Елімізде ауыл шаруашылығын өркендету жолында өрелі істер атқарылып келеді. Соның ішінде Алматы облысы да аграрлық саланың дамуына айрықша үлес қосуда. Өңір тұрғындарының басым бөлігі ауылдық аймақта тұрғандықтан егін егіп, мал ұстайды. Міне, осындай жандарға бүгінгі таңда мол мүмкіндік беріліп, барынша жағдай жасалуда. Ел экономикасының дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығын жандандырып жүрген шаруалардың еңбегі де шаттандырмай қоймайды. Осы орайда Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, 200-ден астам ауыл шаруашылығы қызметкері, сала ардагерлері қатысты.
Шара Мәдениет үйінің алдына қойылған ауқымды көрмеден басталды. Онда өңіріміздегі өндіріс орындары мен ауылшаруашылық өнімдері қаз-қатар тізіле орналастырылған. Азық-түлік, жеміс-жидек, ет-сүт өнімдері, дәнді дақылдар, шаруаға қажетті техникалар мен АТМ тракторлары өңіріміздегі аталмыш саланың ерекше серпінін сездіргендей.
Мерекелік шараның шымылдығын ашқан аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығының аймақ экономикасында алар орны мен маңызына, өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктеріне тоқталды.
– Баршаңызды Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Биыл атаулы күннің қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің І форумы өтті. Оған облысымыздан 70-тен аса тауар өндіруші қатысты. Осы форумда Президентіміз: «Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін», – деген болатын. Ауыл шаруашылығы ел өмірінде ерекше орын алатын салалардың бірі екені баршамызға аян, – деп бүгінде еліміздің алға қойған негізгі мақсаты әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу екенін алға тартты. Сондай-ақ аймақ басшысы шағын және орта бизнес, егін және мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында халық тұрмысы, әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға жақсара түскенін айтып, адал еңбек иелеріне өз алғысын жеткізді.
Ауыл шаруашылығында биылғы 10 айда республикада 8,2 пайыздық үлеспен 573 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, шаруалар мен аграрлы сала қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жарты миллион тоннадан астам астық жиналып, қамбамыз толған. Өңіріміз жүгері түсімі бойынша да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, гектарына 75 центнер өнім алған. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары екенін айта кеткен жөн. Бірқатар шаруашылықтың гектарына 150 центнерден аса өнім алғаны да аймақтың зор мүмкіндігін аңғартады. Жоғары нәтижеге заманауи агротехнологияларды, сапалы тұқым, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайдалану, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту арқылы қол жеткізілген. Мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде диқандар алғаш рет көктемгі егін және күзгі жиын-терін жұмыстарына 5 пайыздық мөлшерлемемен 4,0 млрд теңгеден астам несие алған.
Осы орайда Марат Елеусізұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетінін жария етті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытуда атқарылған жүйелі жұмыстарды атап өтті.
– Өндіріс пен ғылымды ұштастыру мақсатында Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, апорт алмасын жаңғыртуға арналған «Garden Day – Aport» іс-шарасы өткізілді. Ғалымдардың көмегімен келешекте апорт бақтарын Еңбекшіқазақ, Талғар, Ұйғыр, Қарасай аудандарында мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 127 млн теңге бөлініп, Қазақ аграрлық университеті ғалымдарымен күріштің тұздануға төзімді сорттарын өндіріске енгізу, картоп пен көкөніс егістігін дрондар арқылы өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыста суармалы егіншілікті дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше мән берілуде. Суару желілерін жаңғырту жұмысы республикалық бюджет есебінен 6 аудан мен Қонаев қаласында жүргізілуде. «Ірі жобалар» шеңберінде 15 млрд теңгеге 13 тауарлы сүт фермасы қаржыландырылды. Нәтижесінде, мал мен құс өнімі 8,8 пайызға ұлғайды. Қайта өңдеу саласының дамуында оң көрсеткіштер бар. Бүгінде азық-түлік өндірісінің көлемі 2,7 пайызға артып, 330 млрд теңгені құрады, – деп саладағы маңызды бағыттар жайын да тілге тиек етті.
Келесі жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы екенін айтқан облыс басшысы ендігі ретте нағыз еңбек адамдарының қызметі ескеріліп, кәсіби құндылықтардың дәріптелетінін жеткізді. Артынша облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ерен еңбек етіп, тынбай тер төккен мамандарды марапаттады. Атап айтар болсақ, Еңбекшіқазақ ауданы «Айдарбаев» шаруа қожалығының басшысы Ерік Айдарбаев «Парасат» орденін, Балқаш ауданы «Динара-ранч» агрофирмасы ЖШС зоотехник-селекционері Бақытжан Сатыбалдиев «Құрмет» орденін иеленді. Бұдан басқа да бірқатар қызметкер «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалін, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін өңіріне қадады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруда белсенділік танытқан аудандар мен ауылдық округтерге де арнайы сыйлықтар табыс етілді.
«Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясының жеңімпаздары да марапатталды. Қайта өңдеу кәсіпорындары арасынан үздік деп танылған Еңбекшіқазақ ауданының «Адал» АӨК» ЖШС 1-орынды иеленіп, 800 мың теңгелік сертификатқа қол жеткізді. Ілелік «Дәулет Бекет» ЖШС 2-орынды еншілеп, 700 мың теңгені, Жамбыл ауданының «Көк Теңіз» ЖШС 3-орыннан көрініп, 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Заңды тұлғалар ішінен сайысқа түскендер арасында 1-орынды иеленген Балқаш ауданының «Владимир» ЖШС-не «TO 804-8» тракторының кілті табысталды. Қарасайлық «Агрофирма «Керуен» ЖШС 2-орын иегері атанып, 900 мың теңгені қоржынына салды. Ал қонаевтық «Фирма Алтай» ЖШС 3-орын иеленіп, 600 мың теңгелік сертификат алды. Шаруа қожалықтары бойынша Іле ауданы «Олжас» ШҚ еншісіне 1-орын бұйырып, «TO 804-8» тракторының кілті табыс етілді. Қарасай ауданынан «BeeQueen» ШҚ 2-орынды еншілеп, 900 мың теңгеге, Еңбекшіқазақ ауданынан «Ислам» ШҚ 3-орын иеленіп, 600 мың теңгеге қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырудағы белсенділігі үшін бірқатар аудан, қала әкімдері қаржылай сыйлықпен марапатталса, бәсекелестікті арттыруда қажырлы еңбек еткен ауылдық округ әкімдеріне де Алғыс хат пен ақшалай сыйлық берілді.
Мерекелік шара Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласып, маңдай терінен берекесін, дала төрінен мерекесін тапқан шаруалардың шаттығы еселене түсті.
Құралбек СӘБИТОВ