Шалғай жатқан елді мекендердегі халыққа медициналық көмек көрсету үшін «Жәрдем» пойызы 26 сәуірден 6 желтоқсанға дейін Қазақстанды аралайды.
Бүгін бұл «Жәрдем» пойызы Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Тасқарасу стансасына келді. Мұнда пойыз екі күн аялдайды. Пойызда дәрігерлер тұрғындарға тегін көмек көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен халыққа заң тұрғысынан және құқықтық, психологиялық кеңес беріледі. Бұдан бөлек, тұрғындар мемлекеттік әлеуметтік қолдауларға қол жеткізу, зейнетке шығу, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек алу жөнінде консультациядан өтулеріне мүмкіндік қарастырылған.
«Саламатты Қазақстан» жобасының координаторы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, Қазақстанды аралау Алматы облысының Қопа ауылынан басталды. Сапардың алғашқы күнінен осы уақытқа дейін 700-ден астам адамға медициналық көмек көрсетілген. Пойызда 21 дәрігер бар. Жұмыс уақыты әдеттегі кестеге сай өтеді.
«8 күн ішінде заңгерлер мен медиаторларға 100-ден астам шағым түсті. Жұртшылықтың арызын жинап, тиісті органдарға жолдаймыз. Кейіннен ол мәселесінің шешілуін қадағалап отырамыз. Әр облыстағы күрделі проблемаларға талдау жасалатынын да айта кеткен жөн», – деді координатор.
Жанар Үсіпбекованың мәліметінше, тұрғындарға көмек беруде әйелдерге басымдық беріледі. Оның ішінде мүгедек бала бағып отырған, жалғызбасты аналар, тағы да басқа санаттағы әйелдер болуы мүмкін.
Тасқарасуға еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жиналып, бірінен соң бірі дәрігерге кіріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін пойыз облыстың Қопа, Медеу, Жетісу, Шелек стансаларында болды. Ендігі аялдама – Айдарлы стансасы. Аталған стансаға пойыз 5 мамыр күні сағат таңғы 8:48-де барады. Содан соң Жетіген мен Іле стансасына да тоқтайды. Алматы облысын аралап болған соң, «Жәрдем» пойызы 10 мамыр күні Жетісу облысына жол тартады.
Alatau News