Алматы облысының Өңірлік коммуникация қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов ауданның 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында атқарылған жұмыс барысын баяндады.
– Былтыр аудан халқымен өткен 30 кездесуде көтерілген 131 мәселенің 45-і шешімін тауып, 48-і бақылауға алынды, 38-і орындалу үстінде. Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылдың 11 айында ішкі жалпы өнім көлемі 40 млрд 862,8 млн теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімі 2 млрд 965,9 млн теңгеге өндірілді. Сонымен қатар, Бақанас ауылында «БиоКарбон» ЖШС-ның жылына 550 тонна сутекті кремнилі компазит өндіретін зауыты іске қосылды. 5 млрд 564,4 млн теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. 6696,9 га күріш, 6144,8 га арпа-бидай, 15 464,2 га мал азықтық дақылдар, 518,7 га бақша өнімдері мен көкөніс егілді. Гектарына 43 тоннадан күріш алынды. Күзгі дала жұмыстарына 358,0 тонна арзандатылған дизель отыны алынып, пайдаланылды. Қыстату науқанын сапалы жүргізу мақсатында аудан бойынша 160,9 мың тонна жем-шөп дайындалды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылы 133 тұрғын 964,4 теңгеге несие алса, былтыр 1 082,0 млн теңгеге 144 азаматтың құжаты «Қонаев» ауылдық тұтыну кооперативіне жолданды. Бүгінге дейін 14 жоба 95,0 млн теңгеге несиеленді. 7 жоба «Кең Дала», 9 жоба «Агробизнес» бағдарламасы бойынша әзірленіп, несие берілді. Ауданда 226 заңды тұлға, 1149 жеке кәсіпкер, 1299 шаруа қожалығы жұмыс істейді. «Бір ауыл – бір кәсіп» жобасымен 37 жаңа кіші кәсіпкерлік субъектілері іске қосылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Бақанас ауылындағы 5 қабатты 40 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй мен жастарға қызмет көрсету орталығының құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үйлер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 85,7 млн теңге және облигациялық қарыздар есебінен «Самұрық Қазына» АҚ-нан 689,1 млн теңге бөлініп, құрылыс компанияларынан 35 пәтер сатып алынды. Аудан бойынша 20 елдімекенде орталықтандырылған ауызсу құбыры тартылған. Ауызсу жүйесінің 20 пайыздан астамының тозығы жеткен, – деген Азат Үкітайұлы жылыту маусымына әзірлік, газдандыру, жол жөндеу жұмыстары жайына тоқталды.
Әрі қарай сөзін жалғаған аграрлы ауданның басшысы былтыр 5 дәрігер жұмысқа қабылданғанын, Ақдала ауылының ФАП ғимараты ел игілігіне берілгенін, Миялы ауылында күніне 15 адамды қабылдауға арналған ФАП құрылысы биыл аяқталатынын, Көкжиде ауылында ФАП құрылысының және Бура ауылында МП және Қарой ауылының дәрігерлік амбулаториясының құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, мәдениет, спорт, құқық қорғау салаларында атқарылып жатқан істер жайлы тілге тиек етті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ