Алматы облысында тұмау мен ЖРВИ-дің таралуы ерекше бақылауға алынды. Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаиловтың айтуынша, қыркүйек айынан бері 60 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 63 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Тұмау Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары мен Қонаев қаласында өршіп тұр.
Жыл сайын облыста ЖРВИ жұқтырған 500 мыңнан аса науқас тіркеледі.
Бас дәрігердің дерегінше, өткен жылмен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 18 пайызға төмендегенімен, биылғы тұмау маусымы ауыр болады деп болжанып отыр.
“Биылғы тұмау вирусының А типі (H1N1 және H3N2) ауыр өтіп жатыр. Оның жылдам таралып, асқыну қаупі жоғары болатыны алаңдаушылық туғызып отыр”, – деп атап өтті Марат Исмаилов.
Тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы – екпе алу. Алматы облысында егу науқаны 15 қыркүйекте басталды. Қазіргі таңда өңір халқының 10 пайызы екпе алды. Оның ішінде 15 мың медицина қызметкері, 5 мыңнан астам жүкті әйел және 848 қарттар үйінің тұрғындары екпе салдырды. Облысқа “Гриппол плюс” екпесінің 160 мың дозасы жеткізілді, аталған екпе толықтай пайдаланылды. Мамандар екпенің күші бір жылға дейін жететінін айтады.