Жалпы адам өмірі адамгершілік қасиеті, жасаған жақсылығы, еліне сіңірген елеулі еңбегімен өлшенеді. Міне, осындай айналасына ізгілік нұрын шаша білген азаматтың бірі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Кененбаев. Бар саналы ғұмыры Жер-Анаға бас иіп, топырақ қасиетін зерттеумен өткен ғалымды Қарасай ауданының аумағында орын тепкен, Алмалыбақ ауылындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтына іздеп барып, аз-кем дидарласып қайттық.
Кезінде аталмыш институттың бас директоры болған, бүгінде топырақтану және агрохимия зертханасының бас ғылыми қызметкері болып еңбек ететін Серік Барменбекұлы Жамбыл облысы Шу өңірінде дүниеге келген. Еңбек жолы осындағы «Белбасар» ұжымшарында басталған. Серік те басқа балалар сияқты ауылда асық атып, доп теуіп өсті. Жалаңаяқ жүгіргенде табанына шөңге де батпайтын балалық шағын сағынышпен еске алады әркез ғалым. Кей кездері шаң топырағын жел суырғанда көршінің үйі көрінбей қалатын кездер де болатын.
Шу өңірі – тарихи ескерткіштерге толы өлке. Ескі қалалардың орнынан талай жәдігер табылып жатқанын көріп өскен Серіктің зерттеуге деген қызығушылығын одан бетер артады. Балалықпен талай мәрте топырақты кешіп жүріп, көненің көзі тарихи ескерткіштерді қолдарымен ұстап та көрді.
Бала кезінде малшыларға, егіншілерге ере жүріп табиғаттың байлығын көп қызықтады. Соның ішінде топырақты зерттеуге деген қызығушылығы ерекше болды. Бірде қара топырақты, бірде сары топырақты өзара салыстырып, айырмашылығын іздеумен көп уақытын өткізді.
Өзінің өмір жолы туралы әңгіме қозғағанда Серік Барменбекұлы: «Осы дәрежеге жету оңай болмағаны өзіме, одан соң үйдегі жан-жарыма, балаларыма ғана мәлім. Сырт көзге бәрі «дайын асқа тік қасық сияқты» көрінеді. Өмірде олай болмайды. Ғылым жолы – ауыр жол. Ауылда өскендіктен, ғылымға қызығушылығым да бала кезден басталды. Мектеп бітірген соң, әке-шешеме көмектесу мақсатымен үйде қалып қойдым. Үйдегі жұмыс қора-қопсыны тазалау, малға қараудан аспайды. Малдың шөбін, жемін дайындау – күнделікті шаруа.
Мектептен кейін Алматыға келіп, бұрынғы СХИ, қазіргі ҚазҰАУ-ға құжат тапсырдым. Арманым – агроном болу. Оның ішінде топырақтану мамандығын меңгеруді қаладым. Ауылда егіс даласында жүрген кезде көзге түсетіні бас агроном ағай. Оның үстіне агрономның оқуын бітіргендер кеңшарларда директорлық қызмет атқарады. Бәлкім, соған еліктеген шығармын.
Жоғары оқу орнын үздік бітірген соң алғашқы ойым – тезірек жұмысқа кіріп, табыс тауып, ата-анама көмектесу болды. Екінші ойым – оқуымды әрі қарай аспирантурада жалғастыру. Менің мамандығым бойынша аспирантура Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болғандықтан, сонда барып сұрастырсақ, «орын жоқ» деп жақындатпады. Сол екіарада «КазГипрозем» мекемесіне барып жолыққаным сол еді, жылдам қызметке алды. Бізді бірден Талдықорғанның Қоғалы ауданына картоп жинауға жіберді. Бірге оқыған екі жігіт сонда кете бардық. Барғанымыз жақсы болды, қайтарда екі-үш айға азық боларлық картоп ала келдік. Бұл 1978 жылдың күзі еді.
Жатақханада құр жата бермей, жан-жақтағы бірге оқыған ұлдарға хабарласып, жаңалық сұраймыз. «КИЗ»-да менімен оқыған Бейбіт Боранғазиев деген курстасым, аспирантураға түсіп алған екен. Арасында одан: «Аспирантураға қосымша орын берілді ме?» деп сұрап тұрамын. Жаңа жылға таяу «КИЗ»-дың аспирантурасына құжаттарымды тапсырдым. Жаңа жыл өткен соң емтихан тапсырып, аспирантураға түскендігім турасында бұйрықты алған бойда жұмысқа кірісіп кеттім.
Ғылыми жетекшілікке осы институттың топырақтану бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Михаил Исаакович Рубинштейн бекітілді. Алғашқы күннен бастап ғылыми жоспар жасап, кандидаттық диссертацияның тақырыбын таңдаумен біраз уақытымыз кетті. Михайл Исаакович өзінің топырақтанудағы тәжірибесімен бөлісіп, Шығыс Қазақстан облысындағы тәжірибе стансасының директоры Николай Петрович Кузнецовпен қоян-қолтық әрі тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын тәптіштеп түсіндірді. Барлық жағдайды айтып, ақылдаса келе, «Ауыл шаруашылығында ұзақ уақыт пайдалану кезінде Шығыс Қазақстан қара топырақтарының құнарлылығының өзгеруі» деген тақырыпты маған ұсынды.
Шығыс Қазақстанда мемлекеттік сорт сынау учаскесінің бар екенін білетінмін. Ол учаске 1938 жылы құрылыпты. Ал содан бері, яғни, қырық жылдан кейінгі өзгерістерге мен сараптама жасайтын болдым. Мұрағатта алғашқы құрылған жылдардағы топырақтың үлгісі бар екен. Сонымен салыстыра отырып тексеруді бастап кеттім.
Әр жылы сәуір айынан қазанға дейін Шығыс Қазақстанда топырақ арасында жүреміз. Жетекшіміздің жақсы қасиеті аспиранттарына еркіндік береді. Шығыс Қазақстандағы Николай Петрович деген кісі де өз көмегін аяған жоқ. Сол кісінің ұсынысымен топырақтың типтерін жеке-жеке саралап зерттеу жүргіздім. Бір қараған адам: «Кәдімгі топырақ емес пе? Оның қандай қыр-сыры болуы мүмкін?» дейтіні анық. Дегенмен, әр жердің топырағы әртүрлі. Бір Шығыстың өзінде Солтүстік Батыс Алтай, Оңтүстік Алтай топырағы болып екіге бөлінеді. Берілген уақытта диссертациямды жазып, аяқтап, таблицаларға бөліп, жетекшім Михаил Исааковичке бердім.
Жетекшің мықты болса, жұмысың да сапалы болады. Әрбір сөйлеміне үңіліп, ескертпелерін қағаздың бұрышына жазып көрсетеді. Оның үстіне Ұлттық академияның топырақтану ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейтін профессор А. Соколов дейтін білікті ғалым бірінші ресми оппонентім болды. Ол кісінің қағазға шүйілгенінен қатты қорықтым. Жетекшім иығымнан қағып: «Қорықпа, бәрі дұрыс болады» деп, көңілімді көтеріп қойды. Әсіресе, Александр Соколовтың ескертпелеріне мұқият қарадым. Әр нәрсеге ұзақ уақыт жұмсасаң, нәтижесі де жемісті болатынын сонда білдім. Диссертациямды қорғау сәтінде жарты сағаттай мінберде сөйледім. Бәрі жасырын дауыспен өтетіндіктен қорытындысын хабарлау кезінде қатты қобалжыдым. Жетекшім айтқандай, барлық кеңес мүшесі бірауыздан дауыс беріпті. Қуанғаннан көзімнен жас та шығып кетті.
Бұл ғылым жолының басы ғана еді. Одан кейін жұмысты институттың зертханасында жалғастырдық. Тәжірибелік сынақтарды егіс даласында өткіздік. Сырт көзге жай ғана қара топырақ болып көрінгенімен, оның қаншама қасиеті бар екенін білмеппін. Осы топырақты зерттеуге құлшындырған ауылға барған, одан ұзаған сайын бала арманым еске түседі», – дейді.
Ерінбей еңбектенген ауылдың кішкентай сары баласы бүгінде білдей ғылым докторы, академик. Осының өзі – үлкен мақтаныш. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» демекші, ұзақ жыл қазақ топырағын зерттеп, даласында маңдай тері мен табанының ізі қалған Серік Кененбаевтың өмір жолы қай-қайсымызға да үлгі-өнеге.
Сатымбек Рыспаев,
журналист, Ішкі істер органдарының ардагері