«Адам дүниеге тек қана келіп,
әшейін ғана аттана бермейді.
Ол артында ой қалдырады,
ойдан мұра қалдырады».
Баубек Бұлқышев.
Халық жадында жатталған, мәңгі сақталған есімдер бар. Ұлыларды ұлықтап, өздері де ұлы тұлғалардың қатарынан табылған асылдар бар. «Қамшының сабындай қысқа» өмірде бір ғұмыры бірнеше ғасырға ұласатын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, кеудесінен жаны шыққанша ұлттың қамы үшін руханиятымызды айшықтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, елінің елеулісі, халқының қалаулысына айналған, болмысы бөлек даралар да бар.
Расында да әр заманның өзінің дара да дана, қайталанбас тұлғалары болатыны сөзсіз. Қазақ халқы да елінің маңдайына біткен арда азаматтарынан кенде емес. Елінің кемел келешегі мен өскелең ұрпақтың қамы үшін еңбек етіп, өмірде дүние жинауды емес, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берер асыл мұра қалдыруды мақсат тұтып, жоғары таптық ортада жүрсе де, сарқылмас білімнің қайнар көзі саналатын кітапты насихаттап, қарапайымдылық қасиетінен айнымаған ұлылар қаншама?!
Ата-бабаларымыздан мирас болған ұлттық жәдігерлерімізді ұлықтап, салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, адами қасиеттің шекарасынан аттамай, аманатқа қиянат жасамай, ел игілігі үшін қызмет етіп, халқының сүйіспеншілігі мен зор ықыласына бөленіп, көзі тірісінде баспагерліктің биігінен, редакторлықтың шыңынан көрінген, өнегелі өмірімен көпке үлгі бола білген жандардың бірі әрі бірегейі, қайталанбас тұлға – Серік Әбдірайымұлы еді. Биыл – қаламы қарымды публицист-жазушы, ойы ұшқыр журналист, білікті баспагер, шебер аудармашы, аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбдірайымұлының туғанына 80 жыл. Оның өмір дастанынан өнеге алмау, редакторлық шеберлігіне бас имеу, қаламынан туған үздік туындыларын сүйсіне оқымау, аудармаларынан шабыт алмау, әсте мүмкін емес.
Ең әуелі, нар тұлғаның өмірдеректеріне зер салсақ, ол 1943 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын қатардағы құрылысшы, тракторшы болып бастаған. 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетіне оқуға түсіп, аталған білім ордасын 1968 жылы тәмамдайды. Зеректігімен, алғырлығымен әрі білімділігімен көзге түскен әңгіме кейіпкері қарашаңырақта 3-курс студенті болып жүргенінде-ақ, «Лениншіл Жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне қызметке орналасады. Бұндай жауапты қызметке сол кездері студент тұрмақ, еңбек өтілі бар мамандардың өзі оңайшылықпен орналаса алмаған.
«Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деп, Шерхан Мұртаза айтқандай, дәл осы тұста Серік Әбдірайымұлының нағыз журналис ретіндегі еңбек жолы бастау алды. Қазақтың тарихынан сыр шертетін, бар Алаштың жаршысына айналған «Жас Алаш» республикалық газетіне әдеби қызметкер, яғни тілші болып орналасқаннан кейін, ұшқыр ойы мен қарымды қаламының арқасында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтеріне дейін көтерілген. Сонымен қоса, студент кезінде-ақ редакциялық алқаның құрамына кіріп, макет сызудан алдына жан салмайтын. Осылайша, алғашында ол журналистиканың бастауы саналатын баспа ісі мен баспасөз арқылы халыққа танылды. Жазу шеберлігінің нәтижесінде публицистиканың барлық жанрына терең бойлап, кез келген жанрда қалам тербеуге құштар болды. Қазақ журналистикасының атасы атанған – тау тұлғалы Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, Әбілфайыз Ыдырысов сынды білікті оқытушылардан тәлім алған. Тіпті, ақ батасын алған десем де, қателеспеген болар едім. Қарашаңырақ қабырғасында жүріп, тәжірибе мен теорияны бірден меңгерген Серік Әбдірайымұлы 5-курстың соңында, диплом қорғау сияқты жауапты іс күтіп тұрғанын жете түсінді. Көптің сөйлеуге де батылы бара бермейтін Тауман Салықбайұлы мен Темірбек Қожакеевтің алдында дипломдық жұмысын асқан батылдықпен қорғап, тақырыпқа тұздық ретінде өзінің публицистика саласының барлық жанрында жазылған төл туындыларын мысалға келтіре отырып, оқытушыларынан өте жоғары баға алды. Сол кездің өзінде-ақ, білікті журналистің қарым-қабілетін байқаған оқытушылардың өзі оған: «Бұл бала – нағыз журналис. Дайын кадр. Дайын редактор», – деп жоғары баға берген екен.
Халқымызда «Батаменен ел көгерер…» деген мақал бар. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген ұстанымды ұстаған Тауман ағай мен Темірбек ағайдың ақ батасы қабыл болды. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, Серік Әбдірайымұлы бір кездері оқытушылары артқан сенімді ақтады. Республикалық басылымда 1979 жылға дейін жемісті еңбек етеді. Журналистік қырынан көпке танылған ол көп ұзамай, кәсіби біліктілігінің арқасында баспагерлік жолға қадам басты. 1979-1986 жылдары «Өнер» баспасында бас редактор, 1986-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы партия тарихы институтындағы марксизм-ленизм классиктерінің еңбектерін қазақ тілінде шығаратын Бас редакцияның меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың атына дақ түсірмей, керісінше мәртебесін асқақтатты. 1990 жылы «Санат» баспасының негізін қалап, (1993 жылға дейін «Қазақ университеті» аталған) өмірінің соңына дейін сонда директор болды. Бірақ, басшы болса да, өзінің қарашаңырағына деген адалдығын өміріне арқау етті. Болашақ ұрпақтың қамы үшін, білімді жастар қатарының артуы үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттеріне арнап оқулықтар басып шығарды. Ол ең әуелі, сауатты ұрпақты қалыптастыру үшін сауатты кітап шығарудың маңызын айқындады. Барлық ақпараттың бастауы саналатын кітапты жанына серік ете жүріп, ұлттық баспа ісінің дамуына үлкен еңбек сіңірді. Қарашаңырақ қабырғасында дәріс те оқыды. Жаны жайсаң, жайдары жүзді Серағаңды сол қалпында еске алады шәкірттері. Айта кетерлігі, ол кісіден тәлім-тәрбие алып, біліммен сусындап, бүгінде өздері де оқытушыға айналған шәкірттері ұстазын мақтан тұтудан бір сәтке де айныған емес.
Ол Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбай, Бексұлтан Нұржеке сынды тұлғалармен дос бола жүріп, қарапайымдылықтан ешқашан таймады. КСРО Журналистер одағының мүшесі болды. Очерк пен эссе жанрында жазу бойынша алдыңғы орында тұратын. Ол – дүние-мүлік жинамады, атақ пен абырой, даңқ үшін қызмет етпеді, тек халқы үшін, келешек ұрпақ жастар үшін еңбек етті.
Нағыз жанашыр азамат кім десе, мен сол Серік Әбдірайымұлы дер едім. Нағыз жомарт жан кім десе, мен тағы да сол кісіні атар едім. Баспа ісіндегі қолтаңбасы айрықша, қалтасынан гөрі халық қамын алдыңғы орынға қоятын кім десе, мен Серік Әбдірайымұлы дер едім.
Бүгінгі күні де арда азаматпен қызметтес болған әріптестері, сол кісінің баспасынан тәжірибе жинап, білікті редактордан тәлім-тәрбие алған шәкірттері редакторды еске алғанда, оның ақжарқын мінезді, биік парасатты тұлға екендігін, қарымы мықты қабілетін үнемі тілге тиек етіп отырады. Одан бөлек, бір үзім нанды да бөліп жеген көпшілдік, өзгеге де жаны ашып тұратын жанашырлық, мейірбандық, адамгершілік сияқты қасиеттерін де айтпау мүмкін емес. Осы орайда ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мына бір сөздері еріксіз ойға оралатындай: «Мен қанша биіктесем де, халқымнан төмен екендігімді ұмытқан емеспін». Иә, ұлы тұлғаның бойынан табылған қарапайымдылық қасиет Серік Әбдірайымұлына да жат емес еді. Ол өзіне Дінмұхамед Ахметұлын пір тұтты. Екеуінің арасында ерекше жақындық, сыйластық байқалатындай. Ол тіпті, ұлы тұлғаның «Өтті дәурен осылай» кітабының жарыққа шығуына, «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабын орысшадан қазақ тіліне еркін аударып, қалың оқырман назарына ұсынған болатын. Ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың, Асанбай Асқаровтардың басына іс түскенде, соларды ақтап алуға үлкен күш жұмсаған. Алаш арыстарының қалдырған мұраларын жинақтап, аудармаларымен қоса есептегенде аз ғана уақыт шеңберінде 450 кітапты жарыққа шығарды. Сол кітаптарда бүгінде дара тұлғаның дара есімі жазылып, кейінгі ұрпаққа баға жетпес мұра болып қалды. Бұл оның баспа ісі және баспасөзге қосқан үлесінің бір парасы ғана. Жазушылық шеберлігін, білікті баспагер екендігін шығармаларынан бірден байқауға болады. Қаншама деректі фильмдердің сценариін жазып, редакторы болған десеңізші?! Қазақтың әйгілі күйші, композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы – Нұрғиса Тілендиев туралы «Қаһарман Нұрғиса», «Брест қамалындағы қазақстандық қаһармандар» деректі фильмдерінің сценарист-редакторы болып, осындай жәдігерлердің халыққа жетуіне ықпал етті.
Жазудан алдына жан салмайтын, редакциялық өңдеуден тайсалмайтын әңгіме кейіпкерінің аудармашылық қабілеті де жоғары еді. Түрік, орыс халқының қаламгерлерінің және батыс, шығыс жазушыларының шығармаларын керемет аударып, тіпті әу баста қазақ тілінде жазылғандай күй кешесің. Сонымен қоса, түрік жазушысы Орхан Кемальдің «Тұңғиықта» және орыс қаламгері Б.Васильевтің «Мансап пен махабббат» романдарын қазақ тіліне аударып, асқан шеберлікпен суреттеген. Бұдан өзге де, оқырман жүрегінен орын алған аудармалары жетерлік.
Осыдан бір жыл бұрын кураторымызбен жиналып, топ болып Алматы қаласындағы «Д.Қонаев музей-үйіне» атбасын бұрған едік. Сонда көптеген тағылымды дүниелерге куә болдық. Ондағы экскурсия жүргізген апайымыз назарымызға сатылымдағы екі кітапты ұсынды. Бірі орыс тілінде жазылған – «От Сталина до Горбачева» кітабы болса, екіншісі – Серік Әбдірайымұлының қазақ тіліне аударған «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабы. Қос бірдей тұлғаның қолтаңбасы қалған екі кітапты да сатып алдым. Неге дерсіз?.. Қазақ елінің маңдайына біткен шоқжұлдыздарының кітабын қолымызға алып, ондағы жазылған жауһардың мағынасына мән беріп, сол арқылы олардың бейнесін айшықтап, келешек ұрпаққа көзінің қарашығындай сақтауы тиіс асыл қазыналарды кеңінен насихаттап, дәріптесек – бұл да біздің ақиқаттан аттамағанымыз болар еді.
«Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам ешқашан жақсы жазушы бола алмайды» деп Мұхтар Мағауин айтқандай, жақсы жазушы болу – бұл кез келгеннің қолынан келе бермейді десек, ал жақсы редактор болудың мәртебесі – ол одан да биік. Жазушы жазу арқылы өз ойын айшықтаса, редактор өзі ғана жазып қоймайды, сонымен қоса басқа да қаншама авторлардың жазған дүниесін жанымен түсініп, шығарманың мән-мағынасын өзгертпей отырып, оны оқырманға жеткізе білу – тек ұлыларға ғана тән. Бұны жоққа шығара алмаймыз. Осы аталған қадір-қасиеттің барлығы дара тұлға бойынан көрініс тапқандай…
«Жаманның соңында дау қалса, жақсының соңында іс қалады» демей ме?! Серік Әбдірайымұлының халқына қалдырған асыл мұрасы жетерлік. Еліміздегі журналистика, баспа саласына қосқан үлесі өлшеусіз. Елеулі еңбегі де еленіп, көптеген Алғыс Хаттармен және Құрмет Грамоталарымен, мемлекеттік төсбелгілермен марапатталған. Мәңгі өшпейтін із, мәңгі өлмейтін мұра дермісіз?! Қасиетті қарашаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінен түлеп ұшқан “елім”, “жерім” дейтін жас ұрпаққа үлгі боларлықтай.
Өмірі өнеге толы, бүкіл қазақ баласы үлгі тұтатын, көксеңгір рухты тұлға – ол Серік Әбдірайымұлы. Бүгінгі таңда өзінің қолтаңбасы қалған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде ол кісінің есімі берілген арнайы дәрісхана бар. Мұнда студенттерге заңғар тұлғаның өмір жолы мен қызметі туралы толығырақ танысуға мүмкіндік мол. Бұдан бөлек ол кісіден тәлім-тәрбие алған шәкірттері қазіргі уақытта қарашаңырақта ұлағатты ұстаз есімін ұлықтап, жас ұрпақтың келешегі жолында қызмет етуде. Мұнда Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы мен Әбдірайымов әулетінің ұйытқы болуымен жыл сайын “Серік Әбдірайымов оқуларын” өткізу дәстүрге айналған. Қабырғасында қолтаңбасы, дәрісханаларында үні қалған қасиетті қарашаңырағы тұлға есімін насихаттаудан, танытудан айныған емес.
Қазақ елінің маңдайына біткен шоқжұлдыздардың бірі әрі бірегейі де Серік Әбдірайымұлы еді. Отанын, елін қорғаған батыр бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қан майданда қарумен жауға шапса, шебер түйіннен түйін түйсе, ал редактор қаламы арқылы сөздің парқына жете отырып, олардан маржандай тізбекті тізеді. Ұлы рухтың ұрпақ жадындағы жаңғырған жасампаз бейнесін баспагер қаламынан туған дүниелерден байқамау мүмкін емес.
Алтынай СЕЙТКЕН, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультеті, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2-курс студенті.