Алдағы жылы облысымызда қытайлық әріптестермен бірлесе отырып, ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл – мыңға жуық жұмыс орнымен қамтамасыз ететін биошірігіш материалдар өндіру зауыты. Зауыт Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының жанынан бой көтермек. Оның құрылысы туралы меморандумға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен China Yili Chuanning Biotechnology Co. Ltd компаниясының өкілдері қол қойды.
Жоба менеджері Лон Лон зауыттың биошірігіш материалдар өндіруі қоршаған ортаға қамқорлық, экологияға инновациялық тұрғыдан келуді көздейтінін атап өтті. Бұл ретте ол:
– Егер өзіміз жақсы білетін пластик ондаған, тіпті, жүздеген жылдар бойы шіритін болса, біздің материалдардың 3-5 жылда ізі де қалмайды. Ол кәсіпорында мыңға жуық адам жұмыс істегенімен, зауыттың автоматтандырылуы өте жоғары, сәйкесінше, өнімділіктің де жоғары деңгейде болатынын көрсетеді, – деді.
Жаңа құрылысты алдағы жылдың сәуір-мамыр айында бастап кету жоспарланған. Жұмыстың бірінші кезеңінің құны 350 млн долларды құрап отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін газбен, электр тоғымен және сумен қамтамасыз ету сияқты коммуникациялық мәселелерді шешу қажет. Бұл орайда қытайлық әріптестер облыстық әкімдіктің қолдауы қажеттігін алға тартты.
Өз кезегінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз алып, екі ел арасындағы экономикалық байланысты дамыту аясындағы бұл жобаның жүзеге асырылуын толықтай қолдайтынын білдірді.
– Қытай – Қазақстанның негізгі әріптесі. Қазіргі таңда біздің экономикамызға құйылып жатқан шетелдік инвестициялардың жартысы дәл осы елден келіп жатыр. Бұл жоба экономиканың өркендеуі, ауыл шаруашылығының дамуы мен озық технологияларды енгізуге негіз болмақ. Біз мұндай бастамаларды қолдауға және оларды сәтімен жүзеге асыруға қажетті жағдай туғызуға әзірміз. Зауыт біздің ортақ келешегімізге, экология мен технологияның үзеңгі қағыстыра бірге жүруіне үлес қоспақ, – деді.
Облыс әкімінің айтуынша, зауыт жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, өңірдегі заманауи экономикалық аймақтардың одан ары дамуына да серпін бермек. Кәсіпкерлікті қолдау, тиімді басқару және соны технологияларды енгізу – облыс арқа сүйейтін басты бағдарлар.
Меморандумға қол қою – бұл үлкен істің басы ғана. Жоба екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Ол арқылы жаңа технологиялық жетістіктерге жол ашылмақ.
Бейбіт МЕКЕЕВ