Талғар қаласында 50 отбасы баспаналы болды. Сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерлердің кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімі Таңат Айдарбеков қатысып, баспанаға ие болған тұрғындарды құттықтады.
– Бүгін – баспаналы болып отырған отбасылар үшін ғана емес, бүкіл аудан үшін қуанышты күн! Өйткені, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Талғар ауданының құрылыс бөлімі бірлесіп жасаған ауқымды жұмыстың арқасында біз толық емес 50 отбасын баспанамен қамтамасыз еттік. Ата-ана қамқорлығынан айрылған 10 жетім балаға жайлы үйде жаңа өмір бастауға мүмкіндік берілді. Тағы 10 жас отбасы мен жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болған аналар да пәтер иеленіп отыр. Қалған 30 пәтер баспана алуда қиналып жүрген әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға беріледі. Бұл бастама тек күрделі тұрғын үй мәселесін ғана шешіп қоймай, сонымен бірге аудандағы әлеуметтік тұрақтылық пен әділеттілікті нығайтуға да өз ықпалын тигізеді. Әрбір пәтер, бұл – тек баспана ғана емес, сондай-ақ әр отбасының жарқын келешекке деген сенімі, – деді Таңат Есенкелдіұлы.
Аудан басшысы алдағы аптада тағы 47 пәтердің кілті өз иелеріне табысталатынын да жеткізді. Ал алдағы жылдың наурыз айының соңына дейін 72 пәтерлі үш тоғыз қабатты жаңа үй пайдалануға берілмек. Бұл – 216 пәтер деген сөз. Олар «Отбасы банкі» арқылы ипотекаға беріледі. Оған қосымша мердігер компаниялармен тағы 150 пәтер сатып алуға келісімшарт жасалыпты, бұл пәтерлер де алдағы жылдың І тоқсанында тапсырылмақ. Жалпы жарты жыл ішінде 460-тан астам пәтер өз иелеріне табысталады. Қазіргі кезде ауданда 10 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр.
«Автобаза» шағынауданында пайдалануға берілген тұрғын үй маңына жиналған халықтың қуанышында шек жоқ. Аудан әкімінің қолынан пәтер кілтін алып, өз баспаналарына ие болған әлеуметтік осал топтағы 50 отбасы мүшелерінің барлығының жүзінде күлкі, көздері бақыттан бал-бұл жанады. Бәрі бірін-бірі құттықтап, жүректі жарып шыққан шын ниеттерін жеткізіп жатыр. Ақ кірпіштен тұрғызылған тоғыз қабатты жаңа үй де әсемдігімен көз тартады.
– Қуанышымда шек жоқ! Мен он жыл үй кезегінде тұрдым, бүгін шын мәнінде бақыттымын! Өйткені өз баспанама ие болдым, – дейді аудан әкімінің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алған Қуаныш Құлыбекова. Ол отбасылық жағдайы бойынша осал топқа жатады, осы күнге дейін туыстарын паналап келген.
Ал алты бала тәрбиелеп отырған Майра Баймұрзаева көпбалалы отбасы ретінде үш бөлмелі пәтердің кілтін алды. Ол №33 мектеп-гимназияда мұғалім болып қызмет істейді, сегіз жыл тұрғын үй кезегінде тұрған.
– Бүгін көптен күткен арманыма қол жетті. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен бақыт! Оған қосымша маған облыс әкімінің атынан газ плитасы мен кір жуу машинасы сыйлық ретінде табысталды. Осылай мемлекет қамқорлығының арқасында біздің отбасымыз баспанаға ие болып отыр, – дейді шын сезімін жасыра алмаған Майра.
Шынында да пәтер кілтін алған отбасы мүшелерінің бұрынғы қиындықтарының бәрі артта қалды. «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» демекші, олардың сарғайып күткен бақытты күні келді. Осы қуанышқа орай қоғам қайраткері, танымал ақын Кәмнұр Тәліпұлы бата жасап, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
Өмірде өз баспанаң болғанға не жетсін! Әйгілі Жиренше шешеннің өзі «Ай-хой, менің өз үйім – кең сарайым, боз үйім» деген екен. Ендеше, жақын жылдар ішінде әр қазақтың өз үйі болуын нәсіп етсін!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы