық, талай айтыс-тартысты да, оқ пен отты да көрген жан еді ғой. Мәселен, 1986 жылы 17 желтоқсан күні кешке Шона аға Қонаевқа телефон шалып, қал-жағдайын сұрайды. Осының алдында ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өтіп, онда Димаш Ахметұлы республика партия ұйымының басшылығынан алынғаны белгілі. Оның орнына Колбиннің сайлануына жастар наразылық көрсетіп, алаңға шығып жатқаны тағы бар. Тура осындай сәтте Димекеңнің қал-жағдайын сұрағаны Шөкеңе бәле болып жабысқан. Оның үстіне сол күні таңертең Қазақ радиосынан ауа райы мәліметтері оқылған кезде диктор бір сөзді байқамай қате оқып қойыпты. Ол тексті машинкаға басқан – Шөкеңнің үйіндегі жеңгей Аманкүл.
Үздіксіз тексеру, тұрақты аңду ол тұста көп азаматтар үшін әдеттегі жағдайға айналып еді ғой. Шөкеңе ашықтан-ашық тарпа бас салуға тағы батпайды. Өйткені ол Отан соғысына қатысқан майдангер, 30-40 кітап шығарған жазушы, сатирик ақын. Әрі партияға майданда өткен коммунист. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Мектеп кеңесінің төрағасы екені тағы бар. Соған қарамастан қысым ұзақ уақыт жалғасты. Оның ақыры былай шешілді:
1987 жылы мамыр айының орта тұсында Алматыдағы Редакциялар үйіндегі журналистердің арасында «Шона Смаханұлының үстінен оның ұлтшыл екендігін «әшкерелейтін» «Ржавчина» (қазақша «Дат») деген материал дайын екен-мыс. Арнайы орындар әзірлеген материалға қол қоятын автор табылмай жатқан көрінеді» деген қауесет тарады. Оны шығармақ болып отырған «Ленинская смена» екен-мыс. Мен жұмыс істейтін «Білім және еңбек» журналында да қат-қабат тексерулер жүріп жатқан.
Әлгі хабар мені қатты шошытты. Өйткені осының алдында Өмірбек Жолдасбеков, Асқар Тоқпанов және тағы басқа азаматтарға қатысты осындай жарияланымдар басылып, ол әлгі жандарды аяусыз қудалауға жол ашқан болатын. Шөкеңе мұндай шоқпар сілтенетін болса, онда күллі Мектеп кеңесінің жұмысына батпандай тимек. Онда қазақ мектебі деп ауыз ашудан мүлде қалғалы тұрмыз. Мұндай сұрқия мақаланың алдын алмаса болмайды. Дереу Шөкеңе телефон соғып, келіп кетуін өтіндім. Рас болсын, өтірік болсын, мұны Шона аға білуге тиіс. Әңгімені естіген соң Шөкең ерлігіне басып: «Не болса да тура «Ленинская сменаға» (қазір «Экспресс-К») барып, өз ауыздарынан естиін», – деді.
Бір-екі қабат төмен түсіп, «Ленинская смена» газеті редакторының сол кездегі орынбасары Әділ Ибраевқа келдік. Біздің нендей «бұйымтаймен» келгенімізді айтпай-ақ білгені төменшіктеген жүзінен аңғарылды. Дегенмен жылы қарсы алып жатыр. «Ржавчина» туралы сауалымызды мақұлдап та, терістеп те ештеңе айта алмай, үнсіз отырып қалды. Сірә, іштей өзімен-өзі арпалысқа түсіп отырса керек. Бірақ азаматтығы жеңіп, бірауыз сөз айтып шығарып салды: «Мен бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ қолдарыңыздан келгенше қимылдап қалыңыздар!»
Осы бірауыз сөз біз үшін жеткілікті болды. Шөкең өзінің мінезін тағы танытты: «Құдай өзі берген жанын өзі алады. Қалтама партбилетті босқа салып жүрмін бе? Өздерінің қатарына соғыста өткен мүшесін қорғасын. Жоғарғы партия органдарына шағым жазайық!»
– «Жығылсаң, нардан жығыл» дегендей, Шөке, бір телеграмманы Мәскеуге, Горбачевке салайық та. Уақыт аз!
Сөйтіп, екеуміз Орталық почтамтқа келдік. «Марат, орысшаң менен тәуір шығар, нобайын сен жаз!» – деді. Содан, Шөкеңнің атынан партияға майданда жүргенде өткендігінен бастап, өзіне баспасөз арқылы шабуыл жасалайын деп отырғаны, осыған байланысты алдын ала тексеруді талап ететіні туралы жарты бет мәтін әзір болды. Телеграмманың бірі СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Горбачевтің, екіншісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбиннің атына сол күні жіберілді.
Осы телеграммалардан соң ғана Шөкеңді аңду, қудалау тыйылды. Марқұм көңілі жайланып: «Жігіттер, қостілділік туралы қаулы шықты ғой. Енді іске бұрынғыдан да батыл кірісейік!» – деп бізге қайрат беріп қоятын.
Мезгілсіз ажал қазақтың бір дара ұлын өмірден ерте алып кетті.
Мектептерде кездесу өткізуге барған сайын жанымда Шөкеңнің орны үңірейіп тұрғандай көрінеді. Жарықтық, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген күнді де, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын да көре алмай кетті. Тірі болса, бұл өзгерістерге қандай қуанар еді десеңші. Елі үшін жан аямай еңбек еткен, халқының келешегі үшін күресудің өзіндік үлгісін танытқан Шона ағаның ғұмыры көбімізге өмірлік өнеге.
Артындағы ел-жұрты да оны ұмытқан емес. Астанамыздағы №62 қазақ орта мектебіне Шона Смаханұлының аты берілгені – осының бір дәлелі.
Марат Тоқашбаев,
жазушы-публицист