Спорттың сан саласында жетістікке жеткен жандарды сөз еткенде, суда жүзудің шебері Ермек Елғұндиевтің есімі ойға оралады. Бүгінде оның жасы жетпістен асса да спорттан қол үзген емес. Алдағы жарыстарға қатысуға әлі де құлшынып жүр.
Тілімізге тиек етіп отырған кейіпкеріміз Ермек Бахиұлы 1952 жылы әсем қала Алматыда дүниеге келді дегені болмаса, оның балалық шағы мен есею жылдары Арал теңізінің жағалауында өткен. Спортты серік етуіне әкесінің, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Бахи Төлегенұлының ықпалы зор болды. Ол кісі де кезінде жүзуден чемпион атанған. Сонымен қатар спорттың осы саласына арнап әдістемелік еңбек жазған, доцент атағын иеленген оқымысты адам еді.
Арнасынан асып жататын Арал теңізінің жағалауында суға сүңгіп, шомылып жататын адамдар аз болмайтын. Әкесінің жетегінде жүрген Ермек те ешкімнен кем қалғысы келмейтін. Суға жүзудің небір әдіс-тәсілдерін үйренуді үздіксіз жалғастыра берді.
«Әкеге қарап ұл өсер» деген өсиет сөзді өзіне ту етіп ұстаған Ермектің өмір жолы өнеге етіп айтарлық бедерлі белестерден тұрады. 1974 жыл оның жадында жатталып қалған жарқын жыл болды. Ол өзінің сенімі мен беріктігінің арқасында Қазақ дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Сол жылдары өмірлік қажеттілікке орай Қарасай ауданына қарасты О.Жандосов атындағы кеңшарға қоныс аударады. Институтты аяқтағаннан кейінгі алғашқы еңбек жолы да осы жерден бастау алды. Ауылда бірнеше жыл табан аудармай спорт әдіскері болып еңбек етеді. Осынау тынымсыз жұмыста жүрсе де өзінің сүйікті кәсібі – суға жүзуді ешқашан да есінен шығармайды.
Оған шаруашылықтағы экспедитор қызметі жүктеліп берілгенде де жауапкершілікпен атқарып, абырой арқалады. Осы жұмысты 25 жыл тұрақты түрде істеуінің өзі оның қандай азамат екенін айғақтап тұрса керек. Ермек ауыл жастарының спортпен айналысуын басты назарда ұстап, олардың аудандық, облыстық жарыстарға қатысуына жол ашты.
Кейін Алматыдағы әскерилендірілген материалдық-техникалық күзет бөлімінің бастығы қызметіне ауысқанда да спорттан қол үзбейді. Суда жүзудегі ерекше екпінін көрген әріптестері: «Сенің жүзу өнерің басқаларға ұқсамайды. Бағың жанып, бас жүлде алуың мүмкін» деп жарысқа қатысуға қолқалап, қамшылағандары әлі есінен кетпейді.
Ермектің ерекше дайындықпен сайысқа түсетін сәті де келді. Ол 2007 жылы «Іле-Балқаш» регатасында өткен халықаралық марафонда белгіленген қашықтықта ешкімге дес бермей, суырылып алға шығып, бірінші орын иеленіп, алтын медальды омырауына тақты. Одан кейінгі республикалық спартакиада да жүлдегер атанады. Жыл ішінде екі бірдей марапатқа ие болады.
Осыдан бастап бәсекеге толы жарыстар бірінен соң біріне жалғасады. Оның қай-қайсысынан болса да Ермек шет қалған жоқ. Бір жылдан кейін «Іле-Балқаш» регатасы бойынша өткен халықаралық марафонда ол тағы да суға жүзуден ешкімге дес бермейді. Алтын медаль бұл жолы да Ермектің еншісіне бұйырды. Сонда алыс-жақыннан келген шетелдіктердің оны қаумалап тұрып: «Ермек, сен нағыз ер екенсің», – деп айтқан сөздері көңілін көкке ұшырғаны әлі есінен кетпейді. Бұдан кейін облыстық «Ақ бидай» спартакидасында алтын медаль, облыстық ІІІ-ІV жаздық спартакиадаларда қола және күміс жүлделерді иеленуі де ол үшін үлкен мәртебе болатын. Мұның сыртында Ермектің Қаскелең қаласындағы өзіне етене жақын, үнемі сонда жаттығу жасайтын «Дельфин» спорт кешенінің абыройын асырудағы атсалысқан жарыстары да аз емес.
Өткен жылы Қазақстан кубогы үшін еркін жүзу жарысының ашылу салтанатында Ермек Бахиұлына 1 алтын және 2 күміс медаль тапсырылды. Ол бұл марапатты 100 метрлік және 50 метрлік қашықтық пен 50 метрлік браспен жүзу түрінен жоғары нәтиже көрсеткені үшін алды. Биылғы жыл да ол үшін жеміссіз емес. Мамыр айында Қазақстанда еркін жүзуден өткен чемпионатта 100 метрлік қашықтықтан алтын, 50 метрлік еркін жүзуден күміс, брастан күміс медальды жеңіп алып, қоржынан толықтыра түсті. Сол сияқты 14-15 қыркүйекте өткен халықаралық чемпионатта жоғарыдағы қашықтықтар бойынша 1 алтын мен 2 күміс иеленіп, мерейі тағы да үстем болды. Бұл жарысқа Үндістан, Ресей, Франция, Тәжікстан, Қырғызстан, тағы басқа мемлекеттердің спортшылары қатысқан еді. Осы халықаралық жарыстың соңынан кейін Ермек Бахиұлы мен оның сүйікті жары Светлана Әбдірахманова шетелдік спортшыларға өздерінің алақандары ашық, жандарының жомарттығын көрсеткен. Олар өздерінің алма бақтарынан 120 келі Алматы апортын сыйлаған. Бұған көршісі Ұлан Шойынбаев та атсалысып, қолұшын берген. Мұндай құрметке таң-тамаша қалған шетелдіктер оларға ақ ниетті алғыстарын жаудырып, шат-шадыман көңіл-күймен аттанған.
Ермектің осынау омырауы толы марапаттарға оңайлықпен жетпегенін кім болса да жақсы түсінеді. Бұл тұрғыдан алғанда оны барынша баулып, тәлімді тәрбиесі мен ақыл-кеңесін берген жаттықтырушылары – И.Голоха, В.Григорович, А.Жданов, М.Шгайлардың еңбектері ересен болды. Олардың есімдерін аузынан тастамай үнемі айтып жүреді.
– Жүзуге құлшынып тұрамын. Суға түссем жаным жадырайды. Сондықтан да Қаскелеңдегі «Дельфин» бассейніне жиі барып, құмарым қанғанша жүзіп, жан-жақты жаттығулар жасаймын. Алда тағы жарыстар күтіп тұр. Соған қамсыз болмауым керек, – дейді спорт шебері.
Ермектің отбасы – татулықтың тәтті ұясы. Өмірлік қосағы Светлана екеуі 4 бала тәрбиелеп, өсірді. Олар өз алдарына түтін түтетіп, бақытты ғұмыр кешуде. Өзі журналист әрі спортшы Светлана – оның шынайы жанашыры, жол сілтеп отыратын қазіргі жаттықтырушысы. Ол Ермектен тек жеңістер ғана күтеді.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ардагер-журналист
Қарасай ауданы