Өңірлік коммуникациялар орталығының ақпараттық алаңында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы облысы бойынша филиалының директоры Мәлік Асанов брифинг өткізді. Жиында академияға модульдік бағдарламалар бойынша қосымша оқуға қабылдау науқанының басталғаны хабарланды.
Филиал директоры Мәлік Асановтың түсіндіруінше, модульдік оқыту – негізгі жұмыстан қол үзбей өз құзыреттерін арттырғысы келетін азаматтарға арналған әдіс. Оқу жылы 6 модульден тұрады. Әрбір модульде оффлайн және қашықтан оқыту форматтары қарастырылған. Мұндай тәсіл білім алушыларға оқу материалдарын арнайы кесте бойынша ыңғайлы түрде игеруге мүмкіндік береді.
Конкурсқа мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор мамандары, сондай-ақ мәслихат депутаттары қатыса алады. Үміткерлер 1 жылдық екі бағдарлама бойынша оқуға түседі. Олар – «Executive MPA-Executive Master of Public Administration-Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму-Master of Regional Development».
Аталған екі бағдарлама арқылы білім алғысы келетіндерге тиісінше шарттар белгіленген. Атап айтқанда, үміткерлердің басшылық лауазымдарда кемінде 2 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. Оқу құжаттарына қоса мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органның басшысы қол қойған жолдаманы ұсынады. Сонымен қатар құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы тиіс.
Академияда онлайн форматта мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – QRT тестілеуін тапсыруға болады. Бұған қоса оқуға қабылдау ережелеріне бірнеше өзгеріс енгізілген. Дәлірек айтқанда, осы жылы модульдік бағдарламалар бойынша магистратураға мемлекеттік қызметшілер де құжат тапсыра алады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер үшін қосымша талап енгізілген – жұмыс беруші жұмыс кестесін академиялық күнтізбемен сәйкес келетіндей етіп мемлекеттік органның жолдамасын беруі тиіс. Жұмыс берушінің мемлекеттік қызметшіні офлайн сабаққа жіберу міндеттемелері көрсетілген үшжақты келісімшарт көзделген. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларының құрылымында да өзгеріс бар, яғни модульдер саны 4-тен 6-ға дейін ұлғайтылды. Бұл өзгеріс білім алушының Академияға офлайн оқуға келуін барынша азайтуға бағытталған.
Оқуға түсу өтінімдері 1-30 қараша аралығында қабылданады. Іріктеу кезеңдері аналитикалық эссе жазу және сұхбат кезеңі деп екіге бөлінген. Бұл сынақтар 4-7 желтоқсан аралығында өткізіледі. Екеуі де Академия ғимаратында, оффлайн форматта өтеді. Ал 10 желтоқсанда алдын ала қабылдау бойынша қорытынды шығарылып, 25 желтоқсанда келісімшартқа қол қойылғаннан кейін үміткерлерді соңғы қабылдау жүргізіледі. Барлық үдеріс аяқталғаннан кейін 2025 жылдың 13 қаңтарында оқу процесі басталады. Қызығушылық танытқандар болса, толық ақпарат Академияның сайтында орналастырылған және үміткерлерге кеңес беретін қабылдау комиссиясы қазіргі таңда жұмысын бастады.
Бейбіт Мекеев,
Қонаев қаласы