Медицина саласы әрқашан маңызды, өйткені дені сау ұлтсыз дені сау ел болмайды. Осы және тағы басқа мәселелер туралы сұхбат барысында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым айтып берді. Сондай-ақ, Нұрлан Ерғалиұлы облыс дәрігерлерінің біліктілігін арттырудың, жас мамандарды қызметтік тұрғын үймен және жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
– Нұрлан Ерғалиұлы, өткен жылы кадр тапшылығын жою мақсатында облыстың медициналық ұйымдарына қанша дәрігер жұмысқа орналастырылды?
– 2024 жылы Алматы облысының медициналық мекемелеріне 90 жас дәрігер жұмысқа орналасты. Облыста кадр тапшылығын азайту үшін жас мамандарды қызметтік тұрғын үймен және жалға берілетін пәтерлермен қамтамасыз етудің өңірлік бағдарламасы іске асырылуда. Өткен жылы 22 дәрігерге жалпы сомасы 180,9 млн теңгеге тұрғын үй сатып алуға несие берілді, 19 орта медицина қызметкеріне 147,7 млн теңге бөлінді. Дәрігерлерге ай сайын 6,1 млн теңгеге тұрғын үй жалдау ақысы төленеді. 215 дәрігерге 215,6 млн теңгеге коммуналдық қызметтер өтелді. Сондай-ақ, облыс әкімінің 100 ЕТЖ мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем беру, бәсекеге қабілетті жалақыны белгілеу және ауылдық жерде кемінде бес жыл мерзімге жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлеріне лауазымдық жалақыға үстемеақы белгілеу арқылы кадр тапшылығын төмендетуге бағытталған “Аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесін бекіту туралы” қаулысы күшіне енді.
– Резидент дәрігерлерді оқыту қалай қаржыландырылады?
– Өзекті мәселе. Жыл сайын жергілікті бюджеттен резиденттерді даярлауға қаражат бөлінеді. Қазіргі уақытта 180 резидентті оқыту толығымен аймақтық бюджет есебінен қаржыландырылады. Медициналық ұйымдардағы тапшы мамандарға бәсекеге қабілетті жалақылар бекітілді. Шалғайдағы ауылдық жерлерде жұмысқа орналасқан орта буын дәрігерлеріне, медицина қызметкерлеріне лауазымдық жалақыға дербес үстемеақы белгіленді.
– Дәрігерлер резидентурада оқуға жұмсаған қаражатын өтеуі керек пе?
– Белгілі бір ережелер бар. Өңірдің мемлекеттік медициналық ұйымдарында студенттер резидентура аяқталғаннан кейін оларды облыстың медициналық мекемелерінде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттейтін үшжақты шартқа қол қояды. Бас тартқан жағдайда білім алушылар жұмсалған қаражатты бір ай ішінде өтеуге міндетті.
– Нұрлан Ерғалиұлы, облыс дәрігерлері Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде біліктілігін арттыра ма?
– Әрине. Мысалы, өткен жылы біліктілікті арттыру мақсатында Ресей Федерациясында акушерлік-гинекология және неонатология саласында 12 дәрігер, Беларусь Республикасында оңалту бойынша 12 дәрігер және Ұлыбританияда отбасылық медицина және жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін жетілдіру мәселелері бойынша 12 медицина маманы оқытылып, тәжірибе алмасты.
– Алматы облысында жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу жоспарда бар ма?
– Иә, облыста “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында 38 медициналық мекеме салынады. Бүгінгі таңда 38 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Балқаш, Ұйғыр, Жамбыл, Кеген, Іле және Қарасай аудандарында салынатын нысандардың тізбесі бекітілді. Бірінші жартыжылдықта 16 нысан пайдалануға беріледі. Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Жамбыл ауданы Ащысу ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Қаңтар айының соңына дейін 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 дәрігерлік амбулатория және 5 медициналық пункт пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 90-95% аяқталды. Сонымен қатар, Кеген ауданында 8 блокты-модульдік кешеннің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 2025 жылдың 1 тоқсанына дейін Ақсай, Кенсу, Жіңішке, Темірлік, Мойнақ, Көкпияз және Мыңжылқы ауылдарында БМК құрылысын аяқтау жоспарлануда. 6 медициналық мекемеде емханалар құрылысы жүргізілуде. Бұл Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында және Райымбек ауданының Нарынқол ауылында, Үштерек ауылында, Қарасай ауданының Абай ауылында, Райымбек ауданының Тегістік ауылында, Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылында. Ал, өткен жылы Еңбекшіқазақ, Балқаш және Райымбек аудандарындағы 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған болатын. Сондай-ақ 2024 жылы 4 денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу жүргізілді.
– Нұрлан Ерғалиұлы, әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз
Өз тілшіміз